Басты ақпаратЕл тынысы

Елорда экологиясы жақсарады



Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы бес жыл ішінде Астананы жасыл қалаға айналдыруды, көпжылдық өсімдіктерді көбірек отырғызуды тапсырған болатын. Осы ретте елордада қаланы жаппай көгалдандыруға бағытталған «Жасыл Астана» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Күн сайын қаланың көшелері мен саябақтарында, көпшіліктің демалысына арналған қоғамдық кеңістіктерде ағаш отырғызу жүргізіліп жатыр. Жалпы, биыл Астанада бір миллион жасыл желек отырғызу жоспарланған.

Мәңгілік ел даңғылында көшет көбейді

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында Астанадағы Мәңгілік ел даңғылы бойында мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және танымал әртістер ағаш отырғызды.

Акция аясында әрі ­Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға Астана қаласының әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі атсалысты.

«Мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекесіне орай Мәңгілік ел даңғылы бойы­на 50 көшет отырғызылды. Бұған дейін де экоакция аясында қаламыздағы мәдени мекемелер маңында, ескерткіштер аумағында, басқа да аудандарда тазалық акциялары ұйымдас­тырылған болатын. Осындай іс-шаралар жиі өткізіліп тұруы керек деп есептеймін. Өйткені мұндай акциялар арқылы жас буынға үлгі-өнеге көрсетеміз. Сондай-ақ тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтереміз, қоршаған ортаға деген оң көзқарасын қалыптастырамыз» деді Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшының орынбасары Нұран Хамзин.

Экоакцияға танымал кино және театр әртістері мен мен әншілер қатысты.

«Бүгін – ерекше мереке. Кәсіби мереке күні ағаш егу, қаланың тазалығын сақтауға атсалысу мәдениеттің үлгісі деп санаймын. Мінеки, бүгін экоакция­ға қатысып, еліміздің және елордамыздың көркіне көрік қосып жатырмыз. Айналамызда ағаштардың жайқалып өсуі – экологиямызға қосқан үлкен үлес болмақ» деді Астаналық цирк директоры Ерік Жолжақсынов.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» іс-шарасы әлі де жалғасын табуда.

Дипломанттар экоакцияны қолдады

Астанада әлемнің түрлі елдерінен келген дипломаттар қаланы көгалдандыруға өз үлесін қосып, Президент саябағына ағаш отырғызды.

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы аясында елордада Малайзия, Израиль, Португалия, Швеция, Бразилия дипломаттарының қатысуымен ағаш отырғызылды. Экоакцияны Алматы ауданы әкімдігінің өкілдері мен «Жер амбассадорлары» жобасының қатысушылары қолдады.

«Біздің бүгінгі ағаш отыр­ғызуымыз еліміздің «жасыл» экономикаға көшуі аясында ормандарды қалпына келтіру, сондай-ақ ормандарды кесудің алдын алу жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне сәйкес келеді. Біздің қызметіміз Алматы ауданы әкімдігінің және «Жер амбассадорлары» жобасының қолдауынсыз мүмкін болмас еді. Сіздердің іс-шараға қосқан үлестеріңізге үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді» деді Таиланд Корольдігінің елшісі Чатчаван Сакорнсин.

Іс-шара барысында Президент саябағында жабайы алма ағаштарының 16 көшеті отыр­ғызылды.

«Таиланд елшілігінің өкілдері «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясын қолдауға ниет білдірді. Президент саябағының аумағында 16 ағаш отырғыздық. Экоакцияға түрлі елдердің елшілері мен белсенді жастар да қатысты»  деп атап өтті Алматы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмат Әбдірайымов.

«Жер амбассадорлары» жобасының қатысушысы Нұрхамит Жақыповтың айтуынша, отырғызылған ағаштар астаналықтардың сүйікті саябағын гүлдендіре түседі.

«Біз жеміс бермейтін, бірақ өте әдемі гүлдейтін 16 жабайы алма ағашын отырғыздық. Келесі жылы саябақ тек сиреньмен ғана емес, біз отырғызған гүлденген алма ағаштарымен де көркейе түседі деп үміттенеміз» деді Нұрхамит Жақыпов.

Рикардо Кака көшет отырғызды

«Таза Қазақстан: Астана та­залық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында футзалдан ұлттық құраманың бас бапкері Рикардо Кака мен меценат Талғат Қожахметов Қазақстан футбол федерациясы аумағында көшет отырғызу акциясына қатысты.

2018 жылы ұлттық құраманың бас бапкері ретінде тағайындалған Рикардо Кака 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстанды алғаш рет жартылай финалға жеткізген болатын.

Ал «Сайран» ЖШС құрылыс компаниясының бас директоры Талғат Қожахметов те шағын футболды таныту мақсатында бірнеше алаңдарды салып берген.

«Қазақстан футбол федерациясының жанында шағын футболымызды әлемге танытқан Какамен бірге көшет отырғызу да үлкен мәртебе. Кейінгі жас ұрпақ осы ағашты танымал бапкер отырғызды деп еске алып жүреді»  деді меценат Талғат Қожахметов.

Қалалық зират аймағы тазартылды

Астана қаласы Дін істері жө­ніндегі басқармасының ұйым­дастыруымен «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы аясында қалалық зират аймағында сенбілік өтті.

Тазалық жұмысына Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқали, Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов, Діндерді зерттеу орталығының директоры Алмас Ерназаров пен орталық қызметкерлері және мешіт жамағаты қатысты.

«Экоакция аясында Дін істері жөніндегі басқарма, Діни бірлестіктер мен Діндерді зерттеу орталығының қызметкерлері бірге акцияға атсалысты. Қалалық зират айналасын қоқыстан, әсіресе құрылыс қалдықтарынан тазаладық. Жалпы іс-шараға 70-тен астам жамағат қатысты» деді Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқали.

«Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында көп игі іс жасалып жатыр. Бүгін мешіт имамдары мен шәкірттері орталық зиратқа келіп, сауапты іс жасауда. Жалпы имани тәрбиеге мән беретін болсақ, тазалық иманнан деп айтамыз. Кешегі бабаларымыз үйінің жан-жағын тазалап, әрқашан көктем-жазға дайындық жүргізген. Сондықтан ең бастысы тазалықты ұстану керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деді Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button