Қала мен Сала

Дәстүрді дәріптеген байқау



Елордада халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Күміс ханымдар» байқауы өтті.

Қарттардың қоғамдық іс-шараларға қатысу белсенділігін арттырып, отбасылық қазақы дәстүр жалғастығы мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында өткен ауданаралық байқауды Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ұйымдастырып өткізді.

Байқауға қаладағы әр аудан­нан екі үміткер қатысты. Олардың арасындағы ең егдесі 78 жаста болса, ең жасы – 58 жаста. Олар бірнеше кезең бойынша (өзін таныстыру, өнер көрсету, дәмді ас дайындау) сынға түсті. Байқау соңында үздіктер анықталып, бас жүлде Алматы ауданының әжелеріне бұйырды. Бірінші орынға – Байқоңыр ауданы, екінші орынға – Нұра ауданы, үшінші орынға Сарыарқа ауданы ие болды. «Көрермен көзайымы» номинациясымен Есіл ауданының әжелері марапатталды. Оларға демеушілер көмегімен арнайы сыйлықтар берілді.

Іс-шараның ұрпақтарға халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеу тұрғысынан мән-маңызы айырықша екенін атап айтқан жөн. Себебі байқауға қатысқан әжелер бір жағынан, халқымыздың ұлттық киім-кешек, қолөнер бұйымдар мәдениетімізді дәріптесе, екінші жақтан, «әйелдің бір өнері – ас пісіру» дегендей, қазақтың тағам мәдениетін де көрсетіп, қазір ұмыт болып бара жатқан «Үлпершек», «Қарынбүрме», «Майсөк» сияқты тағамдарды әзірлеп әкеліп, оларды дайындау әдістерін түсіндірді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл тек өнер байқауы ғана емес, ұлттық дәстүрді дәріптеген маңызды іс-шара болады.

– Құрылғанына екі жыл уақыт болған орталығымыз қаладағы қарттарымыздың тәніне қуат, жанына шуақ сыйлады деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені бұл орталық зейнетке шыққаннан кейінгі өмірді де мәнді, мағыналы өткізуге жаңаша мүмкіндік сыйлады. Бүгінгі байқау – соның жанды айғағы. Ұлттық дәстүріміздің, ұлттық құндылықтарымыздың байқау­дың басты арқауы болғаны да «қарты бар үйдің салты бар» деген сөздің дәйекті дәлелі болды, – деді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Мұхтар Еркетаев.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button