Басты ақпарат

Дайын сөмке-қаламым, Мен мектепке барамын!



SUL_5654

Материалдық көмекке мұқтаж балаларды қуантқыңыз келе ме? Жақында қаладағы «Жаннұр», «Евразия», «Магнум», «Green» сауда орындары мен орталық базар маңына портфель іспетті контейнер орнатылды. Оған киім-кешек, канцеляриялық тауар не оқуға қажетті басқа да бұйымдарды салып кете аласыз. «Мейірімді алақан» деп аталатын осынау акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Акция мәреге жеткен соң, жиналған заттардың барлығы тұрмысы төмен отбасылардың балаларына беріледі.

Игілікті бастамалар мұнымен бітпек емес. Кеше Сарыарқа аудандық әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Балаларды мектепке дайындаймыз» атты қайырымдылық шарасы өтті.

«Арсенал» ойын-сауық орталығының кинозалында ине шаншар жер жоқ. Біз барғанда залдағы бүлдіршіндердің бәрі сахнада тұрған мульт-кейіпкерлердің қимылын қайталап жатыр екен. Жүздері бал-бұл жанады. Өйтпегенде ше?! Демеуші аға-әпкелері оларға су жаңа сөмке мен қағаз-қарындаштарды сыйға тартпақшы. Мәслихат депутаты Тимур Оразақовтың  «Былай келісейік. Мына сөмкелердің іші кілең «бестік» бағаға толсын. Осыған уәде бересіңдер ме?» деген сөзін балақайлар бірауыздан қолдап, бас изеді.

Тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан мың жарым балаға оқу құралдары үлестірілді. Бұл сауапты іске «KEGOC» АҚ, «Театральное, 21»  ЖШС, «Әсем» базары, «Мерей» сауда кешені және «Арсенал» ойын-сауық орталығы демеушілік көрсетіпті.

«Қыркүйектен бастап №58 мектептің оқушысы атанамын. Енді менің оқу құралдарым түп-түгел. Сабақты үздік оқуға бар күшімді саламын» дейді Аяжан ағынан жарылып. Тек Аяжанның ғана емес, шараға келген барша баланың көңілі көкке жеткеніне біз кәміл сендік.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button