Мәдениет

Дала дауылпазы



3 сәуірде халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толды. Сол күні елордада Торғай даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс көсемі мерейтойына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық музейде «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында ғылыми конференция өтіп, «Халық батыры» атты көрме ашылды. Ал Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония «Дала дауылпазы» концертін ұсынды.

Конференцияға батырдың немересі, техника ғылымдарының кандидаты Батырлан Амангелдиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, шығармашылық иелері қатысып, ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшыларына, соның ішінде Амангелді Имановтың тарихи тұлғасына қатысты пайымдарын ортаға салды. Ал көрмеге тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, оның туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары және Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, бейнелеу өнерінің шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұрмұхамедовтің кескіндеме туындылары, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің мүсіндік туындылары қойылды. Батырдың шөпшегі, суретші Зарина Ниязованың баһадүр бабасына арнаған суреттер сериясы да көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені 3 мамырға дейін тамашалауға болады.

Халық батырының ерлігіне бірнеше музыкалық шығарма арналды. ХХ ғасырдың ортасында классик композиторлар Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловскийдің «Амангелді» операсы, қытай композиторы Си Синхайдың «Амангелді» симфониясы шықты. Ал Қазақ радиосының алтын қорында Әбілахат Еспаев, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Дмитрий Мацуцин, атақты күйші Сүгір сынды композиторлардың шығармалары сақталған. «Амангелді» операсындағы арияларды кезінде қазақ операсының негізін қалаушылар Манарбек Ержанов, Мүсілім мен Ришад Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Суат Әбусейітов, Рашит Мұсабаев, Кәукен Кенжетаев, т.б. орындады.

«Дала дауылпазы» концертінде Амангелді Имановқа арналған музыкалық мұра жаңғыртылды, жаңа туындылар да шырқалды. Филармонияның симфония­лық оркестрі мен «Қорқыт»
этно-фольклорлық ансамблі, үрлемелі оркестр, «Наз» мемлекеттік би театры өнер көрсетті. Күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар ­Мұздаханова Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» күйін төкті. Жеке орындаушылар – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, халықаралық байқаулардың лау­реаттары Талғат Аллабиринов, Алтынбек Арыстанбек, Нұрсәт Алмас, Жандос Иманбай, Айдос Оңғарбай, Нұржан Мейірхан, Парасат Отан, Мұратбек Хайролда ән әуелетті. Көрермендер тыңдаған жаңа туындылар қатарында белгілі композитор Серікжан Әбдінұровтың халық батырына арналған симфония­ны, Марат Бердіғұлов, Ертай Бәкіров, Шолпан Қорғанбек сынды қазіргі композиторлардың шығармаларын атап өту керек.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button