Мәдениет

ДАЛА РУХЫНЫҢ ДИДАРЫ



«Астана» концерт залында Құрманғазы атындағы халық­аралық байқаудың лауреаты, күйші Айбек Бекбосынның «Дала рухы» атты шығармашылық кеші өтті. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен ұйымдастырылған кеш құдіретті күймен, өрелі өлеңмен, әсем әнмен қатар өріліп, мың бұралған бимен көркемделді.

Өлең мен күйді қабыстырып, әңгіме қозғағанда күй өнерін де бір кісідей түсініп, қос ішекті күмбірлете білген Жұмекен Нәжімеденов, Жүсіп Қыдыров, Қажытай Ілиясов, Жұматай Жақыпбаев сынды ақындарды еске түсіретініміз бар. Тіпті, Жұмекеңнің осыдан тура елу жыл бұрын «Күй кітабы» атты жинағы жарық көрген. Бұл кітапқа ақынның Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, өзге де аттары аңызға айналған күйшілердің шығармаларының әсерінен туған жырлар енді. Ал өз жанынан күй шығарған Жұматайдың артында «Жұматайдың жұпбасары», «Ләйлә келген», «Зайда көрген» атты үш-төрт күйі қалғанын білеміз.
Бұл кеште Аманжол Әлтаев, Серік­зат Дүйсенғазин, Дәулеткерей Кәп­ұлы, Қалқаман Сарин, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан сынды ақындар күй шертпесе де, күй өнерінде жасырынып жатқан дала рухын жырлады.
Айбек Бекбосынның өзі Абай елінде туып, Қарауылдың топырағына аунап өсті. Қазіргі таңда Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет істеп жүрген ол қасиетті жерден шыққанын танытып жүр. Мәселен, кеште оның орындауында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шымылдық үзер» атты күйін тыңдадық. Белгілі абайтанушы Асан Омаровтың жазуынша, бұл күйді Абайдың батасын алған Ыбырай Елеусізұлы ақсақал баласы Жанғалиға, ол өз кезегінде ақын, композитор ұлы Мерғали Ыбыраевқа үйреткен.
Биылғы желтоқсан айында Алаш үкіметі мен автономиясының құрыл­ғанына 100 жыл толады. Мұның бастауы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен екінші жалпықазақ құрылтайына барып тіреледі. Сол жиында Алаш астанасы ретінде Семей қаласы таңдалады. Қазір Семейді Алаш атауына ауыстыру туралы ұсыныстар да айтылуда. Ал Айбек Алаштың ғасырлық мерейтойына «Алаш» атты күйін арнады. Осы туындыны ол кеш көрермендеріне тарту етті.
Жалпы Айбек Бекбосын ұлттың рухын көтеретін ұран күйлерге бейім екен. Мысалы, өзінің аттасы, белгілі балуан Айбек Нұғымаровты «Ай Барыс» күйімен көтере түсті. Бұған қоса «Елбасы толғауы» сияқты бірнеше күй жазды. Ал Семей жеріндегі елдімекен атауын алған «Саржал» туындысы полигон қасіретіне арналған.
Айбек күйші кеште өз шығарма­ларымен ғана шектелмей, Құрман­ғазының «Сарыарқа», Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Әбікен Хасеновтің «Қоңыр», Байжұманың «Байжұма», Секен Тұрысбектің «Ақ жауын», Айтқали Жайымовтың «Шаттанамын», «Қыз Жібек» көркем фильмінде қолданылған Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек», Талғат Теменовтің «Біздің қаланың ханзадасы» кинофильмінде пайдаланылған Төлеген Мұхамеджановтың «Жалғыз­дық» күйлерін бебеулетті.
Әсіресе, күйші «Қоңыр» күйіне ерекше талғаммен келген. «Әбікеннің «Қоңыр» күйін жеті жарым жыл зерттедім. Қазіргі күйшілер бұл күйді тартқанда сол қолдағы бас бармақты қоспайды. Ал Әбікенде ол бар. Аса көрнекті күйшінің таспаларын тыңдағанда, соған көз жеткіздім. Біздің қосқан жаңалығымыз сол. «Қоңыр» – кез келген домбыраға келе бермейтін күй. Және «Қоңыр» шертілетін домбырамен барлық күйді тарта алмайсыздар. Бұл күйді шерту үшін Семейдегі шебер Төлеуғазы ағамызға арнайы домбыра жасаттым. Оның шанағында ойығы жоқ. Домбыраның ерекшелігі осы» дейді Айбек Бекбосын. Мұндай әңгімені күйші Қайрат Айтбаевтан да естіген едік. Қайраттың қолында бір көне домбыра бар. «Қоңырды» ол осы домбырамен шертіп, ештеңеге айырбастауға келмейтін құнды аспапқа балайды.
Кеш иесін қолдауға Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева бастаған бірнеше белгілі әнші келіп, ән шырқады. Роза Қуанышқызын Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі сүйемелдеді. Осы ұжымның өнері әйгілі әншінің көңілінен шыққан болуы керек, ол оркестрдің көркемдік жетекшісі-бас дирижері Айтқали Жайымовқа бірге концерт өткізу туралы ұсыныс айтты.
Бұған қоса, Бақыт Шағатаева, Досымжан Таңатаров, Бауыржан Исаев ән арқылы кеш иесіне ізгі тілектерін жеткізді. Медет Салықов, Клара Төленбаева, Аллажар Қайбар, Әсел Мәдекешова Айбектің әзірге ән жанрындағы жалғыз туындысы «Анашым» әнін тамылжытты.
«Тап-тамаша ән еді, пұшық келіп бүлдірді» демекші, осынау әсерлі кеште Ерболат Құдайбергеновтің РЭП стилінде өз атын шақырғандай:
Назар аудар ей,
Мында таза қазақи.
Бері жақында,
Бұл да таза қазақи.
Десем Ерболат –
Атым таза қазақи – деп желігіп, шатпақ­тағанын көпшілік қабылдай алмағанын айту керек.
Сахнаның ортасында орнатылған экраннан Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, композитор Төлеген Мұхамеджанов, ҚР Парламенті Мәжілі­сінің депутаты Бекболат Тілеухан Айбек Бекбосынның шығармашылығы туралы пікірлерін айтып, оның бола­шағына сенім білдірді. Ендеше, өнерің өрге жүзе берсін, Айбек!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button