Мәдениет

«ДАРИҒА, ДОМБЫРАМДЫ БЕРШІ МАҒАН»



Аса көрнекті ақын Қадыр Мыр­за-Әлінің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең жолдарын қазір мәтел ретінде қабылдаймыз. Шынында да, қазақ десек, домбыра, домбыра десек, қазақ көз алдымызға келеді.

«Астана» концерт залында ұлтпен қатар осынау ұлттық аспабымызды ұлықтаған концерт өтті. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі (бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, дирижері – Нұрлан Бекенов) осы ұжымның халық әні бөлімінің әншілері күй күмбірлетіп, әсем әнге салды. «Шалқыма» халық биі ансамблі мың бұралған биді ұсынды.

Кеште қазақ халқының бай музыкалық мұрасы бір арнаға тоғысты. Күй атасы – Құрманғазы мен Түркештің, еліміздің батыс өңірінде арғы-бергі замандарда өткен күйшілердің төкпе күйлері шалқып, күй тәңірісі – Тәттімбет бастаған Арқа күйшілік мектебі өкілдерінің шығармалары шертілді. Атап айт­сақ, «Сарыарқа» «Серпер», «Адай», «Көңіл­ашар», «Сарыжайлау» т.б. күйлер залға жиналған халықтың жан сарайын ашты.

Концертте Кенен Әзірбаев сынды Жетісу әншілік мектебі ірі өкілдерінің әндері, қазақтың күй мен ән өнеріне өлшеусіз үлес қосып, ұлттық музыканы биік деңгейге көтерген Нұрғиса Тілендиевтің «Дариға, домбырамды берші маған» сияқты туындылары, Кеңес Дүйсекеевтің «Домбыра туралы баллада» атты тамаша шығармасы шырқалды. Бұл әндерді Секен Сыздық, Жазгүл Даңылбаева, Перизат Тұрарова, Данияр Мұқан, Жақсыгелді Маясаров, халық әні бөлімінің өзге де әншілері орындады.

Домбыраның шығу тегін әркім өзінше тарқатады. Бұл туралы бірнеше аңыз бар. Кеште күй тартылып, әндер шырқалуымен қатар осы аңыздар айтылды. Жалпы, халқымыз қуанышы мен мұңын ертеден осы қатарлы аспаптармен жеткізген. Аталмыш концерт көне замандарда пайда болған аспаптың халқымызбен мәңгі жасай беретініне көз жеткізді.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button