Ел тынысы

Дарынды жастар Сoventry university Кazakhstan оқу орнында тегін оқи алады

Британдық университет жоғары академиялық нәтижелерімен қоса спорт пен өнерде жетістіктерге жеткен студенттерге конкурстық негізде тегін білім алу шәкіртақысын ұсынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Қазіргі таңда бизнес және компьютерлік ғылымдар саласы бойынша оқу бағдарламаларына құжаттар қабылдануда. Мұнымен қоса, 25 маусымнан бастап педагогика бағдарламасына өтінім қабылданады. Өтінімдерді университеттің www.coventry.edu.kz сайтында онлайн түрде беруге болады.

  Университеттің ашылуына орай жарнама және цифрлық маркетинг, бизнес және адам ресурстарын басқару, компьютерлік ғылымдар, ақпараттық технологияларды басқару секілді 8 бакалавриат және MBA Global Business бағдарламалары бойынша оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ академиялық ағылшын тілі курсы және ағылшын тілінде Қазақстан философиясы мен тарихы, қазақ тілі сияқты пәндер енгізіледі.

  Қазақстанның болашақ педагогтеріне білім саласындағы халықаралық дипломнан кейінгі сертификаттау бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту мүмкіндігі ұсынылады.

  Ұшақ билеті мен күнделікті өмірге қажетті шығындарды ескерсек, шетелде білім алумен салыстырғанда Қазақстанда оқу әлдеқайда тиімді. Оқу орны түлектеріне Coventry университеті дипломы беріледі. Сондай-ақ олар Coventry университетінің жетекші компаниялармен және ұйымдармен орнатқан серіктестігі нәтижесінде бірегей жобалар мен тағылымдамадан өте алады.

  Қазақстандық кампустағы оқытушылардың негізгі құрамы халықаралық мамандардан құралады. Университеттегі оқу жылы 2024 жылдың 16 қыркүйегінде басталады. 2026 жылы университет кампусында академиялық, спорт және әкімшілік ғимараттармен қоса жеке жатақхана іске қосылады. Ал осы мерзімге дейін студенттер алғашқы екі курс бойынша Астананың сол жағалауында орналасқан қалалық кампуста білім алады.

  Қазақстандағы Coventry университеті – дүние жүзіндегі университеттердің жаһандық желісінің бір бөлігі. Бүгінде оның кампустары Египет, Қытай, Марокко, Үндістан секілді бірқатар елдерде жұмыс істейді. Оқу орнында әлемнің түрлі елінен 21 мыңнан астам студент оқиды. Университет жыл сайын өз түлектерін жұмысқа орналастыру жағынан жоғары көрсеткішке ие.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button