Басты ақпарат

«Денсаулық жолы» жалғасуда



bigstock-Medicine-Doctor-Hand-Working-W-44541469

Бас қаладан шеткерірек  орналасқан елді мекендердің тұрғындарына арналған дәстүрлі «Денсаулық жолы» акциясы кеше елордадағы «Ниет» отбасылық денсаулық орталығында жалғасын тапты. 

Аталмыш шара бұған дейін Астанадағы басқа да емдеу мекемелерінде ұйымдастырылған болатын. Бұл жолғы акцияға қаламыздағы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының, туберкулезге қарсы диспансер мен №6 емхананың мамандары қатысып, тұрғындарға тегін консультациялар берумен бірге әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу бойынша ақпарат таратты, нақты науқастарға медициналық көмек көрсетіп, олардың кейбірін диспансерлік бақылауға алды.
«Ниет» отбасылық денсаулық орталығының дәрігері Көкенай Ташимова шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – қоғамның, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың назарын тұрғындар денсаулығын қорғап, нығайту мәселелеріне аудару, сонымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыру екенін жеткізді.

– «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі туберкулез бен АИТВ-ны бақылау болып табылады. Осыған орай, акция аясында «Промышленный» кентінің тұрғындары Шалкөде көшесінің бойында орналасқан №2 үйдің маңына қойылған жылжымалы медицина кешені арқылы флюорографиялық, сондай-ақ, скринингтік тексерулерден тегін өтуге мүмкіндік алды,- деді К.Қайыргелдіқызы.
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың мәліметтері бойынша АИТВ инфек­циясының оқиғалары еліміздің барлық облыстарында тіркелген. Оның алдын алу, туберкулезбен ауыратындар санын азайтып, ауруды жұқтырмаудың жолдары тұрғындарға үнемі түсіндіріліп келеді. Осы мақсатта өткізіліп жатқан шараға келушілер қатары да көп болды. Мамандар сол күні тек түске дейін ғана 50 шақты адамды қабылдап, 100-ге жуық тұрғынды флюорографиялық тексерістен өткізді. Аталмыш акция шілденің 31-іне дейін жалғасады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button