Басты ақпарат

ДЕПУТАТТАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?



Астана қалалық мәслихатының депутаттары қала тіршілігіне, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген мәселелерді көтеріп жатады. Мәслихаттың 19 және 20-сессияларында сондай бірқатар түйткілдер айтылды. Ескеретін жағдай, бұл мәселелердің бәріне жа­уапты басқар­малардан тиісті жауаптар берілген.

Мәслихат депутаты Мирас Шекенов бюджет қаржысы бөлінгенде, қаланың шеткі аймақтары қаға беріс қала беретініне назар аударды. Оның пікірінше, бұл ай­мақ­тарда жолдардың құ­ры­лысы мен жөнделуіне, аял­дамалардың орнатылуына, мектептер мен өзге әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарға жеткілікті мөлшерде қаржы бөлінбейді. Сондай елді мекендердің қатарына «Өндіріс», «Кирпичный», «Пригородный», «Тельман», «Көктал» тұрғын алаптары жатады. Сондай-ақ, аталған елді мекендерде денсаулық сақтау және білім беру нысандарының тапшылығын тұрғындар да, депутаттар да жылдар бойы айтып жатқан көрінеді.
Бұған қоса, депутат BUS LANE жолағының енгізілуіне байланысты қоғамдық көлік жүрмейтін уақыттарда бұл жолақтарға жеке көлік иелеріне көліктерін қаңтаруға рұқсат беруді, жол ережелерін бұзатындармен күрес­ті күшейтуді ұсынды. Мирас Шекеновке «1000 сауда орны» тұжырымдамасы да түсініксіз. Оның сөзінше, бұл мәселені қайта қарап, сауда павильондарының тең жартысын қысқарту қажет.
Оның бұл пікірін әріптестері Алмаз Ким мен Рамзия Умербаева қоштайды. Кейінгісі
сау­да орындарының «Нұр­жол» сулы-нулы желекжолында саңырауқұлақтай қаптағанына, олардың сол маңайда халықтың серуендеуіне қолайсыздық тудыратынына назар аударады.
Бұдан бөлек, Рамзия Умербаева былтыр мектептердегі медициналық кабинеттер білім беру саласынан алынып, денсаулық сақтауға берілгенін сөз ете келіп, ол уақытта дәрігерлер мектепте сағат 8.00-ден-19.30-ға дейін жұмыс істегенін, оларға толық ставка көлемінде жалақы төленгенін, енді қазір жалақылары жұмыс уақытына сәйкес келмейтінін жеткізді.
Мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина медицина қызметкерлерін дайындау сапасына, әсіресе, орта медициналық қызметкерді дайындау мәселесін көтерді. Оның сөзінше, медициналық ұйым осындай қызметкерді жұмысқа қабылдағанда қайта даярлауға мәжбүр. Тағы бір мәселе, даярланған кадрлар жалақысы жоғары және жүктемесі аздау республикалық емханаларға көптеп кетіп жатыр. Сол себептен қала емханаларында кадр тапшылығы мәселесі бар.
Оның айтуынша, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы елордамен шекаралас жатқан Ақмола облысының тиісті басқармасымен өзара байланыс орнатуы керек. Оның себебі, Астананың аурухана, емханаларына осы облысқа жататын аймақтардан емделушілер көп келеді. Мәселен, былтыр Астананың №5 емханасының өзіне өзге аймақтардан 10 мыңнан астам емделуші келген, олардың 7 мыңнан астамына тиісті медициналық қызмет көрсетілген. Келген емделушілердің көбісінің аурулары асқынған. Оларды емдемеске болмайды. Бұл өз кезегінде қаланың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржыға салмақ түсіріп, дәрі-дәрмек тапшылығына әкелуде. Депутаттың ойынша, сондықтан халықтың амбулаторлық еміне бюджеттен бөлінетін қаржыны қайта қарау керек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button