Қоғам

ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНІҢ ДЕРТІ



«Бүгінгі күннің баянаты, өмір сүріп отырған қоғамның деректі көрінісі деп бірауыз сөзбен анықтап айтуға болатын күрделі кино жанрының әлеуетін Кеңес одағы кезінде жақсы бағалай білді» дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер-документалист Қалила Омаров.«Қазақтелефильм» студиясынан режиссер қызметін бастаған Қалила Омаров – қазіргі күні «KALILAFILM.KZ» директоры. Оның Ленинград мәдени-ағарту училищесінің кино-фото факультетінде оқып жүріп, күйші-сазгер Құрманғазы туралы түсірген «Кісен ашқан» қысқаметражды фильмі «Ақ түндер-82» кинофестивалінде бас бәйгені жеңіп алған еді. Содан бері қазақтың жайсаңдары мен жақсылары туралы түсірген деректі фильмдері көпшілікке жақсы таныс. Белгілі режиссердің деректі фильм жайлы ойларын қаз-қалпында қағазға түсірген едік.

qalila-chb

Ұрпақты тәрбиелейтін құрал
«Қазақтелефильм» студиясы сан-салалы құбылыстар туралы фильмдер шығарып, қоғамдағы бас­ты идеологиялық міндетін атқарды. Бұл жаңа саланың дамуына жол ашылып, кәсіби мамандар даярланды. Бірақ олардың ұлттық мүддеге келгенде аяғы тұсаулы, қолы байлаулы болғанын айту керек. Ол кездегі режиссерлердің суреткерлігі де, таланты мен білімі де басқа бағытқа жұм­салып жатты. Соншама еңбек­пен түсірілген сол кезеңнің коммунистері мен комсомолдары, партком хатшылары туралы деректі фильм­дер бүгінде көзден де, естен де кетті. Осы нөпірдің арасында қазақы мүддемізге сай ұлттық нақышпен өрілген, руханиятымызға қызмет еткен тұлғалар туралы фильмдеріміз әлі талай ұрпақты эстетикалық жағынан тәрбиелейтін құрал болып келеді.

Осы аралықта әлемдік кино­документалистиканың қыр-сырын меңгерген, жаңа технологияларды жақсы білетін жас буын алға шық­ты. Өкініштісі, ұлттық өзе­гі әлсіз, қазақы қанына жаһан­дану жыны араласқан бұл буынның аяқалысынан мен де қауіптенемін. Кезінде партияның талабы бойынша қырда қой бағып жүрген қойшыны ақ көйлек, қара кос­тюм, қыры сынбаған шалбар кигізіп, мойнына гүлді галстук байлап қойып сөйлететінбіз. Қазіргі фильмдердің де кейіп­керлерінің бейнесі дәл осындай десе болады. Олардың шынайы өмірі, жанайқайы кадр сыртында қалып жатыр. Содан да деректі фильмнің аты бәйге алмай тұр.

Түсірілмеген тақырып көп
Бірде «Қазақфильм» студиясына жолым түсті. Болат Мүрсәлім, Қасым Аманжолов, Данияр Саламат сияқты талантты жастардың басы қосылып қалыпты. Байқасам, бүгінгі қазақтың деректі фильмі қандай болу керек деген тақырыпта қызу пікірталас болып жатыр екен. Мен әңгімеге араласпай, ертесіне «Таушен» атты фильмімді көшіріп алдым да, әрқайсысының қолына ұстаттым. Бір аптадан кейін сол жерде бас қосуға келістік. Келсем, барлығы орындарынан түрегеліп қарсы алып, қошемет көрсетіп жатыр. Данияр сөз бастап: «Біз армандап, талқылап, таласып жатқан киноны сіз осыдан 25 жыл бұрын жасап қойыпсыз ғой» дейді. Бұлар – әрқайсысының арқасында қомақты тәжірибесі бар, азаматтық ұстанымы қалыптасқан талантты жастар­дың бір шоғыры.

Бүгінде «түртпе» үшін фильм түсірмейтін, айтар ойы бар кәсіби режиссерлердің еңбектеріне сұраныс жоқ деп айтар едім. Бұрындары ұлттық тақырыпқа еркін жібермей, тұсаулы аттай тұқыртса, бүгінде әлеуметтің өзекті мәселелерінен айналып өтіп жүрміз. Оны айтқызбай, аузымызға қақпақ болып отырған күштер жоқ емес. Деректі фильмнің көші өзі көтеретін жүгін артпай, жайдақ кетіп бара жатқанының себебі де сол.

Қоғамда болып жатқан құбы­лыстарға өз дәрежесінде үн қоса алмай отырмыз. Өкініштісі, осыған дейін Жұма­бек Тәшеновтің образы ашылмай келеді. Егер фильм бар болса, қайраткерлік образы қаншалықты ашылды деп сұрағың келеді? Ал ортанқол дүниенің өкініші көп болады. «Түртпе» үшін түсірген фильмдерді кино деп есептемейтінім сондықтан. Батырымыз Тоқтар Әубәкіровтің бар болмысын ашатын кино көрген жоқпын. Халықтың қайсарлығын ұштайтын деректі фильмдер керек-ақ. Ол арқылы қазақ қоғамын тәрбиелеп, талғамын түзеп, өмірлік жолына бағыт-бағ­дарын берер едік.

Өткен ғасырлардың отызыншы жылдарындағы діни ағартушылардың репрессия­сы қазақ қоғамына орасан зор зиянын тигізді. Оның жан-жақты зерттеліп, орын-орынына қойылмауы себепті бүгінгі күндерде де салдары сезіледі. Түрлі діни ағымдардың қазақ қоғамын шайқап жатқанын да осы тарихымыздың толық ашылмауынан, алдымызда өткен асылдардың мұрасын тани алмай отырмыз. Солардың тағдыры арқылы көрсетіп, нақты дерек арқылы дәстүрлі исламды насихаттаудың жолы әлі жабық тұр десе болады.Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында қазақ жеріндегі көтерілістердің шындығын ашып беруге деректі киноның режиссерлері батыл бара алмай отыр.

Режиссерлердің батылдығы қоғамның көлеңкелі тұстарын көр­сету үшін де қажет. Тоқса­ныншы жылдары бүкіл кеңес­тік кеңістікте белең алған «қарақшылардың» әрекеті де қоғам назарынан тыс қалды. Қазақтың да жерінде пайда болған криминалды «батырларды» әспеттеуге болмас, бірақ оның да кемтігін ашып көрсетіп, оларды үлкен жолға шығарған қоғам дамуының өзгеше сапасын ашып, олардың кім екенін халық білуі тиіс еді. Өз тұлғалары арқылы қоғамды түсініп, көрермен өз байла­уын өзі айтады. Деректі фильм дегенің де өзі сол. Қоғамды суи­цид деген індет жайлап, оның әлемдегі ондығына кіргеніміз рас. Бұл жайт жан-жақты талданып, нақты бағасы беріліп, экранға шықты ма? Жоқ.Бүгінгі деректі фильмнің тағы бір міндеті – Қазақстанды қазақтың бар болмысымен әлемге таныту. Жарық көрген біраз туынды авторларының Қазақ еліне оның мәдениеті мен тарихына өз көзілдірігімен қарағаны көзге ұрып тұрады. Өз елі туралы фильмде қазақтың баласының қолтаңбасы болуы шарт дейтініміз сондықтан.

Бүгінгі деректі фильмнің тағы бір міндеті – Қазақстанды қазақтың бар болмысымен әлемге таныту. Жарық көрген біраз туынды авторларының Қазақ еліне оның мәдениеті мен тарихына өз көзілдірігімен қарағаны көзге ұрып тұрады. Өз елі туралы фильмде қазақтың баласының қолтаңбасы болуы шарт дейтініміз сондықтан

Барнауылға бара алмай отырмын
Мен осыған дейін елуден астам фильм түсіріппін. Қазақтың деректі фильмінде «Таушеннен» бастау алған қолтаңбам қалды. Менің бағыма «Нәубет» атты ашар­шылық жылдары жа­йын экранға шығару міндеті түсті. Одан кейін қоғамда үлкен резонанс болды. Ресейде көр­сетілмеген себебі түсінікті. Алайда батыстың киногерлері өздерінде көрсету үшін сұраныс басталғанда, фильм директоры фильмнің қайғылы әрі маңызды тұстарын қырқып тастап, кесірін тигізді. «Нәубеттің» үні осылайша жұтылып, өкініші өзегімде қалды.Мағжан туралы фильмді түсіріп, сол қоғамдағы айтылмай қалған шындықтың аузын тырнағанның бірі мен едім. Фильм жарық көргеннен кейін бір топ жазушы мені бүріп алмаққа сайланып келгенде, басшыларым олардың алдына жеткізбей, қорғап қалды. Кейіннен сұрасам, сол арқылы қоғамның қысымынан сақтап қалғаны екен.

Міржақып Дулатовтың мүр­десін елге алып келіп, жер қойнауына бергенін таспаға түсірдім. Мұстафа Өзтүрік өзі туралы фильмін Түркиядағы жұртына апарғанда, жұрт­тың жылап отырып тамаша­лағанын айтып еді. Болашақ фильмдерімнің кейіпкерлері арамызда жүр, осы сәттерді таспаға бейнелеп, қатарынан озып туған замандастарымыздың ойын жеткізе алсақ, бұл – біздің жеңісіміз.

Жалпы, деректі фильмнің режиссері не істейді? Мен фильм­ге өзек болатын мәселені ашу үшін айлап материал іздеп, жылдап жүріп түсіремін десем, артық айтпағаным. Тақырып түбегейлі зерттеледі, бұрындары өткен оқиға болса, оны қаз-қалпында ұйым­дастырып, кейіпкерлерді «тірілтуге» дейін барамын. Ал көзкөргендердің сөзінен бөлек, тарихшылардың пікірі фильмнің ақиқатын ашады.

Соңғы жылдары Кенесары туралы фильм түсіріп жатырмыз. Айтылып та, жазылып та жүрген тұлға жайлы түсіру оңай емес. Көп ізденіс арқылы келесі ұрпақтың да айтып жүретін шындығын ашып, бүгінгі көрермендерді де тәнті етуіміз керек. Материал аз емес, соның ішінде Ресейдің Барнауылында Кенесарының әскери стратегиясы туралы диссертация жазған ғалым табылды. Енді соған барып келуге қаржы таппай жүрмін. Айтып, айтпай не керек, кинодокументалистердің бү­гінгі халі осындай.

Қалила ОМАРОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button