Ел тынысы

Дін – саяси тұрақтылық факторы



Дін – кез келген қоғам өмірінің табиғи серігі. Себебі дін – этникалық топтарға жататын адамдарды әлеуметтендіруді ұйымдастыратын реттеуші факторлардың бірі.

Қоғам ішіндегі қарым-қатынастар өзара түсіністікке, бірегей көзқарастар мен құндылықтарды құрметтеуге, қарапайым тілмен айтқанда, төзімділікке негізделсе, онда бұл тұрақтылық пен прогреске жол ашады. Демек, демократиялық режимде өмір сүріп отырған зайырлы қоғамда азаматтардың діни наным-сенімдерін құрметтей отырып, барлығына сенім еркіндігін елдің саяси тұрақтылығына қайшылықсыз қамтамасыз ету – әр мемлекеттің саясатының басым бағыты.

Дін факторы мемлекеттің діни институттар, бірлестіктер және түрлі ұйымдардан заңнамалық бөлінуіне, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне қарамастан, динамикалық және бәсекеге қабілетті әлемдік тәртіптегі саяси тұрақтылықтың тұрақты құрамдас бөлігі болып табылады. Ықпалды саяси институттардың мемлекет пен шіркеудің өзара әрекеті әлемнің барлық саяси жүйелерінде орын алады.

Мемлекетішілік және халықаралық саяси қақтығыс­тарға көбінесе ашық немесе жасырын түрде діни факторлар әсер етеді. Дін, Құдайға деген сенім қазіргі әлемнің барлық мемлекеттерінің саяси мәдениетінде маңызды орын алады, ал саяси режимдердің трансформациясы мен дамуында діннің рөлі үнемі артып келеді. Әлемдегі елдердің басым көпшілігінде діни мерекелер мемлекеттік мерекелер болып табылады, діни ұйымдардың көрнекті өкілдері ұлттық элитаның табиғи бөлігін құрайды, саяси партиялардың қызметіне, бұқаралық қоғамдық санаға, кез келген белгілі саяси ғылымдағы сайлау науқандарының нәтижелеріне және саяси режимдерді мемлекеттік басқару тәжірибесіне (тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық және олардың көптеген ұлттық мазмұндағы нұсқаларына) айтарлықтай ықпал етеді.

Сондықтан әрбір мемлекетте саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде діни фактордың рөлі жоғары екені анық. Саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттің дін саласын реттеудегі қызметін зерттеу үшін, ең алдымен оның теориялық аспектісін талдаған жөн. Осы мақсатта мақалада саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде діни фактордың рөлін зерттеудің теориялық аспектісі жалпығылыми әдістер негізінде талданып, дәстүрлі діни институттардың пайда болуы мен оның қоғамдағы рөлі анықталды.

Тарихқа көз жүгіртсек, ұзақ уақыт бойы мемлекеттің қоғамдық-саяси үдерістегі негізгі бәсекелестерінің бірі дәстүрлі діни институттар, атап айтқанда, әртүрлі қоғамдық шешімдерді ілгерілетуде өте сәтті бәсекеге түскен шіркеулер болып саналды. Өз мүдделерін қорғай отырып, мемлекеттік мекемелерге өтініштер мен талап-арыздарының санын өсірді. Бұл дискурс зайырлы билік діни қызметкерлердің ықпалымен заң жобаларын қабылдаған жағдайларда айқын көрінді.

Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік-шіркеу қатынастары монологтан диалогқа, қақтығыстардан одақтастыққа және т.б. үнемі серпінді түрде өзгеріп отырды. Жаһандану кезеңінде олар жаңа ерекшеліктерге ие болды және кеңінен жарияланды, ал әлем күн сайын өзгеріп отыратындықтан, олардың арасындағы қатынастар да конъюнктуралық шындық шеңберінде қалыптасады.

Жаһандану жағдайында діни ұйымдар ақпараттық технологиялардың дамуын сынай отырып, белсенді түрде пайдалануды жалғас­тыруда. Қажет болған жағдайда дін басшылары медиа кеңістікте белсенді бола бастайды. Қалай болғанда да, қоғамдық өмірдің ақпараттандырылуында діни ұйымдар, мемлекеттер және жалпы қоғамдар үшін оң және теріс салдары бар.

Жаңа шынайылықта діни ұйымдар бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен даулы мәселелерді шешуде аралық тарап екенін әлемге көрсетуге тырысады. Осылайша, 2016 жылы Рим Папасы Франциск пен Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің мыңжылдық кездесуі өтті, онда ХХІ ғасырдың өзекті мәселелері қаралды: әскери қақтығыстар, отбасының дамуы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қалыптасуы және ­т.б. Мұндай деңгейдегі кездесулер зерттеушілерге діни ұйымдардың және діни фактордың халықаралық саяси процестерге ықпал ету дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Осындай акцияларға қатысу арқылы конфессиялар әлем алдында өздерін саяси құрылымдар емес, әділеттілік үшін құқықтар мен бостандықтарды қорғайтын бітімгершілік ұйымдары ретінде көрінеді.

Секуляризация процес­терінің күшеюіне қарамастан, діни институттар қалың бұқараның арасында беделге ие болуда және рухани-адамгершілік ұстанымдардың бірден-бір шынайы тірегі ретінде қабылданады. Сонымен бірге, кейбір шіркеулердің қызметі жеке саяси ландшафттың (ұлттық мемлекет) тар шеңберімен шектелмейді. Олардың көпшілігі, мысалы, Ресей-православиялық шіркеуі сияқты діни бірлестіктер, шіркеу мүдделерін көбірек ілгерілету үшін саяси таптардың көптеген өкілдерімен байланысатын трансұлттық институттарға айналды.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстан сияқты тәуелсіздік алған елдердің басшылары жаңа мемлекеттер құруда көптеген қиындықтарға тап болды. Саяси, әлеуметтік-­экономикалық мәселелерден бөлек, дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы туралы неғұрлым іргелі сұрақтардың шешімін табудың қажеттілігі туындады. Кеңестік атеизм шетке ысырылып, халқының мұсылмандық үлесі басым алты ел – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары мемлекеттің зайырлы сипатын сақтауды таңдады.

Зайырлылықтың қазақстандық моделі елдің Кеңестік кезеңге дейінгі мұрасына, атеистік кезеңнің аспектілеріне, кеңестік инс­титуцоналдық және идеологиялық күйреуден кейінгі мемлекеттік құрылыстың қиын процесіне сүйенеді. Дегенмен, еліміздегі дін саласындағы саясатты бұрынғы дәуірдің жәдігері немесе КСРО-ның ыдырауына реакция ретінде қарастыру қателік болар еді.

Біздің елімізде дін қоғамдық өмірдегі рухани келісімді нығайтудағы ықпалды факторлардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі Қазақстан жағдайында діннің саясатқа тікелей әсерін болдырмайтын белгілі бір алғышарттар жасалды. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда діни негізде партиялар құруға тыйым салынады, бұл поликонфессиялық елдегі саяси тұрақтылық үшін аса маңызды.

Қазақстандық заңнама мемлекеттің діни ұйымдардың қызметіне кедергі болып қоймай, сонымен қатар солардың қызметтеріне өз жәрдем беру міндетін қарас­тырады. Дәл осы мән-жайға заманауи Қазақстандағы діннің әлеуметтік мәдени институты ретінде даму формалары мен шарттарының дамуын көрсететін заң жасаулық қызметке байланысты болып келеді.

Бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтау үшін діннің интегративті функция­сын қолдану керек. Әрине, дін саяси өмірден оқшауланбайды, бірақ барлық трансформациялық процестердің құйынына тартылады, бірақ бүгінгі басты міндет – діни бірлестіктердің саясатқа араласуына, конфессияаралық қатынастарды этносаралық қатынастармен сәйкестендіруге жол бермеу.

Осы жағдайда діни фактордың ықтимал деструктивті көріністерін жоюға нормативтік-құқықтық базаға және аймақ пен мемлекеттің тарихи сындарлы тәжірибесіне негізделген мұқият ойластырылған және барабар мемлекеттік саясат қана қабілетті деп айтқымыз келеді.

Гүлбану ЖАПАЕВА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button