Мәдениет

Домбыра мен күйді насихаттайды



Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Хабар» агенттігі түсірген, домбыра мен күй өнерін насихаттайтын «Қазына» тележобасының тұсаукесері өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ халқы ғасырлар бойы тарих пен мәдениетті сақтап, күй арқылы жеткізгенін атап өтті.

«Күй – қазақтың мың жылдық тарихының көркем шежіресі. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев: «Домбыра үнінен ұлттық тарихтың бастауы мен Ұлы даланың сан ғасырлық шежіресі естіледі. Халқымыздың төл мәдениеті мен өнерін домбырасыз елестету мүмкін емес. Жүректен шыққан күй ұлттық рухты көтереді. Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген қара домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды» деп тегін айтпаса керек. Шынында да, күй өнері ел тарихымен бірге өмір сүреді. Киелі домбыра халқымызбен бірге жасап, ел басынан өткен ерлікке толы тарихымызды қос ішегінен күмбірлете төгіп, күңіренте өріп келеді. Халқымыздың осы асыл мұрасын қалың көпшілікке кеңінен насихаттап, жас ұрпақ пен жалпы жұрттың санасына сіңіру тарихқа тағзым, елдікке құрмет екені белгілі. Біздің міндетіміз – қасиетті өнерімізді насихаттау және болашақ ұрпаққа аманат ету» деді министр.

«Қазына» тележобасы домбыраны насихаттауға, есімі музыка тарихына алтын әріппен жазылған күйшілердің мұрасын қазақстандықтардың санасында жаңғыртуға бағытталған. Деректі фильмде 7 мектептің тарихы, оқиғалары мен ерекшелігі туралы баяндалады. Тележобаға өнертану, музыкатану, этнография және тарих ғылымдарының мамандары қатысады. Онда Алтын орда заманынан бүгінге дейінгі орындау мәнері мен құрылымдық даму түгелдей қамтылады. Жоба 20 қаңтардан бастап әр сенбі сайын сағат 14:00-де эфирге шығады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button