Мәдениет

Думанды Астананың дидары



Өткен жылы Астана қаласы Мәдениет басқармасы ұйымдас­тырған мәдени шараларды, концерттерді мыңдаған адам тамашалады. Соның ішінде аталмыш басқарма мен «Астана Опера» театры іске асырған «Мәдени ел» әлеуметтік жобасын ерекше атап өтуге болады. Жоба аясында Астана әкімдігіне қарасты бюджеттік мекеме қызметкерлері спектакльдерді тегін көруге мүмкіндік алды.

Демеушілердің есебінен «Астана Операның» әр қойылымына үш жүз бюджет қызметкерінен шақырылды. Бұл жұмыс жыл бойы жүргізілді. Білім, денсаулық сақтау, полиция, Төтенше жағдайлар департаменті, коммуналдық сала қызметкерлері П.Чайковскийдің «Аққу көлі», Д.Россинидің «Севилья шаштаразы» сынды әлемдік балет және опера жауһарларын, басқа да қойылымдарды тамашалады. Жалпы жыл ішінде төрт мыңға жуық бюджет қызметкері спектакльдерді тегін көрді.

Астана күні мерекесінің аясында жүзден астам шара ұйымдастырылды. Соның ішінде ашық аспан астында көптеген концерт өтті. Creative summer мерекелік жобасының шеңберінде жазғы амфитеатр жаз бойы демалыс күндері жұмыс істеді. Онда балаларға арналған түрлі ойын-сауықтар, флешмобтар ұйымдастырылып, аниматорлар өнер көрсетті. Бұған қоса, Demalys Promenade жаяу жүргіншілер көшесінде әртүрлі қызықты шаралар, мәдениет және демалыс саябағында Mereke street фестивалі өтті. Онда суретшілер, көше музыканттары, өнер ұжымдарының әртістері жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Үркер», «Железнодорожный», «Көктал», «Өндіріс» тұрғын алаптарында «Думанды Астана» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Осы мерекелік шараларды 120 мыңға жуық адам тамашалады.

Республика күніне орай Астана қаласы Мәдениет басқармасы концерттерді, қойылымдарды, көрмелерді, дөңгелек үстел мәжілістерін, жалпы алғанда, отыз­дан астам шара өткізді. Атап айтқанда, «Қазақстан» Орталық концерт залында халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концертті 2,5 мың адам көрді. Бейбітшілік және келісім сарайында Mangilik El Dayysy атты музыкалық-патриоттық шоу өтті. Оны 1,3 мың көрермен тамашалады.

Елордада Тәуелсіздік күніне арналған 100-ден астам ірілі-ұсақты шара өтті. Білім беру ұйымдарында «Тәуелсіздік ел ұрпақтары» онкүндігі, «Қазақстан жасампаздық жылдары» кітап-иллюстрациялық көрмесі, тарихи танымдық және тәрбие сағаттары, оқушылар арасындағы жарыстар, дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар, компьютерлік графика бойынша жарыстар және басқа да шаралар ұйымдастырылды.

Университеттерде Jаna belestegi jastar жергілікті жастар форумы, Оқушылар сарайында мектеп оқушыларының форумы ұйымдастырылды. «Elorda Aqparat» ЖШС «Тәуелсіздік және елорда» республикалық мүшәйраны өткізіп, оған 40 жасқа дейінгі ақындар қатысты. Республикалық І «Жас өрен» байқауы, «Тәуелсіздік – ел ұраны» гала-концерті, «Қазақстан – Ұлы дала елі» мерекелік концерті өтті. Бұған қоса, түрлі спорттық жарыстар өткізілді.

Мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына келсек, оларға Қазақстандық тұрғын үй бағдарламасы бойынша жеңілдікпен пәтер алуға мүмкіндік берілді. Былтырғы маусым айында қала әкімдігіне қарасты мекеме кітапханашыларының, музей қызметкерлерінің, техникалық жұмысшылардың жалақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсірілді. Жаңа оқу жылынан қала мектептерінің оқушылары Ұлттық музейде тарих сабақтарын оқи бастады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button