Ел тынысы

Экономика драйвері



Әлемнің озық елдері – АҚШ, Қытай, Жапония, Корея, Германия, Италия, Ұлыбритания және Франция экономикасында машина жасау саласы маңызды рөлге ие. Жалпы машина жасау саласының ауқымы кең, автомобиль жасаудан бастап, авиация мен зымыран-ғарыш саласы, кеме жасау және теміржол өндірісі, тіпті электроника, роботтехника, нанотехнология саласын біріктіреді. Бұл сала Қазақстанда қалай дамуда? Осы сұрақтың жауабын ХІ Қазақстан машина жасаушылар форумында білдік.

САН САЛАНЫ ҚАМТИДЫ

Машина жасау 70-тен астам саланы қамтитын және 3 миллионнан астам өнім түрін шығаратын ең күрделі әрі ауқымды сала болып табылады. Бұл сала әлем елдерінің даму деңгейін көрсететін бараметр. Жаһандық сауданың 40 пайызы машина жасаумен тікелей байланысты.

Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) мәліметінше, 2021 жылы машина жасау саласындағы экспорт көлемі 2 трилион доллар құраса, 2022 жылы 3 трилион доллардан асты. Жалпы әлем экономикасының 7 пайызы машина жасау саласы құраса, Қытайдағы үлесі 27 пайыз, Германияда 10 пайыз, Жапонияда 8 пайыз деңгейінде. Ал Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өндірісінің 14 пайызы машина жасау саласына тиесілі.

Машина жасау саласы Қазақстан үшін индустрияландырудың негізгі діңгегі. Бүгінде бұл салада 3 мыңға жуық кәсіпорын бар. Онда 115 мың адам жұмыс істейді. Саланың ең ірі секторларының бірі – автомобиль өндірісі. Оның нарықтағы үлесі – 33,1 пайыз құрайды.

Әлем экономикасының алпауыты саналатын Қытай өзінің ішкі нарығына және экспортқа бағыттап 26 миллион автомобиль өндіреді. Әсіресе электр автомобильдеріне арналған аккумуляторлар мен қозғалтқыштардың ең ірі өндірушісі. АҚШ машина жасау саласында 100 жылдан астам уақыт бойы өзінің жетекші позициясын сақтап келеді. Жетістіктің сыры – банк жүйесіне, ең ірі қор биржасына, машина жасау саласына, IT саласындағы озық технологияларға және инновациялық шешімдер мен прогресстен айырылмаған ауыл шаруашылығына негізделген-ді. АҚШ-та жылына 9,1 миллион дана көлік шықса, ал автомобиль өндірісінің көшбасшысы Жапонияда 7,8 миллион дана шығады. Миллиард тұрғыны бар Үндістан 4,3 милион, әлемнің он екінші экономикасы саналатын Кореяда 3,4 миллион, әлемнің төртінші экономикасы Германияда 3,3 миллион көлік өндіріледі. Халықаралық банк Қазақстанда 170 мыңнан аса көлік құрастырылатынын дәйектейді. Міне, дамыған елдер мен дамушы елдердің экономикалық қуатын осыдан-ақ саралауға болады.

ҚАЗАҚСТАН ДАМЫТУҒА МҮДДЕЛІ

Сөзсіз, Үкімет кейінгі жылдары машина жасау саласына қолайлы жағдай қалыптастырып, қамқорлық көрсетуде. Мәселен, бұл саладағы өндіріс көлемі 2010-2021 жылы алты есе өсті. Яғни 376 миллард теңгеден 2,4 трилион теңгеге ұлғайды. Мұндай үрдіс 2022 жылы байқалып, өндіріс көлемі 3,1 миллиард теңгені құрады. Саланың ел экономикасына қосқан үлесі де артты. Мәселен, 2010-2021 жылы отандық машина жасау саласы елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 1,9 есе, өнеркәсіптегі үлесі 2 есе, өңдеуші сектордағы үлесі 1,4 есеге өсті. 2021 жылы 80,6 мың дана жеңіл автомобиль өндірілсе, 2022 жылы 103,3 мың данаға жетті. Мұндай оң динамика машина жасаудың өзге салаларында да байқалды. Мәселен, 2021 жылды 2022 жылмен салыстырғанда адам тасымалдауға арналған автомобиль 1092 данадан 1358 данаға дейін өсті, тау-кен өндіру өнеркәсібіне арналған машина 21 данадан 32 данаға, көтеру, тиеу немесе түсіру жабдығы 1041 данадан 1275 данаға артты.

– Қазақстанда машина жасау саласын дамытуға керекті алғышарттар бар. Мұның бәрі болашақта өнімділігі жоғары әрі экспортқа бағдарланған өңдеу секторын және жалпы өнеркәсіпті дамытуға негіз болады. Алғышарт деп отырғанымыз – энергетикалық және шикізаттық база, өндірістік және адами әлеует. Қазір экономиканы әртараптандыру және ұзақ мерзімді перспективалы жобалар құру маңызды. Мұндай іргелі міндетті шешуде саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, даму динамикасын қамтамасыз ету керек, – деді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев.

Әлемнің алпауыт елдерін айтпағанның өзінде, Түркия, Дания, Польша, Швейцария, Бразилия, Сингапур, Малайзия сынды елдер машина жасау саласын экономиканың басым бағыты етті. ТМД елдері ішінде Белорусь ауыл шаруашылығына қажетті техникаларын шығаруды қолға алды. Көрші Өзбекстан жеңіл автокөлік өндіруде әлемнің алдыңғы 30 елінің ішіне енді. Әлем елдерінің прогрессін бағамдаған Үкімет машина жасау саласына ерекше мән беруде. Форумға арнайы Премьер-Министр Әлихан Смайловтың қатысуы соның айғағы.

– 2023 жылы отандық машина жасауда жалпы құны 224 миллиард теңге болатын 29 жобаны іске асырады. Бұл шамамен 3900 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 6264 миллион теңгеге екі жоба құрылды. Олар: Ақтөбе облысында 100 жұмыс орнына арналған мобильді бұрғылау қондырғысын өндіретін «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС және Қостанай облысында Jetour автомобильдерін өндіретін «СарыарқаАвтоПром» (100 жұмыс орны) іске қосылды, – деді Мейрам Пішембаев.

Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақановтың сөзінше, құжатта өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету арқылы базалық жағдайларды жақсарту, кадрлық әлеуетті дамыту, өнімді өткізуді ынталандыру арқылы отандық өнімді ілгерілету, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру және тағы басқа міндеттер қамтылды.

– Кешенді жоспарды іске асыру саланы ұзақмерзімді кезеңде дамытуға жол ашады. Осы құжатта 2028 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу қарастырылды. Айталық, өнім өндіру көлемін 2,2 есеге, экспорттық тасымалды 2,9 есеге ұлғайту, еңбек өнімділігін 1,9 есеге арттыру және инвестиция мөлшерін 1,5 есеге көбейту міндеті тұр, – деді Ерқанат Мақанов.

САЛАНЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҚАНДАЙ?

Ғылыммен үйлесімді жұмысты қажет ететін саланың бірі – машина жасау саласы. Өйткені ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері ең алдымен осы салада сыналып, өндірістік тәжірибеге енгізіледі. Айталық, ақылды қала концепциясына кіретін технология машина жасау саласымен тығыз байланысты. Бағдаршамдардан бастап өздігінен жүретін көліктерге дейінгі инновациялы жетістік саланың қарқынды дамуына мүмкіндік әкеледі. Әсіресе өнеркәсіп өндірісі толық автоматтандырылып, роботтехнология арқылы бақылап, өнімділікті арттыру бағытында ізденіс жүргізілуде.

Қазірдің өзінде көлік өндірісінде инфрақызыл термография, акустикалық бақылау, майды талдайтын қосымша құрылғылар енді. Сондай-ақ автокөліктердің төрт доңғалағы бірдей бұрылып, айналым диаметрі қысқартылды, тіпті адаммен тілдесетін және ұшатын көліктер түрлері кездесе бастады. Мұның бәрі көлік өндірісін дамытып, машина жасау саласына жаңа талаптар мен міндеттер қоятыны сөзсіз.

– Біздің кәсіпорындар АҚШ, Қытай, Түркия, Израиль, Ұлыбритания, Аустралия, Канада мемлекеттерімен, Еуропалық Одақ және ТМД елдерімен, әлемдік ірі компаниялар мен халықаралық даму институттарымен өндірістік тұрғыдан тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Бұл ретте әлем назарындағы Ресей Федерациясы – Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық әріптес. Екі ел арасындағы тауар айналымы ондаған миллиард долларға жетті. Біз заманауи технологияны отандық машина жасау өндірісіне енгізіп, саланың дамуына күш саламыз, – дейді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы.

Озық елдердің машина жасау өндірісінде робототехника процестерін автоматтандыру, жасанды интеллект көмегімен жұмыс өнімділігін арттыру, өндіріс жылдамдығы мен сапасына әсер ететін 3D технологиясын пайдалану, 3D принтері арқылы қосалқы бөлшектерді шығару ісі қарқын алды.

P.S. Машина жасау саласы күн сайын технологиялық тұрғыдан жетіліп, макро және микроэкономикалы тұрақтылыққа тікелей әсер етуде. Ендеше, өркениет көшінен лайықты орын аламыз десек, машина жасауға ұдайы көңіл бөліп, саланың дамуына мән беруіміз керек.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button