Мәдениет

Екі елді әнмен жалғады



Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында танымал әнші, Өзбекстан мен Қарақалпақстан Республикаларының еңбек сіңірген әртісі Махсетбай Өтемұратовтың «Мен ауылды сағындым» атты ән кеші өтті. Жиылған жұртқа ғажайып көңіл-күй сыйлаған, бауырлас елдің ыстық сәлемін ала келген Мах­сет­бай Өтемұратов өзінің шығармашылығындағы ең таңдаулы шығармаларын орындады.

Өнерпаздың ән кешінде астаналық «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің бишілері де сахнаға шығып, өнер көрсетті. Сондай-ақ «Qazaqstan дауысы» жобасының II маусымында ақтық сайыста бақ сынап жатқан Қарақалпақстанда тұратын талантты қандасымыз Мұса Марат ән шырқап, тыңдаушы қауымды баритон даусымен таңғалдырды. Көрермендерді ризашылық сезімге бөлеген бір сәт, қазақы дәстүрмен Махсетбай Өтемұратов өнерде ізінен ерген інісіне өзінің ақжолтай костюмін сыйлады. Қасиетті сахнада жүрген екі толқынның өкілінің өзара сыйластығы халықты толқытып, әншінің мерейін асырды.

Махсетбай Өтемұратовтың Алматыда өткен «Жыл адамы» байқауында «Алтын адам» аталымын иеленгенін біреу білсе, біреу білмейді. Әнші қазір Нөкіс қаласындағы Қарақалпақстан көркем өнер сарайының директоры қызметін атқарады. Ол көп жылдар бойы қазақ елін аралап, жеке концертін беріп жүргені мәлім. «Әмударияның суын ішкен, бала кезден бірге өскен талай қарақалпақ баласы бүгінде Қазақстанда тұрып жатыр. Сол қандас жұрттың туған елге, туған жерге сағынышын басып, ауылдың сәлемін жеткізейін деп жеке кештерімді жиі өткізуге тырысамын. Биыл менің шығармашылығым үшін табысты болды. Гастрольдік сапарым да Астананың төріндегі кешіммен аяқталып жатыр. Президент Қасым-Жомарт
Кемелұлының Алғыс хатымен марапатталдым. Бұл – Өзбекстан мен Қазақстан ара­сындағы мызғымас берік мәдени байланыстың белгісі» деді М.Өтемұратов.

 


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button