Елорда тынысы

Екі жылда 369 мектеп салынады



Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта қолайлы оқу жағдайлары бар 1,5 млн оқушы орнын ашу мәселесі қаралды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2020-2022 жылдары елімізде түрлі қаржыландыру көздері есебінен 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр, оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталғанын мәлім етті. «Оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынады. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді» деді Ғ.Бейсембаев.

Ұлттық жобаны іске асыру туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшысы Мәулен Айманбетов баяндама жасады. Жайлы мектептерді жобалау және сараптамадан өткізу туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Азамат Бейіспеков, интернет-желілерді жүргізу туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндады.

Әлихан Смайылов сапалы интернетсіз жайлы мектептер өз атауына сай болмайтынын атап айтты. «Тапсыру кезінде жаңа мектептер сапалы интернет байланысына қосылуы тиіс» деді Премьер-министр. Жайлы мектептерде еңбек ететін білікті мұғалімдерді даярлау туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Жалпы, оның айтуынша, алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша жаңа формациядағы 49 мың педагог даярлау жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы жаңа білім ордалары тек жарақтандыру бойынша ғана емес, сондай-ақ білім сапасы бойынша да мықты болуға тиіс екенін атап өтті. Жайлы мектептерге қойылатын талаптар мен азаматтардың оларға қатысты үміті көп, сондықтан онда сапалы кадрларды жұмысқа алу мәселесіне барынша назар аудару қажет. Себебі мектеп дегеніміз – жай ғана ғимарат емес, ең алдымен, балаларды білімге жетелейтін мұғалім» деді Әлихан Смайылов.

Оқу-ағарту министрлігіне ұлттық жобаның іске асырылу барысына күнделікті бақылау жүргізу, проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын көрсете отырып, атқарылып жатқан жұмыс туралы Үкіметке ай сайын хабарлап отыру тапсырылды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button