Басты ақпаратҚала мен Сала

Экологиялық залалсыз автожуу жобасы пайдалануға берілуі тиіс



4 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде «Protecting business and Investments» бойынша бизнесті және инвестицияны сыбайлас жемқорлықтан қорғау шарасы өткізіліп, онда автомобиль жуу қыз­метін көрсететін инновациялық жоба таныстырылды. Жобаның ерекшелігі – ол өз жұмысында суды мейлінше аз жұмсайды және қоршаған ортаға еш зиян тигізбейді.

Республикамызда алғаш рет қолға алынып отырған жобаның жетекшісі – «БИОВ» компания­сының басшысы Әмір Қуат шағын кәсіпорынның қызметінен ағын сулар жиналмайтынын, ол үйреншікті көлік жууға қарағанда суды 200 есеге аз шығындайтынын және мұндай кәсіпорындарды қаланың кез келген жерінде сала беруге болатынын айтты.
«Қазақстан – ТМД аумағында су қоры ең аз мемлекеттердің бірі. Көптеген елді мекендер, өңірлер су жетіспеушілігін айқын сезініп отыр. Сөйте тұра, осы проблеманың шешудің бар амалдарын тауып, оны іс жүзінде жүзеге асырудың орнына, біз су сияқты баға жетпес ресурсты орынсыз пайдаланып, текке рәсуа қылып жатырмыз. Оған ешкімнің моральдық қақысы жоқ. Мобильді автожуу қала тұрғындарына еш қолайсыздық туғызбайды. Бұл елімізде болашақта экологиялық жағынан залалсыз басқа да бизнес түрлерін дамытуға ықпал етеді және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға, су сияқты аса қымбат ресурс­тарды үнемдеуді үйретеді» деді «БИОВ» компаниясының басшысы.
Мобильді автожуу ісінде химиялық құралдар қолданылмайды, айналаға санитарлық тұрғыдан қауіпсіз. Дегенмен, бұл жобаны жүзеге асыру үшін қаланы абаттандыру жағдайын реттейтін қазіргі нормативтік құжаттарға ішінара түзетулер енгізу қажет көрінеді. Бар мәселе осыған тіреліп тұр. Бұл – енді құзырлы органдардың қолынан келетін іс.
Кездесуге қатысқан қалалық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева ол мәселені түрлі сала мамандарымен жан-жақты талқыға салып, жедел шешім шығаруға түрткі болатынын жеткізді.
Жоба таныстырылымына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева, «Protecting business and Investments» жобалық кеңсенің мамандары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, аудан әкімдері орынбасарлары, кәсіпкерлік және абаттандыру қызметтерінің басшылары қатысты.

Дәулет АСАУОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button