Басты ақпарат

«ЭКСПО-2017» ОЗЫҚ ЖОБАЛАРҒА ЖАЛҒАСАДЫ



10 маусым күні «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі барша әлемге есігін айқара ашады. Көрме Астанада өтеді деген күннен бастап нысандардың құрылыс жұмыстары 6 жылға есептелген болатын. Президенттің жан-жақты көмегі мен қолдауы арқасында құрылыс 21 айда аяқталып, қонақтарды қарсы алуға дайын тұр. Дүйім жұрт көз тіккен ғимараттардың көрмеден кейінгі тағдыры көпшілікті қызықтыратыны анық. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО нысандары озық жобалардың жалғасына айналады дейді.

esimov2-kopirovat

ЭКСПО нысандарын шарадан кейін пайдалану бойынша қазірдің өзінде жиырмадан астам ұсыныс түсті. Компания басшысы Ахметжан Есімовтің айтуынша, нысан орнында әлемге әйгілі Job World білім беру орталықтары ашылуы мүмкін. Қазіргі таңда мамандар корейлік әріптестермен келіссөз жүргізіп, тәжірибесін зерттеп жатыр.

– 2015 жылы ЭКСПО көрмесі Миланда өткенін білесіздер. Көрмеден кейін павильондардың барлығы бұзылып, алынып тасталған еді. Ал біз әу бастан көрмені ұзақ мерзімді инвестициялық жоба ретінде қарастыр­дық. Сондықтан басты нысан – сфера «Нұр әлем» деп аталып, болашақ мұражайға айналады. Себебі онда ғарыш, күн, су, жер, кинетика энергиясына қатысты алуан түрлі жобалар ұсынылған. Тарихта «Нұр әлем» көрмеден қалған мұра болып қалмақ, – деді басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Көрме аяқталғаннан кейін шетелдік меймандар мен делегаттар халықаралық павильондарды босатады. ЭКСПО ұйымдастырушылары оларды пайдалы жобаларға тапсыруды жоспарлап отыр. Мәселен, павильондардың орнына Біріккен Ұлттар Ұйымының «жасыл» экономика орталығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылады. IT технология саласындағы бастамаларға да осы жерде орын беріледі.

Жақын арада нақты жүзеге асатын жоба – халықаралық білім беру орталығына қайта оралайық. Орталық мектепке дейінгі бүлдіршіндерге, оқушыларға және 24-ке дейінгі жастарға арналған. Онда балалар әртүрлі мамандықтармен жақынырақ танысып, зерттеп-зерделеп, болашақта сү­йікті жұмысын өздері таңдайды. Барлық дамыған мемлекеттерде осындай Job World орталықтары бар. «Біздің балалар да жанына жақын кәсіпті қызығушылығына қарай таңдауы керек. Жастар өрт сөндіруші, дәрігер, құрылысшы, аспазшы сияқты түрлі-түрлі мамандықтың ерекшелігімен танысса, өзіне керегін таңдап алады. Ал қазір көбінесе балалардың әке-шешесі жоғары жалақы төленетін мамандыққа баруға итермелейді. Бірақ оқу бітіргеннен кейін жастардың кәсібіне көңілі толмай жатады. Мұны біздің павильондардың негізінде жасауға болады» деді А.Есімов.

nur_alem-kopirovat

Орталық мемлекет қарамағында болады, бұл көптеген демеушілерді тартуға мүмкіндік туғызады. Ал демеушілер 20-24 жастағы жастар арасынан дайын маманды іріктеп алады.
«Елу жылда – ел жаңа» деп қазақ бекер айтпайды. Бүгін үлкен сұранысқа ие мамандықтар ертеңгі күні мүлдем керексіз болып қалуы мүмкін. Бәлкім, «болашақ энергиясын» зерттейтін адам сол балалардың қатарында болар?!

Компания төрағасы «көрмеге дейін үлгермейді» деп халықты дүрліктіріп жатқандарға жауап берді.
– Қатысушы мемлекеттерге павильондарды қарашаның бірінен бастап тапсырдық. Алайда бірқатар мемлекет құрылыс жұмыстарын кеш бастады. Дегенмен шараның салтанатты ашылу рәсіміне дейін бәрін үлгеруіміз керек. Миландағы көрмеде халықаралық павильондар дер кезінде аяқталмай, ашылу салтанатынан кейін де құрылыс жүріп жатты. Біз бұл қателіктерді қайталамаймыз, – деп тақырыпқа нүкте қойды компания басшысы.

Компания төрағасы Ахметжан Есімов осыдан екі жыл бұрынғы естеліктермен бөлісті. Оның айтуынша, өткен жылы көрмеге қатысуға ниет білдірген елдің саны бар-жоғы 30 болған. Ал бүгінгі таңда оның саны 115 елге жетті. ЭКСПО тақырыбына әлем елдері де, Отанымыздың қарапайым азаматтары да қызығушылық танытып отыр. Басқарма төрағасы өткен жылы отандық өнертапқыштар арасында байқау өткенін айтты. Бір айдың ішінде 200-ден астам жұмыс келіп түсті. Басым бөлігінің патенті бар.

– Президенттің көрмеге «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдағаны бекер емес. Бүгінде мұнайлы мемлекеттер шикізаттың бағасына тәуелді болып отыр­ғанын көріп отырмыз. Елбасы қазба байлықтан басқа да энергияның баламалы көздерін іздестіруді бірнеше рет айтқан еді. Шынымен де, мұнай мен шикізат көздерінің бағасы түскенде, елімізге оны экспорттау тиімсіз болады. Менің ойымша, көрменің елордамызда өтуі бұл салаға серпін берері анық, – деп сөзін түйіндеді А.Есімов.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button