Басты ақпарат

«ЭКСПО-ӘЖЕ» – ЕЛОРДАДА



ЭКСПО көрмесінің тарихы тереңге тартады. Ал сол тарихқа куәгер қарт әженің бірі және бірегейі – Жапониядан келген Томийо Ямада. Ол 1970 жылы Осакада өткен көрмеге қатысып, бүгінде «ЭКСПО-2017» көрмесінің елшісі атанды. Сексеннің сеңгіріне шықса да, сергек. Қимылдары ширақ. Аңыз адаммен кездесуге барғанда, қалашықта балаша қуанып, бүлдіршіндермен тығылмақ ойнап жүргенін көрдік. Осыдан қарт әженің мерейлі жасқа келіп, жастығы мен сұлулығының сыры неде екенін ұғынарсыз. Ал біз ЭКСПО-әжемен павильондарды аралай отырып, әңгімемізді бастап кеттік.

– ЭКСПО көрмесіне қалай елші атандыңыз, алдымен осы жөнінде баяндап беріңізші.
– Мен осымен ЭКСПО көрмесіне сегізінші мәрте қатысып отырмын. 2005 жылы Шанхайдағы көрмеге Қытай тарапынан тегін билеттер берілді. Сол кезден бастап жұрт мені «ЭКСПО-әже» деп атай бастады. Ал Қазақстан жайлы Миланда өткізілген көрмеде білдім. Меніңше, көрмедегі ең әдемі қазақ павильоны болды. Қазақтардың құммен сурет салып, өзінің тарихы мен мәдениетімен таныстыр­ғаны ұнады. Павильонда қазақ қыздарының мың бұралып билегенін көріп тәнті болдым. Мемлекетке қызығушылығым оянып, бұл елге сапармен келемін деп уәде бердім.

– ЭКСПО көрмелеріндегі небір қызықтарды көріп, көңіліңізге тоқып жүрсіз. Осымен сегізінші мәрте қатысып отырған көрмені есепке алсақ, ерекше әсер еткені қайсы?
– Әр елде өткізілетін ЭКСПО көрмесінің тақырыбы қашан да бір-бірімен үндес. Мәселен, Осакадағы «Адамзаттың жасампаздығы мен үйлесімі үшін» тақырыбын Шанхайдағы «Жақсы қала – жақсы өмір» атты көрме жалғады. Миландағы көрме де ерекше әсер етті. Қойын альбомға әр елде түскен суреттерді жинақтап, естеліктерімді күнделікке жазып қоямын. Жалпы, мен қатысқан көрмелердің ішінде Қазақстандағы көрме – ең тартымды көрме деп сеніммен айтамын.

– Ал «ЭКСПО-2017» көрмесінде ең ұнаған павильон?
– Қазақстандағы көрмеде қызықты павильон деп «Нұр Әлемді» айтар едім. Бұны табаным қазақ жеріне тиіп тұрғаннан емес, көрген-білгеніме сүйене отырып айтып тұрмын. Мемлекеттеріңізде Менделеевтің барлық кестесі бола тұра, баламалы қуат көздерін қайдан алуға болады деп алдын ала ескеруі, болашақ ұрпақты ойлап жатқаны қуантады.

– Қазақ еліне келіп, екі ел арасындағы туысқандық байланыс­ты байқамадыңыз ба?
– Әрине, қазақтар мен жапондықтардың түрлері бірдей екендігі байқалады. Екі халыққа тән бір қасиет: мейірімділік. Аялдамада күтіп тұрған кезде, бір кісі келіп: «Қазақ еліне қош келдіңіз!» деп қонақжайлық танытты. Мүлдем танымайтын адам ықыласын білдіріп жатқанда, ішің жылиды. Бір қызығы, біз үнемі қозғалыста болып, асығып жүрсек, мұнда қазақтарға ғана тән байыптылықты аңғардым.

– Сізге қарап, адам сүйсінеді. Сарқылмайтын энергия іспеттісіз. Күш-қуатты қайдан аласыз?
– Шынымды айтсам, бұрындары көп ауыратынмын. Кейін жер шарын аралап, ЭКСПО ұсынған тақырыптардың маңыздылығына мән бере бастадым. Өзіме түртіп алатындай, рух беретіндей нәрселермен таныстым. Өзге елдің мәдениетімен танысып, түрлі қызықтарға тап болсаңыз, жас болмағанда қайтесіз?

Сұхбаттасқан:
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button