Басты ақпарат

Ел бұлбұлы елордада ән салды



«Астана Опера» театрында ұлттық ән өнерінің жарық жұлдызы, күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенованың торқалы тоқсан жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың бұлбұлы» атты мағыналы мазмұнға толы кеш өтті.

 Алғаш ән айтуды қатардағы көркемөнерпаздар үйір­месінен бастаған әншінің талантын танып, өнер жолына түсуіне бағыт сілтеп, ақыл берген адам – жазушы Галина Серебрякова болыпты. Қаламгер сол отызыншы жылдардың соңында Семейде тұрған екен. Өнердегі өрісі осындай тілегі жақсы адамның батасымен басталған Бибігүл апамыз тамаша дауысымен қазақтың өнерін дүйім елге танытып, халқымыздың абыройын асқақтатты. Айтулы шарада Мәдениет және спорт министрі ­Ақтоты Райымқұлова мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ әйгілі әншіні ­Парламент Сенатының Спикері Дариға ­Назарбаева құттықтады.
Кеш барысында Бибігүл Төлегенованың өзі сахнаға шығып Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің (Гәкку) ариясы, Ғ.Тоқайдың сөзіне жазылған татардың «Тафтиляу» әні және Н.Лысенконың «Наталка-Полтавка» операсынан Наталканың ариясын орындап, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнері аңызға айналған әншіге көрермендер орнынан тұрып қошемет көрсетті.– Мен халқыма риза адаммын. Осы кештің басы-қасында жүрген азаматтарға да алғысымды білдіремін. Бүгінгі кеш – менің ғана кешім емес. Менің өнердегі әріптестерім, бүгінде арамызда жоқ Роза Жаманова, Ермек Серкебаев секілді дос­тарымның рухына арналған кеш деп ойлаймын. Біздің балалық шағымыз қиыншылыққа толы болды. Аштық да, кедейлікті де көрдік. Сонымен салыстырғанда қазіргі өміріміз – бақытқа толы деп айтуға болады. Елімізде бейбітшілік болсын, барлығымыз аман болайық, – деп жиналған қауымға ризашылығын білдірді.
Сонымен бірге кешке ­Бибігүл Ахметқызының шәкірттері мен «Астана Операның» солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Салтанат Ахметова, Жәмиля Жарқымбаева, Дина Хамзина, Медет ­Шотабаев, Мейір Байнеш, Жанат Шыбықбаев, Азамат Жылтыргөзов, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова және Гүлжанат Сапақова, Елена Низамутдинова, Гүлдана ­Алдадосова қатысып, сахнаны ән мен жырға бөледі. Кештің арнайы қонағы ретінде биылғы ­Б.Төлегенова атындағы байқаудың Гран-при иегері керемет тенор, әнші Козимо Оресте Италиядан ат арытып келіп, ән шырқады. Бибігүл апамыз ХХ ғасырдағы ең атақты жиырма әйел­дің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Ол жиыр­мадан астам марапатқа ие. Соның ішінде Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атақтарын айтсақ болады. Алайда күміс көмей әншінің басты марапаты – туған халқының құрметі деп ойлаймыз.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button