Басты ақпаратЖаңалықтар

Ел төрінде – Тәшенев



Кеше елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көрнек­ті мемлекет қайраткері, кешегі кеңестік заманда қазақ жерінің тұтас­тығын сақтап қалған ­Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші ашылды. Республика даңғылы мен Ж.Тәшенев көшесінің қиылысында бой көтерген еңселі ескерткіштің басына астаналық зиялы қауым, Түркістан, Қарағанды облыстарынан келген қонақтар, тұлға ұрпақтары жиналды. Мүсінші Ескен Сергебаевтың қолынан шыққан ескерткішті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов ашты.

– Жұмабек Ахметұлы – осы өңірдің тумасы. Ұзақ жылдар бойы республикалық деңгейде басшылық қызмет атқарып, адалдығы, белсенді еңбегінің арқасында ел есінде игі істерімен қалған тарихи тұлға. Осыған дейін Нұр-Сұлтан төрінен оның атына көше берілген болса, жуырда мектепке аты берілді. Енді, міне, кезек ескерткішке келді, – деді А.Оралов.
Әкімнің орынбасары ескерткіш барлық комиссияның, зиялы қауым өкілдері, тұлға ұрпақтарының келісімімен құйылып, орнатылған орны да мүдделі тараптардың келісімімен таңдалғанын атап өтті.

– Бүгінгі елорда – Отанымыз­дың тек саяси емес, сонымен қатар мәдени және рухани ордасы. Осының дәлелі ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елордада тек биылдың өзінде Алаш қайраткерлеріне, Дина ­Нұрпейісоваға, Қаныш Сәтбаевқа, Талғат Бигелдиновке ескерткіштер ашылып, айналасы толық абаттандырылып, халықтың игілігіне берілді. Қоғамға рухани азық, жастарға тәлім-тәрбие, қалаға көрік берер осындай игі қадамдар бұдан кейін де жалғаса бермек. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пандемияға қарамастан ел руханиятын көтерер шаралар өз жалғасын табады, – деді А.Оралов.

Одан соң сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мырзатай Жолдасбеков жоғары басшылық қызметтерді атқарып, өмірін елге арнаған Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов секілді тұлғалардың қатарында Жұмабек Тәшенев есімі де аталатынын айтты.

ТӘШЕНЕВ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Сенсің нағыз Тәуелсіздік батыры,
Айтқан сөзің бабалардың нақылы.
Ақиқаттың ақ жолынан айнымай,
Аман жеттің осы күнге ақыры.

Өз басына ойламаған пайданы,
Тұлғаң сенің тұрақтайды айға әлі.
Ақиқаттың ақ семсері секілді,
Алашымның алға ұстаған айбары!

Келсін мұнда көрген болса кім азап,
Осы араға ету керек мінәжат.
Қазағыма келді, міне, еркіндік,
Қазақстан енді, міне, шын азат.

Айтылмаған жүрегімде арыз бар,
Парасат бар, ақиқат бар, парыз бар.
Сарыарқада жүрген қазақ жер басып,
Алдыменен Тәшеневке қарыздар!

Атқан оқтай тауды тесіп, төске өрлеп,
Қызыл шоқтай сенің орның өшкен жоқ.
Ақ семсерін қазағымның әр үйі
Қақ төріне іліп қояр қастерлеп.

Туған жансың өз еліңнің бағына,
Қарсы тұрдың бір алапат ағынға.
Халқың үшін отқа, суға, түссең де
Қызықпадың қызметтің тағына.

Өнеге ғып өтіп кеткен жылдарды,
Алашымның тұяғы боп кім қалды?!
– Кәні!, – десе, – Тәуелсіздік белгісі,
Көрсетер ем сенің алып тұлғаңды!

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

– Ата-бабаларымыз қолына қару алып ұлан-байтақ жерді жанын шүберекке түйіп жүріп қорғап қалды. Ал Жұмекең мына мылтықсыз майданда, соғысы жоқ бейбіт заманның өзінде желдің өтінде жүріп туған жерін қорғаған адам, – деді М.Жолдасбеков.

Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов Жұмабек Тәшенев көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған тұлға екенін атап өтті. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары есімі, тіпті жиі айтыла бастағанын жеткізді.

– Бүгін орнатылған ескерткіші – тәуелсіздіктің жемісі. Жұмабек Ахметұлы Нұр-Сұлтан қаласының төрінен өзіне тиесілі орынды алды. Бұл туралы көптен айтылды. ­Халықтың қалауы орындалды, – деді О.Әбдікәрімов.

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов Тәшенев тұлғасын әдеби шығармалар арқылы асқақтату керектігін айтты. Өзі «ХХ ғасыр» атты эпопеяда Жұмабек Ахметұлына тарауларды арнағанын, «Ақбас бүркіт» атты драма жазғанын атап өтті.

Жұмабек Тәшенев Хрущевтің ықыласына бөленіп, Ворошилов­тың орнына ұлы мемлекеттің үшінші тұлғасы болғалы тұрған кезде мансапты үлкен мақсатқа айналдырып, халыққа қызмет етті. Жұмабек Ахметұлын еске алғанда осы қала еске түседі. Ол болмаса, біз бұл жерде тұрмас едік. Оның еңбегі тарихта ешқашан ұмытылмайды, – деді жазушы.

Жұмабек Тәшеневтің ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима ­Садыққызы ұрпақтары атынан ескерткішті орнатуға бастамашы болған Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке, оған ­атсалысқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.

– Маған: «Әкеңнің атын неге насихаттамайсың? Елге сіңірген еңбегін неге айтпайсың?» деп көп айтады. Меніңше, нағыз құрметке лайық адамның еңбегін халықтың өзі бағалау керек. Мына ескерткіш – халықтың әкеме деген сый құрметі, елге атқарған еңбегін бағалауы, – деді Саян Жұмабекұлы.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button