Басты ақпаратЕл тынысы

Елеулі өлке – Ерейментау



Қазіргі күні екінші Швейцария деп аталған Бурабайдың маңы адамның  бейберекет іс-әрекетінің нәтижесінде суы ластанып, көгі тапталып туризм­нің қолайлы орталығына айнала алмады. Адамдар бір көрмекке барса да, ең бастысы көрсетілер қызметтің сапасыздығы мен бағасының қымбаттығынан, көл маңындағы демалыстың дұрыс ұйымдастырылмағаны себепті екінші рет баруға адамның беті қайтып қалатыны рас.

Мұндайда, іргемізде жатқан, бар болғаны 150 шақырымдай тура жолдың бойындағы Ерейментау еске түседі. Мұнда турис­тік қызметті дамытуға барлық алғышарт бар. «Қазақстанның киелі картасы» жобасы аясында Ерейментау өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойын­ша жиырма киелі жер белгіленді. «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы өзінің көркем табиғатымен таң қалдырады. Оның еліміздегі басқа қорықтардан айырмашылығы арнайы туристік бағыттар ашып қойған. Кез келген адам сол маршруттардың бірін таңдап, тау аралап келе алады. Ерейментау қаласында «Ақмолатурист» АҚ өкілдігі жұмыс істейді. Мұндағы «Тоғыз шошақ», «Қарағайлы» соқпақтары «Сұнқар тауларын» бетке алса, «Жүз бұлақ өлкесі» бағытында атпен сейілдеуге болады. Ерейментау – аласа тау­лары мен сұңқар аралы таулары экологиялық экстремалды туризмді дамытуға ең қолайлы аймақ.

Бұл өңірде көрмекке қызық арқарлар бар. Аң патшалығына айналған «Бұйратауда» қасқыр, түлкі, қарсақ, қоянның бірнеше түрі, борсық, сілеусін, бұғы, бұлан, қабан, сасықкүзен, құндыз сияқты 55-тен аса хайуанаттың түрі бар. Бұл өңірдің берекесі  – жағасы жасыл құрақ, балығы шоршыған көлдері. Әжібай, Бойзағыр, Тілес, Қоржынкөл, Ордабай, Бойзағыр, Қабланкөл, Тойғанкөл, Тандыкөл, Майкөл, Құмдыкөл, Тілембет, Теңіз, Көбейтұз, Тайбай, Шөптікөл, Балықты, Қайрақты, Ащыкөл, Торғай, Шақшабай, Қаракөл тағы басқалары бар. Бұл – Ерейменнің көлдері. Бұл көлдер жаздыгүні тартылмайды, балық аулап, суына шомылуға болады.

Өкінішке қарай, Көбейтұздан басқасына астаналықтар көп бара қоймаған шығар. Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын елордалықтардың көбісі қызғылт түсті Көбейтұз барын алғаш естіп-біліп, тұзын тасып әкетті. Көбейтұз – әлемдегі саусақпен санарлықтай құпиялы көлдердің бірі. Көлдің бетін көз қызықтырар күреңге бояйтын, негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін дуналиелла сортаңды су балдырының әсерінен болғанын сол кезде білген едік.

Әр тасы, суырылған желі де тарихқа тұнып тұрған Ерейменде 1876 жылдың шамасында үш жүзге сауын айтылып жар салынған Сағынайдың асы өткені белгілі. Бұл оқиға Ақан серінің Құлагерінің опат болуымен де есте қалды. Атағы Арқадан асып елге жайылған Сағынай асы осы жердегі Қусақ көлінің айналасында өткен-ді. Бұл да ел тарихын танығысы келгендерге сұранып тұрған бағыт.

Айтып айтпай не керек, өңірдің табиғаты, шалқар көлдері, аса биік емес тағылы тауы туризм нысанына айналуға сұранып-ақ тұр. Ұлттық парк аумағында құстардың 179 түрі мекендейді. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 20 түрі бар. Олар: бұйра бірқазан, сұңқар, қыран бейіт, сұңқар-балобан, ақбас тырна, безгелдік, бүркіт, тарғақ, қызылтұмсық қаз, шиқылдақ қаз, кіші аққу, қыран-ергежейлі, дала бүркіті, ұзын құйрықты бүркіт, ақ құйрықты бүркіт, сұр тырна, лашын, қара бас түлкісі, ақбас үйрек.

Табиғаты бай өлке экологиялық туризмді дамытуға қолайлы.  Ерейментау өңірі демалыс орындары мен туристік базалар салудың бірегей орны деп бірауыздан келіскенмен де, осы байлықтың бәрін игеріп, туризм нөпірін тарту үшін әлі де көп жұмыс атқарылып, инвестиция құйылуы тиіс.

Аумақтың кеңдігі және іс жүзінде халық аз қоныстанған аумақ табиғи-аумақтық кешенге зиян келтірместен, Ерейментау тауларының аумағына оңтайлы жүктемені орнатуға мүмкіндік береді. Ерейментауда осы күндері туристік қызмет көрсету үшін туризм және рекреация­лық инфрақұрылым жоқ емес. Қонақүйі, «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагері, онға тарта жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, жол бойындағы 3 жанармай құю бекеті бар. Кейбір туристік базаларда жарық жоқ, интернет жеткізілмеген.

Әрине, туризмді бизнеске айналдыру үшін жергілікті әкімшілік пен инвесторлардың назары аударылуы керек. Тек әкімшілік емес, мемлекет қамқорлығынсыз бұл мәселе шешіле қоймайды. Табиғи ерекшеліктеріне байланысты бұл өңірде жаз ұзақ емес, сол себепті инфрақұрылымды салған кезде оның жыл он екі ай жұмыс істеп тұратындай етіп салуы тиіс. Ол үшін қысқы туризмнің де ерекшеліктеріне бейімделуі керек.

Әрине, қолжетімді болса, екі ортада көлік қатынап тұрса, алты ай жазда да демалыс күндерінің саяхатын ұйымдас­тыруға болар еді. Оның да насихаты аз ба, әлде естімедік пе, анығын айта алмаймыз. Түсінгеніміз өздігімізден Ерейментауға жету керек, сол жерден бағытымызды қамдап, оның қаражатын төлеп, әрі қарай тау асуымыз керек.

Егер сенбі-жексенбі күндері астанадан арнайы автобус шығып, жол бастаушымен Бұйратауды бетке алатындай мүмкіндік болса, бірінші болып мен жазылар едім. Өйткені, ол жақта болғанмын, тамаша табиғатына тәнті болып, тағы бір айналып келетін жер екен дегенбіз. Әлі күнге дейін,

«Бүркіт ұстап басыңа бір шығарма ем,

Көзіме бір көрінші, Ерейментау» деп ақын Иманжүсіп айтқанындай сезімде жүргеніміз рас.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button