Денсаулық

Елорда емханалары жөнделеді



Астанада емханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу және қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға қалалық мәслихат қаражат бөлуді қолдады. Бұл жұмыс­тар «Елорданың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында жүзеге асырылмақ. Осылайша келер жылдың соңына дейін елордадағы 10 медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмысы аяқталады.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов аталған бағдарлама аясында жоспарланған жұмыс халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі мен сапасына тікелей әсер ететінін айтты.

– Күрделі жөндеуден кейін №4 қалалық емхананың ересектер бөлімі ашылды, балалар бөліміндегі жөндеу жұмысы келесі жылы аяқталады. Әзірге олар С.Сейфуллин көшесінде орналасқан ғимаратта медициналық қызмет алатын болады. Емхана салынғаннан бері жөндеу жұмысы жүргізілмеген, 15 жылдан астам уақыттан бері елорданың барлық денсаулық сақтау мекемелерінде осындай көрініс байқалады, – дейді ол.

Сондай-ақ аталған медициналық мекемеде жаңа лифтілер, рентген, флюорография, УДЗ және басқа да құрылғылар орнатылып, демалыс орындары кеңейтілген. Жаңа жиһаздар алынып, заманауи желдеткіш, ауаны баптау жүйелері, электр ­қуаты, су құбыры, кәріз жүйесі, шатыр жабындысы жаңартылған. 90 мыңға жуық тұрғын тіркелген емханаға 9 ай ішінде 250 мыңнан астам қызмет алушы келген.

Баян АСЫЛБЕКОВА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button