Басты ақпаратДенсаулық

Елорда медицинасында қордаланған мәселе қандай?



Осы аптада еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы стационарлар мен емханаларды аралап, емдеу мекемелерінің медициналық көмек көрсетудегі мәселелеріне құлақ түрді және оларды шешу жолдарын талқылайтын кездесулер өткізді. Сонымен қатар ол елорда халқымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, жергілікті мәслихат депутаттарымен және азаматтық қоғам белсенділерімен кездесті. Қалалық №10 емханада өткен брифинг барысында жергілікті және республикалық БАҚ журналистерінің сұрақтарына жауап беріп,  азаматтарды жеке қабылдады. 

Министр алдымен қаладағы №1 қалалық балалар ауруха­насы, №2 перзентхана, №6 емхана, «Салауатты Астана» медициналық орталығына барды. Соның ішінде ең ірісі 90 мыңнан астам тұрғын тіркелген Астана қаласының №6 қалалық емханасында дәрігерлерімен алғашқы деңгейде медициналық көмек көрсету сапасына байланысты бірқатар проблемалық мәселелер талқыланды. Мұнда жалпы практика дәрігерлерінің біліктілігін арттыру, оларды негізгі қызметіне жатпайтын жұмыстардан босату, емдеу процесіне көбірек көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді.

– Күшейтуді қажет ететін тағы бір маңызды бағыт – емханалардағы пациенттерді қолдау қызметтері, олар шағымдар мен өтініштердің түсуіне жол бермей, жергілікті жерлерде тиімді ыңғайлы коммуникацияларды үйретіп, қамтамасыз етуі тиіс. Емханадағы пациенттер наразылығының негізгі себептері – арнайы мамандардың және аспаптық диагностиканың қолжетімсіздігі, сондай-ақ бекіту және дәрігерлердің науқастардың үйіне бару мәселелері, – деді министр.

Әрі қарай министр шақыр­тулардың төртінші санатына қызмет көрсететін емхана жанындағы жедел жәрдем қызметінің жұмысымен танысты. Шұғыл көмекті орталықсыздандыруды және аудандық деңгейге қайтаруды ескере отырып, осы практикаға талдау жасау және тиімділік жағдайында ірі МСАК нысандарында шұғыл науқастарға қызмет көрсетудің осындай тәжірибесін көбейту тапсырылды. Талқыланған келесі тақырып – мектептегі профилактикалық тексерулер, атап айтқанда, балалардың жалпы стоматологиялық аурулар профилактикасының сапасы, білім беру мекемелеріндегі гигиена кабинеттерін қалпына келтіру туралы болды. Дәрігерлер өз кезегінде медициналық ақпараттық жүйелердің жұмысы бойынша шағымдарын айтып, жалпы практика дәрігерлеріне пациенттердің кезектілігін төмендету жөнінде ұсыныстар берді. Бұдан әрі министр жалпы бекітілген 70 мың тұрғыны бар «Салауатты Астана» ЖШС медициналық орталығының жұмысымен танысты. Мұнда арнайы мамандардың жетіспеушілігі, пациенттердің шағымдарымен жұмыс істеу бойынша мәселелер сөз болды. Скринингтерді қаржыландыру және МСАК, яғни медициналық санитарлық алғашқы көмек беру деңгейінде бизнес-процестерді оңтайландыру мәселелері қозғалды.

№10 емханада өткен халықпен кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты қағидатын еске салды.

– МӘМС жүйесі – жинақтаушы емес және ол дербес шоттарды көздемейді, бірақ ынтымақтас­тық қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұл медициналық көмекке жүгінбейтін азаматтардың жарналары жоғалып кетпейді, қайтарылмайды, бірақ емделуге мұқтаж басқа пациенттерге қайта бөлінеді дегенді білдіреді. Әсіресе, құны 1 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейінгі қымбат тұратын медициналық көмек көрсету жағдайында, жинақтау жүйесі шеңберінде мүмкін емес айрықша технологияларды қолдану жағдайларында өте маңызды, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Салалық дәрігерге тікелей кімдер бара алады?

Медициналық ұйымдардағы пациенттер тарапынан шағымдардың ең көбі арнайы салалық мамандарға терапевт арқылы емес тікелей бару мәселесіне қатысты болады. Осыған орай министрлік алдағы уақытта арнайы мамандарға жолдама алу тәртібін, диагностикалық емшараларға жазылуды, жалпы практика дәрігерлеріне бірнеше рет жүгіну қажеттілігін қайта қарайтын болды.

– Қазіргі уақытта созылмалы аурулары бар пациенттер үшін арнайы мамандарға қолжетімділік процесін едәуір жеңілдететін жаңа регламенттер дайындалуда. Процестерді оңтайландыру нәтижесінде қолданыстағы анықтамалардың 27 түрін қысқарту көзделген, рәсімдердің негізсіз түрлерін алып тастау мақсатында диагнос­тика және емдеу хаттамалары қайта қаралуда, – деді министр.

Сонымен қатар, дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін толтыруға арналған міндеттер жеңілдетіледі, олардың бір бөлігі орта медициналық персонал деңгейіне ауыстырылады. Пациенттерге ыңғайлы болу үшін жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулардың тізбесі жалпы 42 зерттеуге қысқартылатын болды және олардың қолданылу мерзімін 3 айға дейін ұлғайту көзделуде.

Министр мына жағдайда арнайы салалық дәрігер мамандарға тікелей қаралуға болатынын жеткізді:

– шұғыл жағдайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да жарақаттар;

– шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;

– дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар;

– тіркелген жері бойынша акушер-гинеколог пен психологқа қабылдау;

– онкологиялық және гематологиялық бейіндегі ауруларға күдік болған жағдайда;

– динамикалық бақылау ауруының бейіні бойынша;

– жастар денсаулық орталықтарына жүгіну регламенті жеңілдетілген.

Астанада 7 емхана бой көтереді

Министрдің айтуынша, аталған жеті емхананың екеуі мемлекет тарапынан, ал қалған бесеуі кәсіпкерлердің жеке қаражатына салынады.

– Қазіргі таңда қала әкімдігімен тығыз жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет қаржысына салмақ салмай, инвесторлар өздері салып, 20-25 жылға мемлекет тарапынан беріліп отырған қаражатпен жұмыстарын үйлестіру қарастырылып жатыр. Қазақстан бойынша 300 мыңға жуық халық тіркелген жеке емханалар бар. Олардың тәжірибелерін зерттеп көрдік, – деді министр.

Ал жалпы Астана қаласы бойынша аудандарда емханалар туралы мәліметтерге келсек, Байқоңыр ауданында – 2 мемлекеттік, 3 жеке емхана, Алматы ауданында – 5 мемлекеттік, 5 жеке емхана, Сарыарқа ауданында – 7 мемлекеттік, 8 жеке емхана, Есіл ауданында – 1 мемлекеттік, 7 жеке емхана, Нұра ауданында – 1 мемлекеттік, 6 жеке емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Министрлік ұсынып отырған жобада жаңа емханалардың бірнешеуі сол жағалауда емхана саны аз Есіл мен Нұра аудандарынан бой көтермек.

Жалпы бүгінгі таңда Астана қаласында 11 стационар, яғни оның ішінде 3 көпбейінді аурухана, 3 көпбейінді балалар ауруханасы, қалалық фтизиопульмонология орталығы, қалалық психикалық денсаулық орталығы, қалалық перинаталды орталық, қалалық инфекциялық орталық және көпбейінді медициналық орталық, сонымен қатар 47 емхана, оның ішінде 16 мемлекеттік, 29 жекеменшік емхана, ІІМ Орталық госпиталі, ҰОС арналған орталық клиникалық госпиталь, одан басқа 7 республикалық аурухана бар. Министрліктің Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бойынша жоспарына қаланың денсаулық сақтау жүйесіндегі инфрақұрылымын дамыту, Бірыңғай скрининг орталығын ашу, басқарма жанынан ситуациялық орталық құру, медициналық ұйымдарды техникамен жабдықтауды және медицина мамандарын еліміз бен шетелде оқытуды жалғастыру жатады.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button