Қоғам

Елордада дәрігер құрметке ие



Әрине, мамандықтың бәрі жақсы. Оның ішінде айрықша мамандықтар бар. Адам өміріне араша болатын дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әсіресе жергілікті тұрғылықты жері бойынша емханаларға елордалықтар жиі барып, денсаулық жағдайын тексереді, қажетті ем-домды алады. Сондай тұрғындары көп емхананың бірі – №4 қалалық емхана. Зейнепкүл Досжанова – көп жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер, 1-отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі, ұжымда үлкен абыройға ие ақ халатты абзал жанның бірі.

Ерекше басталған еңбек жолы

Зейнепкүл Досжанова Қарағандыдағы медицина университетін тәмамдаған. Бұл оқу орны – денсаулық сақтау жүйесі үшін білікті кадрларды даярлауға арналған Қазақстанның жетекші медицина университеті, білім беру, ғылым, емдеу-диагностика қызметін көрсетуде жоғары беделге ие. Университет түлектері Қазақстанда, жақын және алыс шетелде табысты жұмыс істейді.

– Альма-матерім – менің университетім маған өте көп білім мен қызықты естеліктерді тарту етті, ұстаздарыма алғысым шексіз. Ұлағатты ұстаздарым мен сияқты қаншама студентке қанат бітіріп, білікті дәрігер етті, бұл олардың халқының саулығы үшін, болашағы үшін қосқан ерекше еңбегі деп білемін. Еңбек жолын терапевт болып Жезқазған қаласында бастадым. 2007 жылы Астанаға көшіп келген соң, №4 қалалық емханаға телім дәрігері болып жұмысқа тұрдым. Қаланың қызу тіршілігіне қауырт жұмыспен араласып кеттік, – дейді Зейнепкүл Мелдібекқызы бізбен әңгімесінде.

Зейнепкүл ­Досжанова ­Қарағандыдағы медицина университетін тәмамдаған. Бұл оқу орны – денсаулық сақтау жүйесі үшін білікті кадр­ларды даярлау­ға арналған Қазақстанның жетекші медицина университеті, білім беру, ғылым, емдеу-диагностика қызметін көрсетуде жоғары беделге ие. Университет түлектері Қазақстанда, жақын және алыс шетелде табысты жұмыс істейді

Жұмыстағы оқыс оқиғалар

– Дәрігер болып істеген соң неше түрлі сәттер болады. Соның ішінде ең есімде қалғаны – келген бір науқастың дене қызуы 37,5-37,9 аралығында болды, бір қызығы басқа ешқандай шағымы жоқ, визуалды өзгерістер байқамадым. Аурудың ешқандай белгілері жоқ, барлығы сау адамдыкіндей, сонымен науқасты қосымша тексеру, талдау әдістеріне жібердім. Рентгеннің қорытындысы бойынша қарасақ, кеудесі таза, ультрадыбыстық тексерулері дұрыс, бірақ қан сараптамасына қарасақ, эритроциттердің шөгу жылдамдығы мен лейкоциттері жоғары екен. Шағымдарын сұрасам, дене қызуынан басқа ештеңе алаңдатпайды. Бірақ қарсы алдымда отырған нау­қастың өзін ыңғайсыз сезініп отырғанын байқап қалдым да, одан неге алаңдап отырғанын сұрадым. Сөйтсем, ол бұлшық етіне укол алып, содан түйін ісініп, қызарып кеткен екен. Диагноз анықталды, соған қатты қуанғаным бар, – дейді З.Досжанова.

Аурудың алдын алу маңызды

«Емханаға көп науқас келеді, ауруын өткізіп, асқындырып алғандарға қандай кеңес бересіз?» деген сауалымызға жоғары санатты білікті дәрігер былай деп жауап берді:

– Емханаға жас баладан жасы ұлғайған қарияға дейін көп келеді. Көбі – иммунитеті түскен, бірқатары ауруын өзі асқындырып алғандар. Себебі уақытында қаралмаған олар өз саулығы өз қолында екенін ұмытып кетеді. Ерте тұрмау, уақытылы сапалы тамақтанбау, салауатты өмір салтын қадағаламау, міне, осындай факторлардың барлығы да ауруға әкеліп соғады. Сол үшін жыл сайын скрининг өткізіп тұрамыз, ол аурудың алдын алудың бірден-бір жолы деп білемін.

Орындалған арман. Отбасым – тірегім

Қауырт тірлігінен босаған уақытын Зейнепкүл Мелдібек­қызы отбасы, жары, екі баласына арнайды. Оларға көбірек көңіл бөліп, дәмді тамағын жасап беріп, демалыста отбасымен бірге болғанды ұнатады:

– Өзімнің бала кездегі арманымның орындалып, сүйген мамандығыммен жұмыс істеп, көпшілікке көмегімді тигізіп жүргеніме өте ризамын, өзімді бақытты сезінемін. Жұмыс қаншалықты ауыр болса да емделіп, риза болып кеткен науқастарымды көріп, барлық ауыртпашылықты ұмытып кетемін. Шаршағанда, қуанғанда, қайғырғанда отбасым үнемі қасымнан табылады. Отбасым менің әр бастамамды қолдап, әрқашан маған жігер беріп, демеп жүреді. Біз отбасымыз­бен бір командамыз, себебі барлығымыз да медицина саласында жұмыс істейміз. Мақсатымыз да ортақ, арманымыз да бірге. Ұлт саулығы үшін ұлы мұрат жолындамыз, осыған қуанамын.

Астанам – асқақ ордам!

– Астана – Еуразия жүрегіндегі қала, ардақ тұтар асқақ мекенім! Мұнда 2007 жылдан бері тұрамын, қала жыл сайын өсіп, көркеюде, шынын айту керек, маған Астананың барлық жері қатты ұнайды, алыс кетсем, үнемі сағынамын, өйткені Отаным, отбасым мекендеген елорда мен үшін қадірлі, қасиетті. Елордада дәрігерлерге өте жақсы жағдай жасалып отыр. Жыл сайын мемлекетіміз ақ халатты абзал жандарға неше түрлі мүмкіндік беруде. Елімізде медицина саласын қаржыландыру соңғы ондаған жылдарда бірнеше еседен артық ұлғайды. Елордамыз көркейіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш, жастарымыз саналы, жоғары маман иесі болуын тілеймін, – дейді З.Досжанова бізбен әңгімесінде.

P.S: Денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жылдан-жылға артуы, материалдық-техникалық базаның нығаюы, білікті, тәжірибелі дәрігерлерді қолдау, әрине, сапалық өзгерістерге әкеледі, ең алдымен, халық денсаулығынан көрініс табатыны сөзсіз.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button