Басты ақпаратЕл тынысы

Елордада – «Гауһар лига»



Елордада жеңіл атлетикадан әуесқойлар арасындағы Indоor Run Astana жарысы өтті. Qazaqstan спорт кешенінде жүздеген спортшы бірнеше қашықтық бойынша бәсекеге түсті. Ал 27 қаңтарда елордада алғаш рет «Гауһар лига» сериясындағы World Indoor Tour Gold – Astana Amoor meet for Amin Tuyakov Prizes халықаралық турнирі өтеді. Бұл жарысқа 45 елдің спортшылары қатысады.

Жеңіл атлетикадан әуесқойлар арасындағы Indoor Run Astana-2024 жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде 100-ден аса әуесқой спортшы бас қосып, бірнеше қашықтық бойынша жүлдегерлерді анықтады.

«Дәл осы спорт кешенінде келесі аптада алғаш рет World Athletics Indoor Tour Gold Label турнирі өткізіледі. Айтулы жарыста Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары, атақты спортшылар өнер көрсетеді.

Міне, сіздер де жеңіл атлетикалық Qazaqstan спорт кешенінде екінші мәрте жарысқа қатысып жатырсыздар. Сіздердің де көрсеткіштеріңіз жақсарып, халықаралық деңгейге көтерілуіңізді тілеймін!» деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Карбозов сайыстың ашылу салтанатында.

Сайысқа елімізден өзге Ресей, Ұлыбритания сынды мемлекеттерден әуесқой спортшылар қатысты.

«Бұған дейін триатлон спортымен айналысып келдім. Енді әуесқойлар арасындағы жеңіл атлетика жарыстарында өнер көрсетіп жүрмін. Алматы, Астана марафондарына тұрақты қатысамын. Бүгін алғаш рет жабық кешендегі манежде жүгірдім. Әрине, оңай болмады. Дегенмен жеңіл атлетикадан сайыстардың көбеюі барлығымыздың уақыт көрсеткішімізді жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз. Кәсіби желаяқтарға арналған спорт кешенінде жүгіріп, керемет әсер сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз» деді айтулы жарыста 1000 метр қашықтықта жеңімпаз атанған Айнұр Құмарова.

Сондай-ақ турнирде әуесқойлардан бөлек, интеллектуалдық дамуы шектелген 4 спортшы сайысқа түсіп, өзара жеңімпазды анықтады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2022 жылы Indoor Run Astana жарысында 70 қатысушы болса, биыл олардың қатары 120-дан асты.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Астана қаласы әкімдігі тағайындаған жүлделермен марапатталды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button