Ел тынысы

Елордада қалалық Аналар симпозиумы өтті



 Әл – Фараби атындағы Оқушылар сарайында  8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Аналар мектебінің» ұйымдастыруымен «DANA ANA-ALTYN BALA» атты қалалық аналар симпозиумы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

           Қалалық симпозиумға көп балалы аналар, Астана қаласы мектептері оқушыларының аналары, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері және ардақты әжелер қатысты. Аталған оқушылар сарайындағы «Аналар» мектебінің төрайымы А.Игенова, ақын, жазушы Ғалия Құсайынқызы өздерінің өмірлік тәжірибесін қатысушылармен бөлісті. Симпозиум барысында жас ұрпақтың бойына саналы тәрбие сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасының беріктігі мен берекесін арттыру бағытында рухани әңгіме өрбіді.

-Бүгін іс-шарамызға келген аналардың бәрінің балалары осы оқушылар сарайындағы үйірмелерге қатысады. Мен де солардың бірімін. Немерелерімді жетектеп әкеп жүріп, сарай әкімшілігінің қолдауымен 2020 жылы осы Аналар мектебін құрдық. Келешек ұрпақты тәрбиелеу, жас аналарға ақыл-кеңесімізді айтып, қамқоршылық таныту, аналық, әжелік үлгі-өнегемізді көрсету – басты мақсатымыз. Біздің мектеп аналары әр мерекеде өзінің концертін қояды, ата-аналар мен ұстаздар арасындағы кейбір мәселелерді шешуге көмектеседі, – дейді «Аналар» мектебінің төрайымы Ардақ Игенова.

Оқушылар сарайының әдістемелік бөлім меңгерушісі Қымбат Мұқанқызының айтуынша, Аналар мектебінің жиындарын бұған дейін дөңгелек үстел, форум түрінде өткізген, ал симпозиум түрінде алғаш рет ұйымдастырып отыр.

-Қатысушылар ойын қағазға қарап айтпай, сол сәтте еркін форматта сөйлеуіне мүмкіндік бердік. Жалпы Аналар мектебі құрамында елордадағы 250-ге жуық ана бар, солардың ішінде 56 ана бүгін осы іс-шараға қатысты. Көбіне қаланың шет аймақтарындағы мектептердің оқушыларының аналарын шақырдық. Аналар мектебінің қызметі – қоғамдық жұмыс, бұған сондықтан қоғамда белсенді аналар жиі келеді, – дейді бөлім меңгерушісі.

Симпозиумның соңында аналарға оқушылар сарайындағы балалардың өз қолымен жасаған бұйымдары естелікке сыйлыққа берілді және Алматы ауданы әкімдігінің атынан гүл шоқтары табыс етілді.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button