Басты ақпарат

Елордалар тарихы



Қазақтың бір байтағы – Орынбор

1920 жылы Қазақстанның алғашқы астанасы қазіргі Ресей Федерациясының Орынбор облысының аумағындағы Орынбор қаласы болды. Сол кезде автономиялы Қазақстан астанасының уақытша Орынборда болатындығы баршаға мәлім еді. Біріншіден, патшалық өкіметтің тұсында бұл қала Орынбор шекара желісінің ішкі бөлігінде орналасқан еді. Ал қазақтардың бұл жақта жүріп-тұруы шек­теулі болатын. Далалықтар тек арнайы төлем (билет) төлеу арқылы ғана бұл қалада уақытша тұрақтай алатын. Екіншіден, Орынбор Қазақстанның барлық өңірлерінен тым алшақта орналасқандықтан, салдары да сәйкесінше еді. Үшіншіден, автономиялы Қазақстанның шекарасы башқұрттардың жері­не өте жақын болуы да тілі, діні мен мәдениетінің тамыры бір халықтардың көрші­лес болуынан қауіптенген боль­­шевиктерге ұнай қоймады. Сондықтан да жуық арада аста­наның көшірілетіні, демек, жаңа Қазақстан шекарасының өзгеретіні белгілі еді.
Жаңа астана ретінде «үміткер» қалалар қатарында Семей, Ақтөбе, Орал, Алматы, Ақмешіт, Шымкент болды. Тіпті бір кездері қазақ билеушілерінің басқаруында болған және дәстүрлі тұрғыдан пайыздық жағынан қазақ тұрғындары басым орналасқан Ташкент қаласы да қарас­тырылды. Ең қызығы, сол кезде үміткер-қалалардың арасында Ақмола да болған еді.

Сыр бойына да ордасын тікті

1925 жылы Қазақстанның астанасы Ақмешітке ауыстырылды. Жаңа астана Қазақ хандығының бұрынғы елордалары болған Сығанақ пен Түркістаннан тым алшақта емес еді. 1925 жылдың сәуірінде осында өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қырғыз АКСР атауы Қазақ АКСР болып өзгертілді. Алайда кейінгі оқиғалар көрсеткендей, жаңа ыңғайлы көлік-қатынас жолдары болмағандықтан, жаңа астана ел ордасы мәртебесіне соншалықты лайық келе қоймады.
Түрксіб құрылысының басталуы ел ордасын Алматыға көші­рудің басты себебі болды. Бұл қала арқылы қолайлы көлік магистральдары өтетін. Ол жерден Орталық Азияның басқа республикаларына да шығуға мүмкіндік болатын. Ел ордасы заңды тұрғыда 1927 жылдың 3 сәуірінде көшірілді. Ал іс жүзінде көшіру тек 1929 жылы ғана жүзеге асты. Осылайша, Алма­ты қаласы 1997 жылға дейін Қа­зақстанның елордасы болды.

Орталыққа неге көштік?

Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде мәселе туындады. Бұл идеяны көтерген Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев болатын. Елбасының осындай қадамының қажеттігіне күмәнданғандарды сендіруге тура келді. Расында да, республиканың орталығын жаңа орынға көшіруге дәйекті негіз, салмақты себептер болды.
Біріншіден, бұл кезде Алматының дамуы үшін аумақтық ресурс таусылған еді. Қала енді қайтіп құлаш жазып дами алмайтын еді, өйткені барлық жағынан дерлік таулар қоршап қалды. Мегаполис 700 мың тұрғынға деп жобаланған еді, ал сол кезде оның тұрғындарының саны 1 миллионнан асып кеткен болатын. Оңтүстік мегаполисті сумен қамту, кәріздендіру жағынан елеулі қиындықтар туындады. Екіншіден, Алматының экологиялық ахуалы да нашарлай түсті. Бұл сейсмикалық қауіпті өңір еді. Қаланың желдетілуі нашар болды. Үшіншіден, республиканың оңтүстік бөлігінде халық тығыз­дығы жоғары, ал солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде өте төмен болды. Төртіншіден, Алматы барлығын жұмыспен қамти алмады: жаңа кәсіпорын­дардың ашылуы электр қуатының жетіспеуші­лі­гіне, шикізат, су және т.б. жет­­кізудің қиындығына байла­нысты шектелді. Бесіншіден, ел орда­сының солтүстікке ауыс­тырылуы геосаяси жағдайларға да байланысты болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында атап көрсеткендей: «Осы әрекетімен Қазақстан Солтүстікпен және Оңтүстікпен, Шығыспен және Батыспен тең құқықты ынтымақтастыққа ашықтығын паш етті». Бұған қоса, елдің орталығы республиканың барлық шекараларынан тең қашықтықта орналасуы тиіс еді. Алтыншыдан, ел ордасын көшіру қажеттігі елдің индустриалдық-инновациялық дамуы үшін алға қойылған міндеттерге де байланысты болды.

Алматыдан – Ақмолаға

Ресми деңгейде бұл бастама 1994 жылдың 6 шілдесінде Н.Ә.Назарбаевтың республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сөйлеген сөзінде айтылды. Депутаттар қолдап, шұғыл түрде елорданы көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге нұсқау берген қаулыны қабылдады.
Бұдан кейінгі оқиға былайша өрбіді: 1995 жылдың 15 қыркүйе­гінде Мемлекет басшысы елорданы Ақмолаға көшіру туралы Жарлыққа қол қояды да, осы жылдың 28 қыркүйегінде Үкімет Мемлекеттік мекемелерді көшіру жөніндегі комиссияны құрады. 1997 жылдың 20 қазанында тәуелсіз қазақстанның өмірінде маңызды тарихи оқиға орын алды: Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің елордасы Ақмола болды.
1997 жылғы 8 қарашада елордаға мемлекеттік биліктің ерекшелік белгілері – ту, елтаңба және Президент штандарты әкелінді. Парламенттің қос палатасының бірлескен мәжілісінде Н.Ә.Назарбаев: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы өкіметі, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола біздің мемлекетіміздің астанасы болып табылады деп салтанатты түрде мәлімдейміз» деп атап көрсетті.
1998 жылдың алтыншы мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақстанның жаңа елордасына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атауы мен медалі берілді. Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық таныстырылымы 1998 жылдың 10 маусымында бірқатар шет мемлекеттердің басшыларының қатысуымен өтті.
Жаңа 1998 жылды республи­камыз жаңа елордада қарсы алды. Бұл жаңа, орасан зор ау­қымдағы және бұрын-соңды жан естімеген мерзімде іске асырылған мега жобаның бастамасы болды. Иә, Астана дәл бірден бүгінгідей бола қалған жоқ. Бұл Елбасының және жаңа мегаполистің құрылысына барын салған азаматтардың орасан зор, жанкешті еңбегінің арқасында мүмкін болды.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымдарының докторы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button