Қала мен Сала

Елордалық оқушылар Наурызды қуанышпен қарсы алды



Сарыарқаның көк тасы жібіп, күн мен түн теңелетін қасиетті күні Наурыз мейрамын Астанадағы №16 мектеп оқушылары да ерекше қуанышпен қарсы алды. Осыған орай, білім ордасында салтанатты шара ұйымдастырылды. 

Мерекеге қатысқан 1 «а» сыныбының оқушылары айрықша белсенділік танытты. Мәдина Қалиеваның жетекшілігімен осы сынып алдымен мерекеге сай ұлттық нақышта безендіріліп, жерге қазақтың оюлы көрпешелері төселді. Жылдағы дәстүрге сай мұнда ақ дастарқан жайылып, ортадағы дөңгелек үстелдің үсті ұлттық тағамдарға толды.

Сынып оқушылары шетінен сәнді киініп, сахнаның көркін қыздыра түсті. Ұлттық көріністер арқылы қазақ дәстүрінің сан-саласы ашылды.

Ақ түйенің қарны жарылған күнді қарсы алу үшін ортаға Қыдыр Ата бейнесін сомдаған оқушы Абдолла Серік шығып, барша жиналған жұртшылықты, ата-аналар мен мектеп ұжымын, оқушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Одан әрі Камила, Қамбар, Мәдина, Аружан есімді оқушылар ұлттық салт-дәстүрден жас сәбиге ат қою рәсімін көрсетті.

– Біздің мектепте осындай шаралар жиі өткізіледі. Мұндағы мақсатымыз – бүлдіршіндерді қазақ салт-дәстүріне үйрету, халқымыздың ежелгі тұрмысы жайында айту. Бүлдіршіндер белсенді атсалысуда, – дейді көңілденіп мектеп директоры Балжан Айтмұхаметова.

Балалар болса, халық әндерін шырқап, «Қара жорға» билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Шара соңында қонақтар мен оқушылар ұлттық тағамдардан жайылған дастархан басына жайғасып, Нау­рыз мерекесіне орай жеті түрлі дәм салып дайындалған наурыз көжеден дәм татты.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button