Қала мен Сала

Елордалық спортшылар ерледі



Азиада жеңімпаздары елге оралды. Ел абыройын асқақтатқан спортшыларды Астанадағы әуежайдан туған-туыс пен дос-жаран үлкен қошемет көрсетіп қарсы алды.

Азия ойындарында джиу-джитсудан үш алтын медаль алдық. 69 келі салмақта сынға түскен Нұржан Батырбеков ел қоржынына жетінші алтын медаль салды. Бірінші айналымда Сауд Арабиясының өкілі Осаму Кандил, сосын тәжікстандық Рамшед Абдуллоев және жартылай финалда 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері оңтүстіккореялық Чо Сон Хенді жеңіп, финалға шықты. Ақтық айқаста екі дүркін Азия чемпионы Мохаммед әл-Сувайди 4:2 есебімен басым түсті. Сөйтіп, шығыс жекпе-жек түрінің спортшылары ел абыройын асырды.

– Қарсыластарым жақсы дайындықпен келіпті. Жартылай финалда да, финалда да оңай болған жоқ. Тәжірибелі спортшылардан айламды асырып, елдің әнұранын шырқатқаныма қуаныштымын. Мұнымен тоқтамаймыз. Алда байрақты бәсекелер бар. Дайындықты күшейтіп, жеңісті жолды жалғастыра беремін, – деді Нұржан Батырбеков.

Азиадаға джиу-джитсудан бес астаналық спортшы қатысса, соның бірі – Галина Дуванова. Ол қарсыластарының осал тұсын тауып, финалға шықты. Алайда күміс медальды қанағат тұтты.

– Азия ойындарына дейін Америкада бір айдай жаттықтық. Оған қоса, екі айдай Алматыда жаттығудан өттік. Сайыстың өзі өте жоғары деңгейде өтті. Бәсеке де жоғары. Негізі, алтын медаль аламын деп шаршы алаңға шықтым. Бұйырғаны – күміс. Дайындықты жалғастырып, тактикалық қателіктермен жұмыс істеп, техникалық шеберлігімді шыңдай беремін. Алдағы жарыстарда алтын медаль алуға барымды саламын, – деді чемпион рухты Галина.

Сондай-ақ көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының мүшесі, Астана қаласының үздік гимнасшыларының бірі Эрика Жайлауова Азия ойындарының топтық бәсекесінде күміс жүлдеге ие болды.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button