Елорда тынысы

Елорданы дамытатын стартап-жобалар



Жақында «Астана Innovations» алаңында Астана қалалық әкімдігі құрылымдық мекемелерінің қатысуымен стартап-жобалар бойынша дөңгелек үстел өтті. Бұл жұмыстар елорданың өзекті мәселелерін шешуге ықпал ететін ІТ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Астанада ақпараттық технологиялар саласында стартап-жобаларды қолдауды көздейтін түрлі бағдарлама өткізіледі. Қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге ІТ кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыс жүргізеді. 2023 жылдың басынан бері ІТ жобалар бойынша 100 өтінім түскен. Соның 60-тан астамы өңірлерді басқару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, цифрландыру, инфрақұрылым, денсаулық сақтау сияқты салаларды қамтиды.

Астана қаласының әкімі қатысқан соңғы «Pitch Day» іс-шарасында келесідей 10 стартап-жоба таныстырылды. Атап айтқанда, Әсел Дүйсембаева ұсынған «Үй басқарушы» жобасы – тұрғындарға, МИБ, ПИК-ке арналған цифрлық экожүйе, ол QR-кодпен кіру немесе қосымша арқылы шлагбаумды алыстан ашу жүйесінен тұрады және тұрғын үйлер ауласына арнайы қызметтердің еркін кіруін қамтамасыз етеді. Екіншісі – Дәурен Әшімнің «Oqylyq» жобасы. Бұл сервис онлайн-тес­тілеу, сертификаттау, білім беру олимпиадалары мен қашықтан емтихан қабылдау жүйелерін қамтиды. Үшіншісі – Берік Нұрымбетовтің «Alaqan mektep» жобасы. Бұл – балалардың зиянды тағамдарға ақша құртуының алдын алатын, оқушыларға арналған тамақтанудың қолма-қол төлемсіз жүйесі. Сондай-ақ Александр Кимнің «Socium» жобасы да ерекше. Ол ұсынған цифрлы талдау тұғырнамасы науқастарды мемлекет тарапынан дәрілермен қамтамасыз етуді қоса алғанда негізгі 4 бағытқа бағдарланған. Ал Нұрлыбек Үдербаевтың «Елорда иммунитеті. KZ» деген жобасы – нақты бір адамның иммунитетін анықтауға арналған халықты иммунологиялық жаппай тексеру технологиясы. Сонымен қатар Сейілбек Мықтыбековтің «Beyne.ai Video Analytics» жобасы – азаматтық және корпоративтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнекамералар арқылы және ашық ақпарат көздерінен тұлғаларды іздеп, тану технологиясы. Тағы бір жоба – Зурет Борсованың «Operational Platform of Expert Recognition (O.P.E.R)» деген идеясы. Бұл интеллектуалды жүйе бейнебақылау арқылы тұлғалар мен автокөлік нөмірлерін тануға, ситуациялық және жол бойынша талдау жүргізуге бағытталған. Дияр Нұғмановтың «CО STUDENT» жобасы – студенттердің сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімін автоматты түрде белгілейтін қосымша. Азамат Байбулатовтың «Қолжетімді аула» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлердің жабық аула аумақтарына тұрғындар мен шұғыл қызметтердің кіруіндегі шектеу мәселесін шешеді. Нұрислам Исақовтың «МДМС» жобасы – мемлекеттік сатып алу порталынан сертификаттар мен позициялар бойынша деректер жинау және талдауға арналған Web-қосымша.

Аталған барлық жобаның ішінен сынап көруге іске қосу үшін бірнешеуі іріктеліп алынды. Атап айтқанда, «Елорда иммунитеті. KZ», «Alaqan mektep», «Oqylyq» және «Socium», «Үй басқарушы», «Қолжетімді аула» жобалары бойынша аудан әкімдіктері базасында ПИК/МИБ өкілдерімен бірге бірқатар отырыс ұйым­дастырылды.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button