ӘлеуметҚала тіршілігіҚоғам

ЕЛОРДАНЫҢ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ



Жыл өткен сайын елордада еңбек етуге келіп жатқандардың саны артып келеді. Астана қаласы Ішкі істер департаментінің миграциялық қызметінде тіркелген шетелдіктердің саны соңғы бес айдың ішінде 64 мың адамға жетіп отыр. Салыстыра кетсек, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 61 562 адамды құрап, 4 пайызға артқан. Соңғы бес айдың мәліметі бойынша Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстаннан келген 14 829 жеке адамдарға жұмыс істеуге болады деген рұқсат (патент) берілген. Еңбек мигранттарының салық төлеуінен түскен түсім 178 миллион теңгені құраған.

Сонымен бірге, Астанада тұрақтап қалуға тілек білдіргендердің саны артып келді. Өткен жылы ықтияр хатты 623 шетелдік рәсімдесе, 784 адам Қазақстан Республикасы азаматтығын алған.

Кешегі өткен тарихы мен тереңінде жатқан ортақ тамыры, діни ұстанымы бір болған соң, өз арамызда өзбек-қырғыз болып ерекшеленбейді. Көрші мемлекеттердей түрі мен түсінің, көзінің қиығына қарап бөліп халық арасы бөлінген жоқ. Бұл да мигранттар үшін қолайлы. Осыдан бір жыл бұрын ресейдің мигранттар мәселелерін зерттеп жүрген антрополог ғалым Сергей Абашинмен кездесіп, пікірін білген едім. Ол: «миграция әлемде, Еуропада, Ресейде маңызды саяси мәнге ие болып, саяси қақтығыстардың құралына айналды. Мәселенің күрделі түйінімен қатар, түсінбеушілікті пайдаланып, қолдан кедергі жасалған тұстары да бар. Нақты жағдай мен статистика басқаша болса да, оның «жағымсыз аты» саяси мүддеден туындап жатқанын жоққа шығармау керек» деп, белең алып кеткен көлеңкелі тұстарын ашып еді. Сол жолы ғалым: «Мигранттар болған, бола береді де. Оларға да бүгінгі нақты тірлігіміздің бір бөлшегі ретінде қарап, ортақ тіл табуымыз керек болар» деп ақыл қосты.

Еңбек мигранты туралы мәселені тарқатпас бұрын, олар кімдер деген сұрақтың басын ашып алайық. Олардың дені – 25 пен 40 жас аралығындағы азаматтар. Өзбек пен тәжік ағайындар қарақан қара бастарымен екі қолға бір күрек деп келеді. Ал қырғыздардың олардан айырмашылығы бала-шағаларымен бірге жүреді.

«Астанаға ағылып келіп жатқан ұлы дүрмекке еріп әркімдер келеді. Олардың арасында орта мектепті кеше бітірген, осында келгенде әп-сәтте жұмыс тауып, байлыққа кенелеміз не болмаса ойлағанымыз бірден бола қалады деп, үлкен үмітпен келеді. Айта кету керек, Астанада оларды ешкім күтіп отырған жоқ. Жұмыссыздық мұнда да бар. Әр елдің салты басқа демекші мұндағы орта да белгілі бір тәртіпті қажет етеді. Ал тез баюды аңсаған жас түрлі жолға түсіп кетуі әбден мүмкін. Түрлі діни ағымдар шырмауына түсіп, наркотрафиктің қатерлі жолына, не қылмысты топтардың құрсауына ұрынуы да ғажап емес. Сол себепті еңбек мигранттарының әлеуметтік мәселелерінің тұстары сан қырлы» дейді «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің басшысы, Астана қаласында «Еңбекші-мигранттарды қолдау және оқыту орталығы» басшысы Шавкат Исмаилов.

Елордада мигранттардың үлкен бөлігі құрылыс алаңдарында тер төксе, енді бір бөлігі қызмет көрсету орындарында, жеке тұлғаларға жалданып нан тауып жүр. Қазақстанның қолданыстағы заңы бойынша бір жеке тұлға бес қызметшіге дейін адам жалдауына болады екен. Елордадағы бала күтушісі, үй қызметшісі, аула сыпырушы тағы басқа үй шаруашылығындағы жұмыстарын атқаратындардың дені еңбек мигранттары яғни шетелден келген азаматтар.
Еуразиялық экономикалық одақтың бір мүшесі ретінде Қырғызстан Республикасынан келген азаматтардың осы одаққа мүше елдерде еркін жұмыс істеуіне жол ашылған. Одан басқа да балалары қаладағы мектептерде білім алуына, жалпыға бірдей медициналық қызметке де құқысы бар. Мұндай жеңілдіктер қырғыз ағайындардың отбасымен бірге көшіп келіп, осында тұрақтап қалуына мүмкіндік береді.

Қазақстан азаматы, ұлты қырғыз Әбдрашит көптен бері Орталық базарда сауда жасайды. «Осында жүрген соң мені жағалап, жұмыс іздеп келушілердің саны аз емес. Көбісі ағайын-туыс. Олардың саудаға тартып мүмкіндігінше жағдайын жасап, жалақысын беруге тырысамын. Сауда жасаудың өз қиындығы бар, өз ортасы бар. Базардағы қытай тауарларының 70 пайызы Қырғызстаннан келеді. Оны алып келіп тасып жүретіндер осы мигранттар қатарын толтыратын қырғыздар» деді.

«Елорда еңбек нарығындағы еңбек мигранттарының құқықтық әлеуметтік жағдайына келсек, өз жағдайын өздері күрделілендіреді» деген Шавкат Исмаловтың сөзін «Дуслик» өзбек этномәдени орталығының басшысы Шерзод Пулатов та мақұлдайды. Оның айтуынша өзбектер құрылыстарға қамтылса, басым бөлігі тандыршы, самса пісіруші, палаушы болып болып жұмыс істейді. Өзбекше ән айтатын әртістер де Астанаға келіп еңбек етіп несібесін теріп жеп, бағын сынап жатады. Талап бойынша заңды тұлғалар шетелдік азаматтарды арнайы рұқсатнамамен ғана жұмысқа алуға тиісті. Ол жұмысқа алғалы тұрған адамның кәсібін білетін Қазақстан азаматы болмағанда ғана беріледі. Осы негізде жұмыс беруші қала бюджетіне 400 мыңдай теңгені құйып қана, өзбектерді жұмысқа алуы тиіс.

Алайда жұмыс берушілерге осындай соманы төлегеннен гөрі, қонақ ретінде қабылдап, ай ма ай оны создырып отыру тиімді. Еңбек мигранттары шекарадан өткенде еңбек етуге келгенін жасырмай ресми тіркелсе, ешқандай кедергі болмас еді. Олардың заңсыз жүрген жағдайы жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттерге барып, адам құқығын белден басуға итермелейтіні рас. Миграция төңірегіндегі құқықтық мәселелерді шешуде жергілікті атқару органдары құзырлы мекемелердің қызметі жеткілікті. Оның өзіндік әлеуметтік қайшылықтарымен қатар жүретінін жоққа шығаруға болмайды. Біздің мақсатымыз жағдайды талдап түсіндіру ғана.

Айгүл УАЙСОВА 




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button