Қала мен Сала

Еңбегімен еленген мемлекеттік қызметкер



Адам баласы еңбекпен ғана көркейеді. Адал тірлікпен нәпақа тауып, отбасын асыраған адамның қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, тіпті экономикалық және мәдени байлықтар, сайып келгенде, бәрі де адам еңбегімен жасалады. Таза еңбегімен еленіп, ел құрметіне бөленіп жүрген сондай жандардың бірі – Алматы ауданы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ғарифолла Байтұрғанов.

Астана қаласының Алматы ауданы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінде жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Ғарифолла Байтұрғанов 1978 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына оқуға түсіп, физика-математика мұғалімі мамандығы алып шыққан. Екінші мамандығы – заңгер, Еуразия гуманитарлық институтын тәмамдаған. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асса, мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі 33 жылға жуықтапты. Оның ішінде Алматы ауданы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінде еңбек еткеніне он сегіз жылдан асып барады.

Алғашқы еңбек жолын 1982 жылы Қостанай облысындағы Комсомол ауданының Бөрлі совхозындағы «Бөрлі» орта мектебінде мұғалім болудан бастаған Ғарифолла Оразұлы 1984-1990 жылдар аралығында Торғай облысының Аққұм орта мектебінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі меңгерушісі қызметін абыроймен атқара жүріп, 1990 жылдың наурыз айынан бастап Жанкелдин аудандық халық депутаттары кеңесінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кейін Қалам-Қарасу халық депутаттары ауылдық кеңесінің төрағасы, сол ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған. Ал 2001 жылдың қаңтар айынан бастап Астана қаласының Алматы ауданы бойынша Железнодорожный кенті әкімі аппаратында бас маман, 2005 жылдың наурыз айы­нан бастап осы уақытқа дейін аудан әкімі аппаратының тіршілікпен қамтамасыз ету бөлімінде бас маман болып жұмыс атқарып келеді. Осылайша, елордамыздың жаңа ауданының құрылуына, қоғамның сол күрделі кезеңдегі жас астанада болып жатқан өзгеріс­терді дұрыс қабылдауын қалыптастыруға қатысып, өзіндік үлесін қосып келеді. Барлық білімі мен күш-жігерін ауданның тіршілікті қамтамасыз ету қызметі деңгейінің жоғары болуына, жекеменшік кооператив пәтер иелеріне үйлерді күтіп ұстау және іргелес аумақтарды абаттандыруға, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығындағы Жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсаған жан «Астанаға 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен және бірнеше рет аудан әкімі мен қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

– Еңбек түбі – береке. Тіпті, мынау жыл сайын өткізіліп жатқан сенбіліктің тәрбиелік мәні ерекше. Әркім күрек-кетпенін қолына алып, тазалық жұмыстарына кіріскенде айналамыз абаттанып қана қоймайды, сол жұмысты атқарған адамдардың ішкі жан дүниесі де тазарып, жарқырай түседі емес пе?! Сондықтан, адам өз үйінің ішін, бөлмелерін қалай таза ұстаса, оның кіреберісі мен ауласының да жинақы болуына көп көңіл бөлуі керек. Жалпы, мен қала көшелерімен келе жатып, бөгде біреулердің қоқыс лақтырып жатқанын көзім шалса, уақытымның тығыз­дығына қарамастан, әлгі кісіні тоқтатып, тастаған затын қоқыс жәшігіне салғызамын. Келесі жолы бұлай істемеуін, керісінше оның да өзгелерді туған қаламыздың тазалығына атсалысуға шақырып, айналаға жанашырлықпен қарауын қарапайым тілмен түсіндіріп, ескертемін. Өйткені тазалық пен тәртіп – бүгінгі күннің басты талабы, – деді Ғарифолла Байтұрғанов.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button