Денсаулық

Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді



ҚР Премьер-министрі Асқар ­Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы санитарлық-эпиде­миологиялық ахуал жалпы тұрақтанып келе жатқанын айтты. Вирустың репродуктивтік индексі 0,97 құрайды, инфекциялық төсек орындар 53 пайызға, реанимациялық төсектер 47 пайызға толы.
Бүгінгі таңда 6,1 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 4,8 млн-нан астам адам екінші компонентін алды. Вакциналаудың жақсы қарқынына Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында қол жеткізілді.

Үкімет басшысы Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын едәуір күшейтуді тапсырды. Премьер-министр жаңа оқу жылына дайындық аясында 25 тамызға дейін мұғалімдерді вакциналауды аяқтап, оқу орындарының дайындығына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.

А.Мамин халықтың шектеу шараларын сақтауын одан әрі бақылауды және мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды, вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтуді тапсырды.

«Қызыл аймақтардағы» өңірлерде демалыс күнгі локдаундарды сақтау қажет. Халықтың шектеу талаптарының орындалуын бақылау­ды жалғастыру керек. Бұл үшін өңірлерде мониторинг топтарының саны көбейтілді, олардың қызметінің тиімділігін күшейту қажет. Барлық өңірлер мен мемлекеттік органдар вакцина салдырудың қажеттігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтілсін» деді Асқар Мамин.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет басшысына карантиндік іс-шаралардың талаптары бұзылатын жағдайларды мәлім етті.

«Карантиндік іс-шаралардың қолданыста болуына қарамастан бірқатар өңірде көп адамның жиналуымен салтанатты іс-шаралар, үйлену тойларын, еске алу түскі асын беру тыйылмай отыр. Карантинді өрескел бұзу фактілері де анықталып жатыр. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруыңызды өтінемін» деді министр.

«Қызыл аймақта» орналасқан өңірлерде демалыс күндеріне енгізілген локдаун сақталады. Ashyq жобасына қатысушылар санын арттыру жұмысы жалғасады. Бүгінгі таңда қосымшаға 4 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген, жобаға 111 мың бизнес субъектісі қатысады.
Сонымен қатар Үкімет отырысында жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері де қаралды.

Мал азығын дайындаудағы қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлімет берді.
Биылғы жаз ерекше құрғақ болды, соның салдарынан еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңір зардап шекті. Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі шешімдерді Жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб қабылдап жатыр. Биылғы 16 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 20,7 млн тонна ірі азық дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 81,7 пайызын құрайды. Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жем-шөп сатып алуға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді, жем-шөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Солтүстік өңірлерден жем-шөп жеткізілді. Батыс өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесіне волонтерлер де кірісті. Осы жылғы 23 тамыздан бастап ірі азықты республикадан шығаруға уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, биылғы 1 қыр­күйектен бастап мал жемін экспорттауға квоталау енгізіледі. «Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақтанды» деп А.Мамин, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсыр­ды. Үкімет басшысы егін жинау науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданғанын атап өтті. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты жетекші астық өндіруші елдерде бидай өнімділігінің төмендеуі болжануда. Болжам бойынша Қазақстанда дәнді дақылдардың жеткілікті көлемі жиналады. Сонымен қатар 6,5-7 млн тоннаға жуық экспорттық әлеует сақталады. Үкімет басшысы егін жинау науқанын сапалы өткізіп, элеваторлардың өнімді қабылдау мен сақтауға дайындығын қамтамасыз ету, астық қабылдау кәсіпорындарының оны сақтау үшін уақытылы қабылдауы қажет екенін атап өтті. Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде ЖЖМ-ді уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button