Қоғам

Еріктілер көмек көрсетті



Астанада «Ерікті болу оңай» ұранымен қысқы апталық аясында волонтерлер жалғызбасты зейнеткердің үй шаруасына көмектесті.

Қарт адамдарға қамқорлық жасау, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру және жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Астана жастары» жастар ресурсы орталығы құрамындағы еріктілер жалғыз тұратын қарт кісілердің ауласының қарын күреуді, үй шаруасына қолғабыс білдіруді дәстүрге айналдырып келеді.

– Халықаралық еріктілер күнін мерекелеу аясында, сондай-ақ 4-11 желтоқсан аралығында «Ерікті болу оңай» қысқы апталығы негізінде бірқатар іс-шаралар жоспарланды. Біз жалғызбасты зейнеткерлерге, тыл ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесеміз. Азық-түлік себеттерін жеткізіп, ауласын, үй ішін тазартуға волонтерлер жұмылдырылады. Мұндай акцияларды олар шын ниетімен жасап, қалап тұрады, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова.

Кезекті акция барысында волонтерлер Көктал тұрғын алабының тұрғыны Раида Мифтахова барды. Жастар 82 жастағы зейнеткерге үй шаруасына көмектесіп, гүлдерді суарып, азық-түлік себетін жеткізді. Ал зейнеткерлер болса көмек қолын созған ерікті жастарға алғысын білдірді.

«Жылда волонтерлер бізді ескеріп, үлкен көмек көрсетеді. Үй маңын қар басып қалғанда, шығуға мүмкіндігіміз жете бермейді. Мұндайда волонтер жастар барлық қарды тазартып, барын салып көмектесуге тырысады. Олар менің балаларым десем де артық емес. Жастарымыздың мейірімге, адамгершілікке толы жанашыр істерді жасауға ұмтылуы қуантады. Бізге, зейнеткерлерге қамқорлық жасап жатқандары үшін алғысымыз шексіз» деді қала тұрғыны Раида Мифтахова.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button