Білім

Пән олимпиадасы қорытындыланды

Астана қалалық Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен елордалық ұстаздар арасында өткізілген №59 мектеп-лицейінде пән педагогтарына арналған I қалалық олимпиданың жабылу салтанаты өтті. Оған мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты.

Іс-шараның мақсаты – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, оларды қолдау, ынталандыру және үздік педагогтарды анықтау болды. Олимпиадаға  барлық пәндер бойынша 1000-ға жуық педагогтар қатысты. Барлық қатысушылар сертификатпен, ал 307 олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Әдістемелік орталық басшысының орынбасары Алма Мұхамеджанова барлық жеңімпаздарды құттықтап, болашақта бұл жеңістің биік белестерге апаратын жолдардың бірі екендігін атап өтті.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ЖМБ және Stem технология зертханасының бас ғылыми қызметкері, профессор Орденбек Мазбаев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік  қоғамы «Астана қаласы бойынша кәсіби даму институты оқу бөлімі филиалының»  басшысы Күнсұлу Исентаева мен «Астана қаласы бойынша кәсіби даму институты оқу бөлімі филиалының аға оқытушысы Ләйлә Боранбаева, №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Гүлназия Байулова пән олимпиадасының құрметті қонағы болды. Жеңімпаздардың құрметіне Астана қаласының музыка пәні мұғалімдері өнер көрсетті. Іс-шараның соңы музыка пәні  мұғалімдерінен құралған хордың «Жайна Астана» және «Ұстазым» әнімен   орындауымен аяқталды.

Мұғалімдердің біліктілігін жетілдіріп отыру – заман талабы. Мұғалімдер арасындағы бұл сайыс педагогтардың өз мамандықтарына деген сүйіспеншілігін арттырып, білімдерін дамытуға ықпал етеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button