Мәдениет

Еркелеткен халқынан айналған



Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Бейбітшілік және келісім сарайында Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты мерейтойлық концерт өтті.

[smartslider3 slider=2413]

Кешке әйгілі әнші жарты ғасыр жұмыс істеген Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері, белгілі әншілер мен жас дарындар қатысты. Атап айтқанда, Алтынбек Қоразбаев, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Бағдат Сәмединова, Елмұра Жаңаберген, Айгүл Иманбаева, Құрмаш Махан, Мәдина Садуа­қасова, Жұбаныш Жексенұлы, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Рухия Байдүкенова, Әлібек Әлмадиев, Зарина Баженова, Татьяна Ким, Роза Тәжібайқызының немересі Үрбибі Бағланова «Астана» эстрада-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салды.

Концертте Роза Бағланованың репертуарынан алынған «Ах, Самара – городок», «Әдемі-ау», «Бәрінен де сен сұлу», «Сәулем-ай», «Іңкәрім-ай», «Ақтамақ», «Сыр гүлі», т. б. халықтың сүйікті әндері шырқалды.

Ал Ұлттық музейде бұлбұл әншінің ғасырлық мерейтойына орай «Ән өнерінің падишасы» атты көрме және дөңгелек үстел мәжілісі ұйымдастырылды. Аты аңызға айналған жезтаңдай әншінің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада қазақ мәдениеті мен ән өнерінің даму кезеңдеріне қосқан үлесін ғылыми тұрғыда зерттеу, әншінің әндері арқылы жастардың бойында отаншылдық пен патриоттық сезімдерін арттыру мәселелері талқыланды.

Шараға Роза Бағланованың ұлы Тәжен Сатыбалдыұлы мен келіні, Р.Бағланова атындағы қоғамдық қордың төрайымы Марал Бағланова арнайы қатысты.

– Анамыздың 100 жылдық мерейтойына арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ал бүгінгі шараның орны мүлдем бөлек. Себебі бүгінгі көрмеге анамыздың өзі қолданған жеке заттары ұсынылып отыр. Бұл заттардың барлығы – біздің отбасымыз үшін баға жетпес дүние саналатын құнды жәдігерлер. Көрменің ашылуына атсалысқан Ұлттық музей ұжымына алғысымызды білдіреміз. Ол кісі – біздің ғана анамыз емес, барша халықтың анасы, – деді Марал Бағланова. Ал Тәжен Сатыбалдыұлы анасы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Көрмеге әншінің отбасылық қорынан алынған сахналық киімдері, әшекей бұйымдары, марапаттары мен тұтынған заттары, фотосуреттері қойылды.

– Қазақ эстрадасының өзіндік үлгімен қалыптасқан мектебі, тарихы бар. Адамзатқа ортақ осынау музыкалық бағыттың қазақ жерінде тамыр жаюына бірден-бір себепкер – Роза Бағланова. Сол себепті мен ол кісіні «Қазақ эстрадасының алғашқы қарлығашы» деп атар едім, – деді күйші, өнертанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай.

Шара аясында Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әншілері өз өнерін ортаға салды.

 

 




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button