Басты ақпаратҚұқық

Есірткіге еліткендердің обалы кімде?



Астана қаласында «Қарасора – 2023» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қомақты есірткі заттарын тасымалдаушылар құрықталды. Тексере келгенде, олар елде қатаң тыйым салынған «синтетиканы» елорданың ойын-сауық орындарына жеткізумен айналысып жүрген жас жұбайлар болып шықты. Екеуінің шаңырақ көтергеніне төрт айдың жүзі ғана болған екен. Полиция қызметкерлері тоқтатып, олардың  «MERCEDES-BENZ» автокөлігін тексерген кезде қағазға мұқият оралған салмағы 300 грамнан асатын «Мефедрон» табылды. 

Дәріхана нашақорлығы

Бұл – есірткінің синтетикалық түріне жататын өте қауіпті ұнтақ. Ал мұны өмірге қол ұстасып жаңа ғана қадам басқан жастардың тасымалдауы полиция қызметкерлерін қатты ойландырды. Осындай өте қауіпті тенденцияға байланысты өзінің ой-пікірін полиция майоры Жарқын Елемесов былай білдіреді:

– Иә, бұл – өте тосын әрі қатерлі құбылыс. Мен бұл сұмдық ақпаратпен күнделікті мәліметтерден танысқанмын. «Мефедрон» олардың көліктерінен ғана емес, пәтерлерінен де табылыпты. Бұл жастардың бірі – жиырма екі, екіншісі жиырма төрт жаста екен. «Осындай өрімдей шақта сұмдық қылмыспен айналысатындай бастарына не күн туып отыр? Мұны енді тергеу амалдары анықтайды.

Айта кетейін, жыл басынан бері елордалық полицейлер осы бағыттағы 750 қылмыстың бетін ашып, 270 келі есірткі тәркіледі. Бір үрейлендіретіні, соның 47 келісі «синтетика» болып отыр.

Кейінгі кезде осы кесапатты мектеп оқушылары да қолданатыны анықтала бастады. Бұған бірден-бір себеп – дәріханалық есірткінің жолын кесе алмай отырмыз. Тек соңғы екі айда ғана дәрігердің қағазынсыз дәріханадан құрамында синтетикалық есірткіге «тамызық» болатын заттары бар дәрі-дәрмектер сатылған. Бұл тек құқық қорғау қызметкерлерінің көзіне түскені ғана. Ал жастарды жасырын улап жатқаны қаншама? Ақыл-естен айыратын осындай заттардың дәріханаларда қолжетімді болуына үзілді-кесілді тыйым сала алмай отыруымыздың бір себебі – елдегі алпауыттардың бизнесінде жатуы мүмкін деген де пікірлер айтылады.

Рас, «дәріханалық нашақорлық» деген термин әлі сөздік қорымызға ене қойған жоқ. Бірақ оның күнделікті өмірде кеңінен етек алып бара жатқаны шошындырады.

Біреулер мұндай сөзді қолдануға қарсылық та білдіріп бағып жатыр. Олардың ойынша, дәрі-дәрмек тек емдік мақсатта ғана әзірленеді. Мәселен, «Тропикамид», «Трамадол» деген препараттарды адам тек сырқатынан емделу үшін сатып алуы керек. Дегенмен, мұны екінші біреулердің есіріп, ләззатқа бату үшін қолданатыны да жасырын болмай қалды. Заң жүзінде бұларды дәрігердің рұқсатынсыз сатуға қатаң тыйым салынған. Алайда қалталарының қамы үшін мұндай заттарды жасырын жылыстатып біреулер талай жастың обалына қалып жатқанын ойланғысы да келмейді.

Қоғам дабыл қағуда

Бұл түйінді түйткілдердің туындап отырғаны бүгін ғана емес. 2010 жылы Астана қаласының Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқармасы «синтетикалық» есірткі қолдана бастаған алғашқы жастарды анықтап, дабыл қаққан болатын.  Рас, ол кезде құзырлы органдардың нақты назар аударуымен барлық дәріханаларға тексеріс жүргізіліп, мәселе қатаң бақылауға алынған еді. Дегенмен, келе-келе бұл істің соңы сиырқұймышақтанып, дәріханалар бұрынғы әдетіне қайта басып, аталған препараттар ел аумағында еркін сатыла бастады.

– Бұған мемлекет тыйым салғанымен, дәрі-дәрмек бизнесімен айналысатын алпауыт кәсіпкерлер онша құлақ аспай отыр деп күйінеді қоғам белсендісі, Астана қаласының тұрғыны Қажыгерей Сәрсембаев.

– Мемлекеттің саясаты аясында жасалған бағдарламаларға әрбір тұлға, мекеме белсене көңіл қойып, өз септігін тигізсе, нашақорлықтың алдын алуға болар еді.  Өкінішке қарай, бізде есірткі құралдары мен психотропты заттарды тарату және өткізу жылдан-жылға ауқымданып бара жатқандай. Баршаға белгілі, есірткі ағымының негізгі мақсаты – бір мемлекет немесе бір қоғамның ұлттық санасын және қорғаныс қызметін жойып, оны отарға айналдыру. Жезөкшелік, парақорлық, құмарлық, зорлық, өзін-өзі өлтіру, жыныс ауыстыру, нашақорлық, отбасының ыдырауы секілді қоғамды құлдырататын себептер есірткіні таратудың негізінде жатады. Есірткінің түрлері көп. Арнайы есірткі заттары тізіміне енгендер – апиын, героин, кокаин, анаша (гашиш, марихуана). Қылмыстық саясатты жүргізу барысында есірткі тарату секілді мұндай құбылыстың бүгінгі таңда ең алдымен қоғамға қауіптілігін және зардабын жастардың санасына қалай сіңіреміз? Сонымен қатар, нашақорлыққа шалдыққан нау­қастар емделуге мұқтаж және олармен күресудің қажетті екендігін ескеру керек.  Есірткінің заңсыз айналымы қылмыстық бизнестің ең табысты көзі болып отыр. Сондықтан тарату фактілері – есірткілік бизнес нәтижесінде үлкен табыс көзіне кенелетін ұйымдастырылған қылмыстық топтың істері. Бұған қоғам дабыл қағуы аса қажет, – деді қоғам белсендісі.

Психологиялық денсаулықты сақтау қызметінің мәліметінше, 2021 жылы осы белсенді затты қолданған 102 адам, 2022 жылы 136 адам қаза тапқан. Ал биыл жыл басынан бері көз жұмған 74 адам тіркеліп отыр

Дәріханалық препараттарды, негізінен, қолданатын – жастар. Бәрі әуелі «байқап көру» қызығушылығынан басталады. Жасөспірімдер өз қатарластары арасында қалайда бір ерекшеленгісі, батылдық танытқысы келіп тұрады. Міне, сөйтіп, тәуелді болып қалады. Мұндай балалар үйде көбіне делсал, ештеңеге зауқы болмай, өзімен-өзі оқшауланып немесе керісінше өте ашуланшақ, қыңыр, қырсық болып келеді. Ата-аналар үйде баланың түнде жиі тұратынын, сөздері түсініксіз болып, терісінің түсі өзгергенін байқаса, бірден дабыл қағу керек.

Жымысқы жарнамалар

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде қазір есірткіге тәуелді 18 890 пациент есепте тұрады екен. Ал психобелсенді препаратты қолданушылардың нақты есебі жоқ. «Шамамен 12 мен 35 жас аралығындағы қолданушылар саны он екі мыңның төңірегінде болуы мүмкін» дейді сарапшылар.

Психологиялық денсаулықты сақтау қызметінің мәліметінше, 2021 жылы осы белсенді затты қолданған 102 адам, 2022 жылы 136 адам қаза тапқан. Ал биыл жыл басынан бері көз жұмған 74 адам тіркеліп отыр.

Елорданың «Еуразия» тұрғын үй кешенінде «синтетикалық» есірткі тасымалымен айналысқан он үш және он төрт жасар екі жасөспірім ұсталды. Екеуі де – қазақтың қаракөз балалары. Шынын айтқанда, не апарып жүргенін олардың өздері білмеген. Осы аудандағы учаскелік инспектор Нұрлан Мәденовтің айтуынша, оқушылар жазғы демалысы кезінде ата-аналарына қолғабыс беріп, алдағы оқу жылына дәптер, қалам, тағы басқа да керек-жарақ сатып алу үшін аздаған тиын-тебен тапқысы келіп, хабарландыру бойынша курьерлік жұмысқа орналасқан. Жұмыстарының қыр-сырын ата-аналарына айт­паған. Тек «бір жерден екінші жерге қағаз апарып береміз. Соған бізге күніне 1 500-1800 теңге ақша төлейді» деп мәз болған. Мұндай «батпан құйрықтың» артында қаншама пәле жататынын ата-аналары ескермеген.

Расында да, қазір «курьерлік жұмысқа қабылдаймыз» деген жарнамалар тұрғын үйлердің кіреберістері мен қабырғаларында қаптап тұр. Бұлардың көбі, көбі емес, барлығы да құйтырқы хабарландырулар. Басында «хозяиндары» әлі оңы мен солын танып үлгермеген бозбалаларды қомақты ақша беріп, қызықтырып алады да, кейін қажетсіз болып қалған кезде өздері ұстап беретін көрінеді.

Бұлар да сондай «құрбандардың» бірі болса керек. Қазір балалар уақытша тергеу абақтысында қамауда жатыр. Ал олардың ата-аналары әділдік іздеп зар иелеп жүр.

Айту керек, осындай есірткі тасымалымен ұсталғандардың жазасын өтейтін Алматы қаласында жалғыз жасөспірімдердің арнаулы мекемесі бар. Онда осындай жаза басқандар жазасын өтеп, әрі оқу оқып, түзелу жолына тәрбиеленеді. Бұл екі қаракөз де солардың қатарына қосылуы әбден мүмкін.

Ал есірткі тасымалын бизнеске айналдырып, көкөрім жастардың қолымен от көсегендердің түгі де кеткен жоқ. Есесіне есебі түгел. Тағы біреулерді жоғарыдағыдай қылмыстық жұмысқа тартып жатқаны кәміл.

Мұндай кесапатпен қалай күресуге болады? Қайтсе оның жолы кесіледі? Айту керек, елімізде дәрі-дәрмектің көтерме саудасына қатысты нормативтік актілер мен заңдық құжаттар жетіп артылады. Оларда дәрілік медикаменттер тек дәрігердің қағазымен ғана (рецепт) беріледі. Әсіресе құрамында есірткі заттары бар препараттар қатаң бақылауда болу керек деген нұсқау да бар. Оған байланысты әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Бірақ, осы нұсқау мен тыйымды белінен басып, бетімен кетіп жүргендерді құрықтауға келгенде кежегеміз үнемі кейін тарта береді. 70-тен 1000 есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылса да, дәріханаларда рецепсіз беру тоқтамай отыр. Бұл, әрине, алақол фармацевтердің әрекеті.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button