Ел тынысы

Есу арнасы қоқыстан тазартылды



Астананың дәстүрлі садақшылары мен ұлттық спорт түрлерінің спортшылары №4 спорт мектебінің аумағын және Ақбұлақ өзенінің Есу арнасының айналасын тазалауға шықты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Акция «Мөлдір бұлақ» ұранымен өтті.

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы жалғасуда. Айта кету керек, Осы аптада акция «Мөлдір бұлақ» ұранымен өтіп жатыр, қаланың барлық аудандарында су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

«Бүгін сенбілікке спортқа енді қадам басқан спортшылар да, биіктерді бағындырған және спорттық мәнсабында жетістіктері бар спортшылар да қатысты. Олар: бүркітшілер, тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату спортшылары, садақшылар. Қазір «Толқын» спорт кешені ауданында 60-қа жуық адам Есу арнасының аумағын тазартты. Бұл – шамамен 500 шаршы метр. Бұл ауқымды акцияның негізгі мақсаты – әр адам осы дүниедегі тазалық пен тәртіп үшін жауапты екенін сезінуі үшін өскелең ұрпаққа экомәдениетті сіңіру», – деді Халықаралық дәрежедегі судья, жоғары спорт шеберлігі мектебінің әдіскері Дәулет Хамзин.

«Бүгін біз сенбілікке келдік. Мұнда ұлттық спорт түрлері бойынша көптеген спортшылар бар және биыл Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетіні белгілі. Сондықтан біздің мақсатымыз – әлемге еліміз бен қаламыздың қаншалықты таза екенін көрсету! Баршаңызды осыған үлес қосуға шақырамын! Тазалық табалдырықтан басталады», – деді №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ақжібек Манарбекқызы.

Естеріңізге сала кетейік, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық канализациясы, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т. б. жұмыстар жүргізілуде.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button