Басты ақпаратЕл тынысы

Еуразияның экономикалық әлеуетін талқылады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі. Саммитке Қазақстан Президентімен қатар Қырғызстан Президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттерден – Куба Президенті Мигель Диас-Канель, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, қонақжайлық көрсеткені, отырысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін қырғыз тарапына және Садыр Жапаровтың жеке өзіне алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ға мүше елдердің президенттері желтоқсан айындағы кездесулерде дәстүрлі түрде бірлескен жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде атқаратын міндеттерді айқындайтынын атап өтті.

– Біз бүгінде әлемдегі сау­да-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады. Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы биыл қаңтар-қазан айларында 7 пайызға өсіп, 23 миллиард долларға жетті. Бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесі артып келеді. Бұл өзара іс-әрекеттердің деңгейі жоғары және интеграциялық серіктестігіміздің әлеуеті мол екенін анық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық байланыс­тарды сақтауы және нығайтуы, ортақ қағидаттар мен мақсаттар аясында сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін күш біріктіруі аса маңызды. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар басым мәселені атап өтті.

– Әлемдік инфляцияның елдеріміздің экономикасына кері әсерін азайту маңызды. Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға дейін, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмендетті. Осыған орай Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрады. Оның негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі. Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан, біздің пікірімізше, елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, аталған санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халықаралық экономикалық ынтымақтас­тықты дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті.

– Одақтың сыртқы сауда саласындағы мүддесі жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Қазақстан аталған бағытты қолдайды. Енді преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару маңызды. Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдету маңызды. Аталған жұмысты бірлесе жалғастырған жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразия­лық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті ЕАЭО аумағы арқылы тауарлардың еркін тасымалдануын қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, интеграциялық серіктестіктің тиімділігі «төрт еркіндік» қағидатын сақтауға тікелей байланысты. Оның бірі – тауар қозғалысының еркіндігі.

– Біздің ортақ кедендік аумағымыз арқылы өтетін қазақстандық және қазақстандық қана емес, басқа да жүктердің қозғалысын шектейтін, квота енгізетін, кідіртетін барлық жағдайды жою керек деп есептеймін. Мұндай шектеулер ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың сипатына да, мақсатына да сай келмейді. Ең бастысы, бұл экономикалық интеграцияның әлеуетін жүзеге асыруды шектейді. Санкция­лық шараларға байланысты көлік-логистика саласында қиындықтар туындаған шақта Жүк тасымалын қадағалау үшін навигациялық пломбыларды қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп санаймыз. Бұл шара цифр­ландырудың интеграциялық процестерге оң әсер етер еді. Аталған келісімде қарастырылған мемлекеттік бақылау шараларын оңтайландыру Экономикалық одақтың кәсіпкерлік және көлік-транзиттік әлеуетін едәуір арттырады. Келісімді жедел ратификациялау осы мәселені шешуге ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданғанын еске салды. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдер үкіметтері Комиссиямен бірлесіп, оны жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысының пікірінше, Стратегияны барлық мүше мемлекеттердің ұлттық мүддесін толық ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру – ең дұрыс тәсіл.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан интеграцияны дамытуға шынайы мүдделі екенін атап өтті.

– Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, Одаққа мүше барлық мемлекеттің мүддесін, әрине, еліміздің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, әсіресе, кәсіпкерлеріміз мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруге тиіс. Бізді белгілі бір бағыттардағы процестердің «кібіртіктеуі» алаңдатады. Президент еңбек миграциясы мәселесіне де ерекше назар аудару қажет деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірлескен күш-жігердің арқасында қазіргі сын-қатерлердің салдарын табысты жойып келеді.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button