Басты ақпаратЕлорда тынысы

«EXPO-2017» – елдіктің ерен жеңісі



Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды әрі ел абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктің бірі – «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі. Ол әлемдік сая­сат сахнасында қазақ елінің еңсесін еселеп, абыройын асырып, беделін биіктетіп қана қоймай, мемлекетіміздің мығымдығы мен ұлтымыздың ұлылығын төрткүл дүниеге паш етті.

Ауқымды іс-шара Астана қаласында 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейін «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтті. Оған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйымнан 3 млн адам қатысты. Қазақстан посткеңестік кеңістікте өз аумағында кең ауқымды көрме өткізу құқығына ие болған бірінші ел еді. 90 күнде көрмені 178 елден келген 5 млн турист тамашалады. Көрме барысында 3500 мәдени іс-шара ұйымдас­тырылып, 33 мың шетелдік әртіс өнер көрсетті. Әлемнің 53 елінің үкімет басшылары мен жетекшілері көрменің құрметті қонағы мен қатысушысы болды, 4500 волонтер жұмыс істеді. Ал ғалымдар бұл көрмеде адамзатқа 153 ғылыми жаңалық ұсынды. Көрме кезінде 9 мыңға жуық полицей тәртіпті қадағалап, 1 мың полиция қызметкері ағылшын тілін меңгерді.

«EXPO-2017» көрмесі орналасқан алаңның аумағы 174 гектарды құрайды. Оның ішінде көрме алаңы – 25 гектар, ал қалған 149 гектарда тұрғын үй ғимараттары мен инфрақұрылым нысандары тұрғызылған. Көрменің барлық нысанын салу үшін 56 мың тонна металл және 500 мың тонна бетон жұмсалды. Көрме кешенінің аумағында барлығы 38 нысан, оның ішінде миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Құрылысқа 322 қазақстандық компания қатысып, 50 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Көрменің негізгі символы – «Нұр әлемі» павильоны – әлемдегі ең ірі шар тәрізді ғимарат. Оның диаметрі – 80 метр, биіктігі 100 метрді құрайды. Шардың беті 2800 шыны панельмен қапталған. Жалпы ауданы 22 мың шаршы метр ғимаратты тұрғызу үшін 13 мың тонна металл қажет болды.

Ғимараттың алғашқы қабаты Қазақстанның тарихы, мәдениеті, дәстүрі, көрікті жерлері мен еліміздің соңғы жетістіктеріне арналды. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтыса, 2-8-қабаттары «Болашақтың музейі» іспеттес. Мұндағы сандық, мультимедиалық және интерактивті технологиялардың көмегімен жасалған әрбір қабат түрлі энергияның мүмкіндігін таныстырады. Мәселен, 2-қабатта су энергиясын өндіретін құрылғылар, келесі қабатта кинетикалық энергияның тарихи жәдігерлері сақталған. Ал биомассаға арналған 4-қабатта жайқалған жасыл желектің ішіндегі аң-құс, 5-қабатта жел қуатын көрнекі түрде көрсететін ауа фонтаны болды. Одан әрі күн жүйесінің қалай пайда болатынын байқап, күн сәулесінен қуат алатын көлікке отырып, жарысқа қатыса аласыз. 7-қабатта ғарыш әлеміне саяхат жасап, ғарышкерлердің киімі мен кемесін көресіз. Соңғы 8-қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» деп аталады. Алып экраннан қала құрылысының қарыштап дамуын бейнелейтін фильм көрсетіледі. Көрме келушілерінің көпшілігін шар тәрізді ғимараттың биіктігіндегі шыны көпір қызықтырды.

Қысқасы, күллі адамзатты алаңдатып отырған мәселені дөп басып, жаһандық энергетикалық проблемалардың түйінін шешуге бағытталған халықаралық көрме баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістігін айшықтаған алаңға айналды.

Көрме аяқталғаннан кейін мұндағы павильондардың жұмысы тоқтап қалған жоқ, керісінше, олар жаңа жобалармен жанданды. Москва-сити (Мәскеу), La Défense (Париж), Canary Wharf (Лондон) және Downtown Core (Сингапур) сияқ­ты әлемнің жетекші іскерлік орталықтарының үлгісі бойынша нысандарды көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілген болатын. Соның негізінде кешен аумағында серпінді жобаларды іске асыру үшін жаңа инновациялық экожүйе қалыптасты.

Қазіргі кезде EXPO аумағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты инновациялық жобалар шоғыр­ланған елорданың іскерлік орталығына айналды. Кешен аумағында ойын-сауық индус­триясы да орын алды.

«Нұр әлем» павильоны қазір «Болашақ энергиясының» мұражайы ретінде жұмысын жандандыруда. Көрме аяқталғаннан кейінгі кезеңде мұнда 800 мыңнан астам адам келді. Олардың шамамен 15 пайызы ТМД елдерінен, сондай-ақ, Қытай, Германия, Италия, АҚШ және Үндістаннан келген туристер. Ал «Конгресс» орталығы қазір ел мен елорда халқы үшін ең жарқын және маңызды іс-шаралар өтетін орынға айналды. Осылайша, EXPO аумағы бүгінде жұмысын сәтті жалғастыруда.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button