Басты ақпарат

«EXPO-2017»: Көбiрек келушiлер тарту мiндет



_50A9376

«Кезекті аппарат отырысында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков Астана күніне орай өткізілген мерекелік іс-шаралардың қорытындысын шығарды» деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Әкім қала тойына барлық құрылымдардың белсене атсалысып, үлкен ұйымшылдық танытқанын атап көрсетті. Осы күндерде жалпы саны сексен мерекелік іс-шара өтіп, оған 700 мыңнан аса адам қатысқан. Жеті жүзден аса отандық және шетелдік журналист шақырылған.
– Елорданың мерекелік безендірілуіне ерекше тоқталып өтпекпін. Әлеуметтік желілерде тұрғындардың қала келбетіне оң бағасын бергенін байқауға болады. Түрлі мерекелік мүсіндердің жанында түскен суреттер жарияланып жатыр. «Ел жүрегі – Астана!», «I Love Astana» секілді бренд мүсіндер үлкен серпін берді, – деді әкім.
Сондай-ақ, жиналыс барысында елорданың дамуы үшін нәтижелі жұмыс пен табанды еңбек етіп жүрген ең үздік қалалық құрылымдар марапатталды.
Аудандар арасында Есіл ауданы топ жарды. «Үздік қалалық құрылым» аталымында – Білім басқармасы, «Үздік аумақтық құрылым» ретінде – Ішкі істер департаменті, «Үздік қалалық өнеркәсіп» санатында «Елорда даму» ЖШС танылды.
Өзге де өзекті мәселелер туралы айта келіп, қала басшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне турис­тер мен қонақтарды тарту жұмыстарына баса назар аударды. Осыған орай «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен қалалық құрылымдар арасында тығыз қарым-қатынас орнатылуы керек екендігін айтты. Әкім Қытай, Ресей секілді мемлекеттердің шекаралас қалаларымен өзара қарым-қатынасты жолға қоюды да сөз етті.
– Қазір біз үшін келушілерді тарту – басты міндет. Әсіресе, бауырластық байланыстар ауқымында «Қалалар дипломатиясы» негізін, ТМД-ның ірі қалалары мен елордалары халықаралық ассамблеясы желісін тиімді пайдалану қажет, – деді ол.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button