Елорда тынысы

Газет қашанда төрде болсын!



2023 жылдың І жарты­жылдығына газетке жазылу басталды. Газет өндірісінде елдің игілігіне жұмыс істеп жүрген – шығармашыл қауым үшін аса жауапты науқан. Асылы, бүгінгі ­газет-журналдарды өміршең етіп, баспа көруі оқырманның шынайы қолдауының арқасы деп білеміз.

ХХІ ғасырда ақпараттық-коммуникациялық технология қарқынды дамып, жаңа медиа – сайт-порталдар мен әлеуметтік желілер жаңалық таратудың бірегей платформасына айналды.

Ақпараттық тасқын күшейген тұста газеттің беделі оқырман санымен өлшенетіні анық. Тақырыптық-мазмұндық деңгейі жоғары, жүйеленген сараптамалық мақалалары арқылы елдің бағыт-бағдары мен кем-кетігін саралап, журналистік зерттеулері арқылы оқырманға ғана емес, ресми билікке ой тастайтын журналистердің еңбегіне сұраныс әлі жоғары. Оған «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі беделі, оқырмандардың қолдауы дәлел болады.

Газет өндірісі сағат тіліндей тоқтаусыз жүреді. Бір газетті шығарып болып артқа қарасаңыз, екінші нөмірін, оның артынша үшіншісін дайындауға кірісіп кетесіз. Әзірге мемлекеттік саясатты насихаттау жолында газеттер аттан түскен жоқ. Кешегі пандемия өршіген тұста және қаңтар қасіреті кезінде дәстүрлі басылымдардың қажеттілігін сезіндік әрі шынайы ақпарат көзі ретінде бағаланды.

Өзіндік айтары бар, сөзі жүйелі, ойы қарымды басылымды елордалық және елдің түкпір-түкпіріндегі оқырмандар қолдайды деген ойдамыз.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп басталатын мақаласында «…адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа да газет соншалықты керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» демей ме! Осы көз, құлақ және тіліміз болып отырған белді, беделді басылымның өрісін кеңейтіп, тынысын арттыру да оқырмандарға тікелей байланысты.

Бүгінде газет-журналдар – ресми билік пен қалың бұқараның арасын байланыстырушы құрал, бірінің саясатын, екіншісінің тілегін жеткізетін идеологиялық платформа. Әсіресе, шығармашылық ұжым оқырмандармен байланыс орнатудың салмағын ерекше түсініп, апталық, айлық жоспарға оқырмандардың талап-тілегін ескеріп, мақаланың өзегіне айналдыруды жолға қойған. Мұның бәрі оқырмандармен тығыз қарым-қатынас орнатып, әріптестік байланысты жолға қойды деп айтуға негіз бар.

«Астана ақшамының» заты қалалық болғанмен, республика көлемінде тарайды. Мемлекет басшысынан бастап қатардағы қарапайым азаматқа дейін оқитын біздің газетпен бірге болыңыздар! Жазылыңыздар!


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button