Руханият

Ғафудың ғұмырлы жырлары



Қазақта Ғафу Қайырбековтей ғажап ақынды білмейтін жан кемде-кем. Жаратқан иеміз Ғафудың бір басына бірнеше өнер тоғыстырған екен. Ол – ақын, ол – әнші, ол – домбырашы, ол – шешен, сөз зергері, редактор, баспагер. Ақын кең жүрегіне ұлан-ғайыр даласын, тамаша табиғатын, халқының қуанышы мен жақсылығын, мұң-зарын сыйғызып, оны ақ қағаз бетінде алтын белгі етіп қалдырып кеткен.

Арқалы ақын арамызда болса, тамыз айында 95 жылдық мерейтойын тойлап жататын ек. Дүлділ ақынның дүниеден көшкеніне де отыз жылдай уақыт болған екен. Ол көз жұмғанда «Қазақстанның Халық жазушысы», біртуар Әбіш Кекілбайұлы «Қазақтың соңғы шешені өмірден өтті» деп күңіренген екен…

Ақын дүние салғанымен, жырлары – жұртының жүрегінде, мұралары – музейлерде. Ғафаң да, жары Бәдеш апай да – мұғалім. Ақынның мына өлең жолдары соны растай түседі.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы.

Ғафудың анаға арналған әнге жазған өлеңінің өзі неге тұрады десеңші?!

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін

жинадың сен маған.

Сен бердің құстардың

қанатын самғаған,

Балалық құштарым өзіңе арнаған.

 

Әлдилеп, аялап, өсірген жемісің,

Самал жел, сая бақ

құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де мен саған сәбимін.

Көңіліңді көктемдей

көзіңнен танимын.

Ғафаңның өлеңіне жазылған Шәм­шінің «Ана туралы жыр» әнін түркі тілдес халықтар өз әніндей шырқайды.

Астанадағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясында  ақынның мұражайы ашылғанына 20 жылдай уақыт болыпты. Бүгінде бұл оқу ордасында 1818 оқушы оқыса, 123 мұғалім сабақ береді. Ғ.Қайырбековтің  немересі Ғафу Мәди де осы мектепте оқып, үздік бітірді.

Ғафу Қайырбеков этно-мемориалдық мұражайы 2003 жылы ашылды.  Қазақ поэзиясында көрнекті із қалдырған ақын мұражайының басты ерекшелігін ашып көрсететін экспонаттар залдың қабырғасында рет-ретімен орналасқан екен. Мұражай қызметкерлері мен мектеп әкімшілігі ақынға қатысты аса құнды деректерді өздері жинастырған.

– Ғафу Қайырбековтің өзі оқыған мектеп құжаттары, түрлі дипломдары, 1947-1948 жылдарда Торғайдың Ақсуат орталау мектебіндегі ұстаздық еңбек жолындағы қызықты деректер бар. Бұл экспонаттарда – ақынның балалық, жастық кезеңдегі өмір жолдары мен алғашқы шығармашылық ізденістері айқын көрсетілген. Ақынның өзі пір тұтқан ақын ағалары, ұстаздарының фотосуреттері де сақталған, – дейді тарихшы Айгүл Түлеуқызы.

Өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар Одағының ақындар қауымдастығының президенті болған Ғафу Қайырбеков артына мол мұра қалдырған үлкен шығармашылық иесі, оның 200-ден астам еңбегі еліміздің жыр жауhарларының қатарынан саналады. Ғафу Қайырбеков поэзиясы – бұл халықтардың достығы, адам туралы теңдесі жоқ, сұлу, көркем туындылар.

Ғафу Қайырбеков Қазақ мемлекеттік баспасында поэзия редакциясын басқарды, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі болды. 1968-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында жетекшілік етті. 1973-1989 жылдары «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Этно-мемориалдық мұражайға отбасының атынан әйелі Бәдеш Хамзақызы ақынның жеке тұтынған заттарын берген. Олар – киімдері, орден-медальдары, өзі отырған орындық пен үстелі және ақынның жеке қолжазбалары.

Осыдан бес жыл бұрын Ғафу ақынның туғанына 90 жыл толуына арналған үлкен іс-шара Астанада, Алматыда өтті. Туған жері де қарап отырған жоқ. Ақынның кіндік қаны тамған Торғай өңірі мен Қостанайдың барлық аудандары мен қалаларындағы кітапханалар мен мектептерде, колледждерде ақынның мерейтойына орай іс-шаралар аз болған жоқ.

Мектеп-мұражайды мектеп әкімшілігі, педагогтар жыл сайын толықтыру үстінде. Ғафу ақын жайлы ең қызықты естеліктер, мәліметтер мұражай төрінен орын алады.

– Музейде танымдық мақсаттағы іс-шаралар өтеді, – деді мектеп директоры Сырым Нұғыманов. Жыл сайын мұнда «Ғафу оқулары» өткізіліп, оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа айтып, жарысқа түседі. Жеңімпаздар мектеп басшылығының Алғыс хатымен марапатталады, түрлі бағалы сыйлықтар – спортқа керек бұйымдар мен кітаптар беріледі.

Музейдегі сөреде тұрған «Тұлпар жырдың дүбірі» атты естеліктер кітабын ақынның жары Бәдеш Хамзина құрастырған екен. Онда Ғафу ақын жайында ел ағаларының әдемі естеліктері жарияланған.

«Мына тұрған сурет 1978 жылы Ғафу ақын елу жасқа толып, еркелеп туған еліне барғанда түсірілген екен. Жанында ұлы – Бақыт. Қос ақын өзен жағасында тұр. Бақыт аға қашанғысындай томаға-тұйық, үнсіз, ал Ғафу көкем оң қолын созып, туған жер туралы өлең оқып тұрғандай…

Ортамызда жүрсе қазақтың арқалы ақыны, қайраткер перзенті, біртуар дарын Ғафу Қайырбеков жазда 95-ке толар еді, амал қанша 67 жасқа аяқ басқанда фәниден бақиға аттанып, Кеңсайдың етегіне жайғасты. Екі жылдай бұрын ақынның жан жары, соңында қалып мұрасын жинақтап, түгендеген өмірлік музасы – Бәдеш апа да қосағының жанынан орын алып, мәңгілік тыныстады» деп жазыпты Е.Қыдыр әлеуметтік желіде.

Бір рет туған ауылына, Торғай төріне ат басын бұрған ақын Ғафу Қайырбековке ауылдастары бір көлді сыйға тартады. Ақынның көлі, Ғафудың көлі, міне, осылай өзінің туған даласында ақын есімімен аталады. Ақын мұрасын мәпелеген Бәдеш апайға «Ғафу көлдің әсиягүлі» деген теңеу айтылыпты кезінде.

Ғафу десе көл түседі есіме,

Ғафу десе ел түседі есіме.

Осы көлдей ортаймайды мәңгілік,

Ақын аға сыйлап кеткен несібе, – депті ақын Ақылбек Шаяхмет «Ғафу көлі» деген өлеңінде.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбековтің мол мұрасы ел жадында, оның шын бағасы енді беріледі. Қазақ поэзиясы жасап тұрғанда, қазақтың рухани байлығы бар кезде оның есімі еш уақытта ұмытылмақ емес.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button