Мәдениет

ХАЛЫҚ МҰРАСЫН ЖАҢҒЫРТТЫ



«Әсерлі ән сал, домбыра!» және «Айтыс – бабалар мұрасы» атауларымен «Астана» концерт залында Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы халық әні бөлімінің концерттері өтті. Алғашқысында қазақпен бірге ғасырлар бойы жасап келе жатқан халық әндері мен Мұхит Мералыұлы, Үкілі Ыбырай сынды халық композиторларының туындылары шырқалды. Бұл концерттің әсерлі өтуіне «Шалқыма» халық биі ансамблі мен «Сарыарқа» халық музыка ансамблі үлесін қосты. Ал екіншісінде филармония әншілері тарихта өткен тұлғалардың айтыстарын жаңғыртты.

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзира Бөкейхан мен Айгүл Қосанова, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев, Мәдениет қайраткері Секен Сыздық, халықаралық байқаулардың лауреаттары Күнсұлу Тұрлыбек, Зинат Қасымова салған әндер көрер­мендердің құлақ құрышын қандырды.
Әсіресе, халық сахнадан көптен бері көрінбей кеткен ҚР еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышеваны сағынып-ақ қалыпты. Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнін шырқаған белгілі әншіге жұрт жұп болсын деп халық әні «Замандас­ты» салғызды.
«Дәстүрлі өнер жұтап, жетімсіреп қалған кезеңге тап келдік. Өнердің өсуі де, өшуі де біздің қазаққа байланысты деп есептеймін. Қазақ шулы, даңғаза әуенге үйреніп қалған. Бір тойға шақырып, соған барғанда бір атамыздың алдымнан шығып «Қарағым, мини дискің қайда?» дегені бар. Сіздер мини дискіден шаршаған шығарсыздар. Баяғыда Жүсіпбек Елебеков «Концертіне үш мың адам жиналса, соның ішінде үш адам сені түсініп кетсе, әнші үшін үлкен бақыт» дейтін» деген Қапаш Құлышева қазір ұстаздыққа бет бұрғанын, халық алдына шықпай кеткен себебі сол екенін жеткізді.


Біржан мен Сараның айтысы айтыс өнерінің озық үлгісі ретінде тарихта қалды. Деректер өнер саңлақтары 1871 жылы Жетісу өңіріңде, нақты айтсақ, қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу жерінде сөз қағыстырғанын айтады. Сол айтыста айтылған «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деген Сараның сөзі мәтелге айналды. «Айтыс – бабалар мұрасы» концертінде Біржан мен Сара бейнесін Жақсыкелді Маясаров пен Перизат Тұрарова жаңғыртты.
Жыр алыбы – Жамбылдың айтыста да өрнек салғаны белгілі. Өнер зерттеушілер оның алғашқы айтысының бірі Айкүміс атты қатар құрбысымен болып, қыз бен жігіт айтысының деңгейінен асқанын, ақындар сол кездегі қазақ қоғамындағы келеңсіз жайттарды сынағанын айтады. Міне, осы айтысты сахнаға Жалғас Сұлтан мен Әйгерім Нартуеева алып шықты.
Қазақта айтыс бірнеше түрге бөлінетіні аян. Жетісу жүйріктерінің бірі Қабан жырау мен Таутан қыздың сөз барымтасына түсуі жұмбақ айтысқа жатады. Данияр Мұқан мен Жазгүл Даңылбаева оны көрсете білді.
Сыр сүлейі Нартай Бекежановтың айтыстары туралы көп айтылмайды. Концертте көрермен оның Тарақты Ақ Салымен айтысынан мағлұмат алып қалды. Нартай боп сырнайды Рахат Бегасылов құйқылжытса, Ақ Салы бейнесінде сахнаға Айнұр Қонысбаева шықты.
Төрт жұп осылайша Астанада көптен бері ұйымдастырылмаған үлкен айтысқа деген халықтың сағынышын басқандай болды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button