Қоғам

Хат-хабар тасушы



«Мен жақсы хабар жеткіземін» дейді «Қазпошта» акционерлік қоғамның пошташысы Айман Досымбекова. «Қазпоштаға» күніне орта есеппен 120 мыңдай түрлі-түрлі сәлемдеме келіп түседі екен. Айман да сан түрлі хабарлама, хаттар, пошта жөнелтілімдерінің 60-тан астамын күнделікті сұрыптап, иелеріне табыс етуге асығады.

Адам баласы жаратылғалы аса қажетті нәрсенің бір-бірімен хабар алмасу болып табылады. Сол хабарды жеткізудің де түрлі тәсілдерін ойлап тапты.  Елді мекеннің шетіндегі төбенің басына от жағып та хабар беріп отырды. Кейініректе олардың орнын жаушылар басты. Суыт жортқан жаушылар сәлемдемені тиісті адамына ауызша жеткізген. Кейінірек қала мен даланың арасында атшабарлар да осы іспен айналысты. Бір қызығы, пошта «mansio pozita» деген латын сөзінен шыққан екен. Қай тілде айтылса да, бірден түсінетін «пошта» деген ұғымды білдіреді. Жалпы қай елде болмасын пошта желісі бизнес және халық үшін электрондық сауданы, көлік-логистикалық сервисті, қаржылық қызметтерді алға жылжыту үшін тиімді құрал болып табылады.

Айман Досымбекова 1999 жылдан бері астаналық пошта қызметінде жұмыс істейді. Ширек ғасыр бойына осы саланың барлық қыр-сырын түсініп, осы кезеңдегі даму үдерісі де көз алдынан өтті. Өзі де, отбасылы, балалы болып  бірге өсті деуге болады.

Айман сияқты барлық пош­ташылардың  жұмысы  таңғы 4-тен басталады. Кеңсеге келе сала өз міндетіне кіретін мекемелер мен сол мекенжайдың тұрғындарының атына келіп түскен хат-хабарларды сұрыптайды. Оларды рет-ретімен буып-түйіп, қандай ұжымға, кімге келгенін оның мекенжайын анықтап жазып алып, арнайы қапшыққа салып, жолға шығады. Тура таңғы  сағат жеті жарымда көлік күтіп тұрады. Хат тарату түске дейін созылады. Сонымен барлық хат иелеріне табыстап болып, жұмыс орнына оралып, атқарылған жұмыстың есебін жазып өткізеді. Одан кейін қолы бос. Жұмыстан соң екінші сыныпта оқитын ұлын мектептен алып, үй шаруасының тірлігіне кіріседі. Күйеуі де осы мекемеде жүргізуші-инкассатор болып жұмыс істейді. Екеуі бірге шаңырақ көтеріп балалы болды. Екі қызын ұзатты, олардан кейінгі қызы Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде, тағы бір ұлы Көкшетауда оқып жүр.

Жақында өздерінде де қуанышты жағдай болғалы тұр. Астананың іргесіндегі Талапкер ауылынан жер алып, жаңадан тұрғызған үйі бітуге таяу. Қоныс тойы да алыс емес.

– Астанада тұрғанымызға да ширек ғасыр болса да ағайындарымыздың ортасында болғанды қаладық. Талапкерде 85 жастағы анам тұрады. Он жанды біздің әулеттің өзінен апайым мен сіңлім де осы пошта қызметінде жүр. Бәріміз жұмысымызды өз дәрежесінде орындаймыз. Кейде бір жағдайлармен хат тарата алмасам, іздеп мені сұрастырып жатады. Байқағаным, қазіргі адамдар электронды поштадан гөрі нақты пошта арқылы келетін хат-хабарға қуанып қалатын сияқты. Адамдар үшін қолына конверт алып, оның ішін ашып не жазылғанын білудің өзіндік қуанышы бар сияқты. Бұл ересектер үшін бұрынғы кездегі хат алысып хат жазысуды еске түсірсе, қазіргі жағдайда да байланыстың осы түрін сағынатын болар, – деп сыр тартты пошташы. Қызметтің талабына қарай, кейбір хаттарды хатшыларға немесе кезекшілерге емес, тек иесіне қолма-қол тапсыратын түрлері болады. Үлкен шенді қызметшілердің де есігін емін-еркін ашып, хатын өткізесіз. Менің көңілімнен шығатыны, пошта қызметкерлеріне ғана емес, жалпы адамдарға деген қарым-қатынастың мәдениетін байқаймын. Қала көшелеріне таң азанымен хатымызды жеткізуге асығып бара жатқанда, жол бойындағы биік зәулім ғимараттардың ішіндегі биік кабинеттерде сондай ілтипатты адамдарға қызмет ететінімді біліп, шұғыл хабарларды тез жеткізуге тырысамын. Дәл осындай жылылықты тұрғындардан да байқаймыз. Тосыннан келген хат-хабарға олар да қуанып жатады. Соларға қарап, біздің қызметіміздің маңызды әрі керек мамандық екеніне көзіміз жетіп, марқайып қаламын, – деп сөзін аяқтады пошташы. Жылы жүзді, ашық мінезді Айман біздерді де ­қуантты.

 


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button