Ел тынысы

Индонезияда Қазақстанның Sergek көлік платформасы таныстырылды



Индонезия президенті Джоко Видодо жақында осы елдің болашақ астанасы Нусантара қаласына жұмыс сапарымен барды. Ақылды қала тұжырымдамасын жүзеге асырудың қазіргі кезеңіне шолу жасау кезінде оған қазақстандық Sergek платформасы таныстырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кездесу барысында: «Бүкіл әлемде қалалық тиімді басқару, қауіпсіздікпен қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мәселелері негізгі басымдыққа айналған ақылды қалаларды құру үшін цифрлық технологиялар қолданылуда. Біз қазақстандық инновациялық шешімдерінің елімізде сәтті енгізілуімен қатар, шетелде де танылып жатқанын мақтан етеміз», – деді.

Индонезиядағы Sergek платформасының жұмысы жасанды интеллект пен деректерді талдауға негізделгенін атап өткен жөн. Оның басты ерекшелігі – трафикті бақылау мен басқаруды жеңілдету үшін орнатылған бар камералар мен әртүрлі өндірушілердің жаңа камераларын бір ақпараттық тақтасына біркелкі біріктіруге болатыны.

Sergek сонымен қатар жолдардағы көліктер туралы үлкен деректерді (big data) талдауды (жүру уақыты, орташа жылдамдық, қоршаған орта көрсеткіштері) қамтамасыз етеді және қозғалыс ағынының сценарийлерін жасау үшін жасанды интеллектті белсенді пайдаланады.

Индонезияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман: «Нусантараның ақылды қала тұжырымдамасын, оның ішінде ақылды ұтқырлықты жүзеге асыруға ұмтылысын қолдау мақсатында Sergek компаниясымен серіктестікті ерекше бағалаймыз. Себебі, Sergek шешімдері бүгінгі күнде әлемдегі ең жас космополиттік елорда болып табылатын Астана қаласында ақылды ұтқырлықты дамытуда өзінің құзіреттілігін дәлелдеді», – деп атап өтті.

Алена Ткаченко, Sergek жаһандық нарықтар жөніндегі директоры: «Нусантара қаласының әкімшілігінің міндеттеріне үш қаланың – Баликпапан, Самаринда және Нусантараның экожүйесін дамыту кіреді. Біз қазір Баликпапан қаласында пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз, алайда қазірдің өзінде осы үш қаланың кластері үшін цифрлық инфрақұрылым құрып жатқанын түсінеміз. Нусантарадағы инфрақұрылым жүйесі дайын болғаннан кейін біз өз өнімдерімізді жаңа астанаға енгізуді бастай аламыз», – деп түйіндеді.

Еске салып өтсек, ағымдағы жылдың ақпан айында ақылды қалаларды құрудағы қазақстандық IT көшбасшысы Sergek Group компаниясы Индонезияда пилоттық жобаны іске қосты. Пилоттық жоба аясында қазақстандық мамандар талдау, мониторинг және көлікті болжау үшін интеллектуалды көлік жүйесін, сондай-ақ экология және жол қауіпсіздігі саласындағы шешімдерді енгізуде.

 

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button