Басты ақпаратМәселе

Ірі боламын десең, іргеңді қымта!



Қазір көш мәселесі өте өзекті болып тұр. Неге десеңіз, ауылдың тірегі мектеп десек, солтүстіктегі білім ордалары оқушы санының жетіспеуіне байланысты көптеп жабылып, бір кездері дәулеті тасыған елді мекендер қаңырап бос қалуда. Мәселен, 2016 жылы Павлодар облысында 12 мектеп, 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 7 мектеп есігіне құлып салынды. Бұл мектептердің артында ауылдың тағдыры тұрғаны анық. Түптеп келгенде, бұл ел қауіпсіздігіне әсер етеді. Үкімет ішкі миграцияны тиімді үйлестіріп, сырттағы қандастарды оңтайлы қоныстандыру арқылы мәселені шешуді қолға алуда. Оның бір айғағы, «Еңбек» бағдарламасы аясында солтүстікке көш түзеп, халқы тығыз орналасқан оңтүстіктегі ағайынды орналастыруда. Бірақ, көш көлікті, көшушілер көңілді болмай тұр.

Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар неге аз?

2022 жылы 1 қаңтарында елдегі қазақтың үлесі 70 пайыз­ға жетсе, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 37 пайызды құрады. 1897 жылғы бүкілресейлік халық санақ бойын­ша ондағы жергілікті ұлттың үлес салмағы 80 пайыз болды.

ХХ ғасырдағы ашаршылықтан жергілікті халықтың үлес салмағы азайып, есесіне Ресейдің ішкі аймағынан өзге ұлттар көптеп қоныстануымен отарлау идеологиясы қарқынды жүрді. Тек 1931 жылдың қыркүйек айында 172 мың орыс, украин, беларусь Солтүстік Қазақстанға қоныс тепті. 1937 жылдың қазанында Қиыр Шығыстан 2229 кәріс көшіп келді. 1940 жылы Украина мен Беларусьтің батыс облыстарынан 28 мың адам тағы келді. Бұған 1954 жылдары басталған тың игеруді қосыңыз. Сөйтіп, 1989 жылғы санақта өңірдегі қазақтың үлес салмағы 22 пайызға дейін кемісе, орыс, украин және беларусь ұлты 61 пайызға жетті.

1991 жылдан бері ішкі мигра­ция ағымы өзгеріп, сырттағы қандастар атажұртқа көш түзеді десек, дәл осы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғандар қатары аз екенін көреміз. Бұған Үкіметпен қатар әр жылдары шекаралық облыс­ты басқарған әкімдер жауапты екені анық.

Статистикаға сүйенсек, атажұртқа оралған 300 мыңнан аса отбасының 61 пайызы Өзбекстаннан келді. Бұл көштің 15 пайызы Қытайға тиесілі болса, 10 пайызы Моңғолияға тиеді. Енді қандастар облыстарға қалай қоныстанды дегенге келетін болсақ, өзбек ағайынның ортасынан келген қандастардың 26 пайызы Түркістан облысына орналасса, 14 пайызы Маңғыстау облысына, 11 пайызы Алматы облысына қоныстанды. Олардың солтүстікке қоныстанғаны – 3,2 пайыз ғана. Ал Қытайдан келгендердің 38 пайызы Алматы облысын таңдаса, 34 пайызы Шығыс Қазақстан облысын жайлы санады. Бұл елден келгендер де солтүстікке қоныс­тануды жүрексінген сынды. Неге десеңіз, Қостанай облысына бар-жоғы 0,002 пайызы тұрақтаса, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 0,05 пайызды құрады (2019 жылғы статистика).

Екіншіден, оңтүстіктен көшкен ағайын, сырттан келген қандас болса, әуелі жер сұрайды. Жер – тіршілік, байлық көзі. Ал басшылар жер мәселесіне келгенде амалсыздық танытып, көзімен жер шұқиды. Сондықтан қоныс аударған отандастарды жер телімімен, егістік алқаппен, жайылыммен қамтамасыз етуді Үкімет қолға алып, шешуі керек

Енді тағы бір деректі қараңыз, 2000 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрк­менстан, Армения, Әзербайжан, Украина, Беларусь, Молдава, Грузия, Түркия және тағы басқасынан адамдар көшіп келсе, соның басым бөлігі ресейліктер (Бұл тұрғыда ондағы қазақтар да, орыстарды да қоса есептеу керек). Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2000-2020 жылдары солтүстіктегі көрші елден 22 мың 707 адам қоныс тепсе, Өзбекстаннан 11 мың 460 қандас көшіп келді. Осы жылдары Моңғолиядан – 6992, Тәжікстаннан – 1026, Қытайдан – 133, Түркменстаннан – 16, Ираннан 5 қандас солтүстіктегі шекаралық өңірге қоныс аударды.

Ішкі миграцияның қарқыны да мәз емес. Соның салдарынан бұл облыста көші-қон айырымы 2019 жылы – 5943, 2020 жылы – 4387, 2021 жылы 7555 адамға кеміді. Егер кейінгі 23 жылды саралайтын болсақ, 179 мың адамға азайды. Солтүстіктегі өзге облыстардағы жағдай осыған ұқсас. Мәселен, 2021 жылы Павлодар облысына шет елдерден 224, елдің өзге өңірлерінен 2801 адам қоныс тепсе, есесіне, 3730 адам көшіп кетті. 2022 жылдың қаңтар-қараша айында Қостанай облысына 5985 адам көшіп келсе, 5115 адам көшіп кетті. Яғни бұл облыстар да көші-қон айырымы кемуде.

Керісінше, солтүстіктегі шекаралық аймақтарда туу көрсеткіші өте төмен. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 2019 жылы – 6872, 2020 жылы – 6879, 2021 жылы 6489 бала туған. 2021 жылы Павлодарда – 11 мың 667, Қостанайда 11 мың 174 бала туды. Бұл оңтүстіктегі облыстарда бір айдағы туу көрсеткішімен тең. Мәселен, 2021 жылы Түркістан облысында 65 мың бала туды. Енді айырмашылығын бағамдап көріңіз.

Қандастар көшін қалай түзейміз?

2004 жылы сол кездегі Ақпарат, мәдениет және қоғамдық келiсiм министрi Алтынбек Сәрсенбаев сырттан келген қандастармен кездесіп, көш мәселесін талқылады. Сонда: «Қазақ ұлтына сырттан келер үлкен көмек бар, ол – оралмандар» деген едi.

Алтекеңнің айтқаны осы күндері өзектілігін жоғалтқан жоқ, керісінше Петропавл қаласында орын алған жағдай қандастар көшін солтүстікке бұрудың маңызын арттыра түседі.

Түрлі деректер бойынша қазіргі уақытта сыртта жүрген 4 миллионға жуық қандас бар. Тәуелсіздік жылдары атажұртқа келген қандастар саны 2 миллионға жетпеді. Бұған басты себеп – көштің дұрыс ұйымдас­тырылмауы.

Суыққа шыдамайды деген себеппен Өзбекстаннан келген қандастар Түркістан облысына, Қытайдан келген ағайындар Жетісу облысы мен Алматы қаласына, Түркменстан мен Ираннан келгендер Ақтау және Жаңаөзен қаласына қоныс аударды. Аталған облыстардың тұрғылықты халқы онсыз да көп, әрі тығыз орналасқаны мәлім. Қандастар көші жүйеленбеу салдарынан бұл өңірлердегі әлеуметтік мәселелер одан әрі ушыға түсті. Әсіресе, жұмыссыздық, жайылым жерлердің жетіспеуі және тағы басқасы. Осы 2 миллионға жуық қандас­ты солтүстік, солтүстік-шығыс өңірлерге қоныстандырып, оларға жайлы жағдай жасағанда, Петропавлдағы жағдай орын алмаушы еді. Расында, сырттағы қандастар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін үлкен күшке ие. Мәселен, Павлодар облысының Успен ауданында Белоусовка деген елді мекен бар. Сондағы мектеп жабылғалы тұрғанда Қытайдан 50 түтін көшіп келіп, баласын мектепке беріп, ауылды құтқарып қалды. Қазір қандастар клуб үйі мен мектепке иелік етіп, бір ауылдың дамуына үлес қосып отыр.

2030 жылға қарай солтүстiк өңірлерде халық саны 1 миллионға азайса, оңтүстiкте 5 миллионға көбейедi деген болжам бар. Солай болса, шекаралық облыстардағы құнарлы жерлер егесіз қалмай ма? Оңтүстік өңірлерде онсыз да шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелер күрделеніп кетпей ме?

Шет елдерден келген қазақтар «қандас» мәртебесін алғаннан кейін квота бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бір жыл көлемінде отбасының әр мүшесіне тиісті жәрдемақы да төленеді. Сосын шет елден үй заттарын тұратын жеріне дейін мемлекет есебінен көшіруге, шет елдегі жеке автокөлігін утиль және кеден алымсыз алып келе алады. Келгеннен кейін білім алып, мамандануына, ауыл шаруашылығын жүргізуге қажетті жер телімін алуға құқылы.

Сөз жүзінде бәрі жақсы. Осы жерде бір сұрақ туындайды. Ендеше қандастар көші неге еселеп артпайды? Оның бір ғана себебі бар – оларды қоныстандыру өз деңгейінде шешілмей отыр. Қандастар қызығушылық танытатын өңірлерде халық саны көп, әлеуметтік мәселелер дер кезінде шешілмеуде.

Енді қайтпек керек? Өзге елдердегі қандастардың көшін солтүстікке бұру керек. Бұған мемлекеттік деңгейде мән беру маңызды. Солтүстік өңірлерде жұмыс күші аз, қазақ тілді қауым­ның аз болуына байланыс­ты ауылдық жерлердегі қазақ мектептері жабылуда.

Әлем елдерінің тәжірибесін қарайтын болсақ, ХІХ-ХХ ғасырда АҚШ елді индустрияландыруда миграцияға арқа сүйеп, жұмыс күші жетіспейтін штаттарға еуропалықтарды көптеп қоныс­тандырды.

Сырттағы қазақтарға өздері тұрған жерде маманданған кәсіпті дамытуға жағдай істеу керек. Мәселен, Қытайдың қазағы шағын кәсіпорын құруға қабілетті ме, оны ашуға мемлекеттік деңгейде көмек беру керек. Егер Ираннан келгендер кілем тоқуды дамыта ала ма, өзбекті көргенде бау-бақша өсіруге ынталы ма, моңғол жерінен келгенде мал ұстауға епті ме, соған сай жағдай жасау маңызды. Сөйтіп, өзіміздің және Ресейдің ішкі нарығына өткізудің жолын ұйымдастырсақ қайтеді?! Әрине, бұл экономикалық тұрғыда үлкен жеңіспен тең.

Санкция құрсауындағы Ресей сыртқы әлеммен экономикалық байланысты үзді. Қазір ресейліктер біздің елдің солтүстігіндегі сауда орындарына жиі-жиі келіп, керектісін алады. Әрі бұл үдеріс бірнеше жылға созылатыны тағы анық. Олай болса, қандастардың потенциалын пайдаланып, Қостанай, Павлодар және Петропавлды сауда орталығына айналдырудың мүмкіндігі туып тұр. Ол үшін біздің Үкімет жауапкершілік жүгін сезініп, сергектік танытуы керек-ақ.

Ішкі миграцияны жандандыру жолы қандай?

Ішкі миграция мәселесін шешуде Қытайдың саясаты қызықтырады. Қазақстанмен шектесетін Іле-Шыңжаң аймағы мен Ресеймен шекараласатын өңірлерге квота арқылы ішкі өңірлерінен адамдарды қоныстандырып, өндіріс орындарын құрып, ауылшаруашылығы саласын дамытуда. Бұл тәжірибені бізге де ескеру керек секілді.

Енді елдің ішкі миграция­ның маңызына тоқталсақ, оңтүстіктегі  Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облысында 4 миллион 69 мың халық тұрады, ал Қос­танай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында 2 миллион 132 мың адам бар. Бұған оңтүстіктегі Шымкент қаласындағы 1 миллион 112 мың адамды тағы қосыңыз. Енді мына қызыққа қараңыз, Алматы облысының Еңбекші­қазақ ауданында 303 мың адам бар. Елдегі аудандар арасында халық саны бойынша ең жоғары көрсеткіш. Халық тығыздығы – 1 шаршы шақырымға 36 адам. Салыстырып көрейік, Солтүстік Қазақстан облысында 98 мың шаршы шақырымға – 5,7, Павлодар облысында 124,8 мың шаршы шақырымға 6 адамнан келеді. Бір ғана Еңбекшіқазақтағы адам санынан Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысындағы шекаралық аудандардағы тұрғындар саны аз.

2030 жылға қарай солтүстiк өңірлерде халық саны 1 миллионға азайса, оңтүстiкте 5 миллионға көбейедi деген болжам бар. Солай болса, шекаралық облыстардағы құнарлы жерлер егесіз қалмай ма? Оңтүстік өңірлерде онсыз да шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелер күрделеніп кетпей ме? Енді тағы бір мәселені қараңыз, су мамандары оңтүстік және батыс өңірдегі трансшекаралық өзендердің суы сарқылып, су тапшылығы сезілетінін айтуда. Ал солтүстік өңірлерде су мәселе өзекті емес екен. Бұл – өте күрделі мәселе, ойланатын дүние!

Осыны ескерсе керек-ті, 2014 жылдан бастап біздің Үкімет «Еңбек» бағдарламасы арқылы солтүстікке қоныстандыруды қолға алды. Алайда іс өнімді, еңбек нәтижелі дей алмаймыз.

Сөз жоқ, көшін солтүстікке түзейтін азаматтарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Көшудің жол шығынын өтейді, баспанамен қамтамасыз етеді, жұмысқа орналастырады. Алайда бұл жеткілікті ме? Жоқ. Оңтүстікте 120 мың теңге жалақы алып отырған адамдар солтүстікке 130 мың теңгелік жалақыға бола бара ма? Бармайды. Енді не істеу керек?

Біріншіден, «солтүстік жәрдемақысы» коэффициентін енгізгені дұрыс. Мұндай тәжірибе Ресейде бар. Қиыр Солтүстік және оған теңестірілген аймақтағы жұмысшыларға еңбек өтілі үшін «полярлық жәрдемақы» қосылған. Яғни Қиыр Солтүстікте кемінде бір жыл тұрып жатқан 30 жасқа дейінгі жұмысшылар әр алты ай сайын жалақысына 20 пайыз үстемақы қосылады. Яғни 1,5 жылда үстемақысы 60 пайызға жетеді деген сөз. Міне, осындай коэффициент біздің елге де қосса, сонда ондағылар көшіп кетпейді, әрі қоныс аударушылар тұрақтап қалады.

Екіншіден, оңтүстіктен көшкен ағайын, сырттан келген қандас болса, әуелі жер сұрайды. Жер – тіршілік, байлық көзі. Ал басшылар жер мәселесіне келгенде амалсыздық танытып, көзімен жер шұқиды. Сондықтан қоныс аударған отандастарды жер телімімен, егістік алқаппен, жайылыммен қамтамасыз етуді Үкімет қолға алып, шешуі керек.

Үшіншіден, оңтүстікте қыс бір-екі ай ғана болса, солтүстікте алты айға дейін созылады. Демек, жылы аймақта қыста шығын аз болса, солтүстікте шығын екі-үш есе көп болады. Оның үстіне, суық аймаққа барғаннан кейін буын аурулары жиі мазалайды. Мұны да ескерген жөн. Сондықтан осы бағытта мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік пакеттер – отын мен көмірін субсидиялау, дәрі-дәрмекке жеңілдіктер ұсыну маңызды.

Бастысы, солтүстікке көшетін адамдарды ағайын-туысымен немесе достарымен қоныс аударуына жағдай жасаған абзал. Өйткені екі жақтың менталитеті екі түрлі.

P.S: Қысқасы, шекаралық аймақтарда халық санын арттыруды мемлекеттік деңгейде жоспарлап, сыртқы және ішкі миграцияны күшейту – аса маңызды іс. Онсыз елдің тұтастығын сақтап, Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button