Басты ақпаратЖаңалықтар

ИТАЛИЯЛЫҚТАРДЫҢ ИГІ ИДЕЯСЫ



Елорда әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов Италияның Комо қаласынан келген делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар энергетика, инфрақұрылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ, Астананы «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне дайындау мәселесін талқылады деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қосман Айтмұхаметов екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық іс-қимылдың нәтижелілігіне тоқталды.

– Қазақстан мен Италия тығыз достық қарым-қатынас орнатты. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынас салаларында өзара ықпалдастық ету үшін барлық жағдайлар жасалған. Мемлекетаралық байланыстардың әртүрлі деңгейлерінде байланыс белсенді даму үстінде, – деді шаһар басшысының орынбасары.

Апенниндік қонақтар 2017 жылғы көрменің атауына ерекше қызығу­шылықтарын жасырмады. Делегация құрамындағыларға «жасыл энергия» тақырыбы жақын екен. Өйткені, Комо қаласы – белгілі физик, электр ілімінің негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш рет тұрақты ток көзін ашқан ғалым Алессандро Вольтаның туған жері. Электр кернеуінің өлшем бірлігі оның құрметіне аталған. Осы орайда шетелдік қонақтар италиялық павильон аясында электр қуатының даму тарихына арналған экспозицияны ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді.

Қосман Айтмұхаметов бұл ілкімді бастаманы қолдап, «ЭКСПО 2017» көрмесінің баламалы қуат көздеріне қатысты жаңа жобаларға мұрындық болатынын атап өтті.

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button