Ел тынысы

«JOLTAP» жобасымен кәсіп ашты

Астана тұрғыны «JOLTAP» әлеуметтік жобасының арқасында өз кәсібін ашты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Елордада «JOLTAP» әлеуметтік жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба астаналықтарды өзекті мамандықтарға үйретеді және жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасайды. Елорданың 18 бен 50 жас аралығындағы кез келген тұрғыны JOLTAP жобасы аясында керек мамандықтары бойынша қысқа мерзімді оқытудан тегін өтіп, жаңа жұмыс таба алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жоба түлектерінің бірі – 50 жастағы Әсия Шертаева. Ол жоғары оқу орнын экономист-қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Алайда, отбасылық жағдайларға байланысты өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмаған, сондықтан қоғамдық тамақтандыру бағытында жұмыс істеген.

Жоба туралы ол «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункті арқылы кездейсоқ біліпті.
«Осы салада жұмыс істеп жүрген уақытымда өз ойымды және өмірге деген көзқарасымды өзгерткім келді. Сатушы-кассир саласын меңгеріп, басқа жаққа өзгеремін деп ойладым. Кешке үйге келгенде келініммен сөйлескен соң сатушы-кассир ретінде бірге оқуды және болашақта өз бизнесімізді ашу туралы ойға тоқталдық. Осылайша біз модульдік пунктке қайта барып, сатушы-кассир бойынша бір апталық оқуға жазылдық», – деді Әсия.

Оның айтуынша, көптеген адамдар сатушы-кассирдің жұмысы оңай деп ойлайды, бірақ олай емес. Бұл мамандықта үйрену керек көп нәрсе бар.

«Оқытудың өзіндік әдістемесі мен белгілі бір теориялары бар. Жаңа нәрселерді үйрену қашанда маңызды, өйткені біз әлі көп нәрсені білмейміз. Осындай мүмкіндік үшін JOLTAP бағдарламасына алғыс айтқым келеді. Жобаның арқасында барлық қажетті ақпаратты алдық», – дейді Әсия.

Курстың соңында жоба түлектеріне жұмыс беріледі. Әсия Шертаева осымен тоқтамай, өз бизнесін ашып алды.

«Келінім екеуміз сертификат алып, шағын бизнесімізді бастау туралы шешім қабылдадық. Қазір кассалық машина орнатылған азық-түлік дүкеніміз бар. Енді мен бухгалтер мамандығын оқуды мақсат етіп отырмын. Себебі, өзім есеп жасап, құжаттармен жұмыс істегім келеді. Жұмыс барысында біз өз қабілеттерімізді жақсартуға және жаңа нәрселерді үйренуге тырысамыз. Менің ойымша, жаңа нәрселерді үйрену ешқашан кеш емес», – дейді ол.

Қазір Әсия «бухгалтерлік есеп» бағыты бойынша курстың басталуын күтіп жүр.

«Сатушы-кассир курсы бойынша бір апта оқуда барлық қажетті ақпаратты алдық. Бәріне ризамын. Қазір таныстарымның бәріне «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункті туралы айтып, қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтуге кеңес беремін», — деп қорытындылады Әсия Шертаева.

Айта кетейік, «JOLTAP» бағдарламасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылуда. Жоба кез-келген қала тұрғыны үшін қолжетімді. Бүгінгі таңда елорданың 2 мыңнан астам тұрғыны түрлі мамандықтар бойынша оқыту курстарынан өтті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button